Қол өнері кілемде, Сөз өнері өлеңде
Сабақ жоспары
Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі
Пән мұғалімі
Қосанова Жанар Тілеулесқызы
Тақырыбы
Қазақтың ұлттық ою-өрнектерін дайындау реттілігі
Сабақ форматы
Мақсаттары
Білімділік
Ою-өрнек түрлерімен таныстыру, бір бүктеу және қию әдістерін үйрету.
Дамытушылық
Оқушыларды халқымыздың салт-дәстүрі мен қолөнеріне терең үңілдіре отырып, ой-өрісін дамыту.
Тәрбиелік
Эстетикалық талғамын қалыптастыру, өнерге деген ынтасы мен шеберлікке ұмтылысын арттыру; көркемдік пен әсемдіктің құндылығын түсіндіру.
Пәнаралық байланыс
Бейнелеу өнері, тарих.
Көрнекіліктер
- Ою-өрнек түрлерінен жасалған буклеттер, кітаптар
- Слайдтар, үлестірмелі қағаздар
- Бағалау парағы, қолөнер бұйымдары
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Сабаққа назар аударту.
- Оқушыларды екі топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып бойынша графикалық диктант орындалады.
Нұсқаулық
- 1Бір жолға сыятындай етіп, арақашықтығы бірдей 11 нүкте белгілеңдер.
- 2Екі нүктенің арасын 1-ден 10-ға дейін нөмірлеңдер.
- 3Сұрақ дұрыс болса — екі нүктенің арасын сызықпен (-) қосыңдар, дұрыс болмаса — бұрышпен (^) белгілеңдер.
Сұрақтар (10)
- Инешаншым — иненің екі шаншымының арасындағы жіптің өрімі.
- Тігім — қайталанған инешаншымдар қатары.
- Инешаншымның ұзындығы иненің ұзындығымен бірдей болуы керек.
- Жұмыс соңында жұмыс үстелін жинау қажет.
- Оймақ — болаттан жасалған, бір ұшы үшкір, екінші ұшында көзі орналасқан зат.
- Қайшы — киім бөлшектерін пішуге және жіптің ұшын қиюға арналған құрал.
- Ине, қайшы, оймақ, сантиметрлік таспа — қол жұмысы кезінде қолданылатын құрал-жабдықтар.
- Жұмыс үстеліне қисайып немесе қатты еңкейіп отыру керек.
- Тігін машинасымен тігіп болғаннан кейін уақытша инешаншымдарды матадан алып тастауға болмайды.
- Көктеу — бірінің үстіне бірі қойылған екі бөлшекті уақытша тік инешаншымдармен біріктіру.
Тақырыпты ашу: сөзжұмбақ
Сөзжұмбақты шешу арқылы бүгінгі сабақтың негізгі ұғымы анықталады: «ою-өрнек».
Сөздер қатары
ҚАМЗОЛ • АЮ • КӨЖЕ • ТОРСЫҚ • АЙРАН • БІЛЕЗІК • БЕСІК
Сұрақтар
- Жеңсіз жеңіл киім.
- Маймақ аң.
- Жеті түрлі дәнді дақылдан сүт қосып пісірілетін сұйық ас.
- Теріден жасалған, қымыз құятын ыдыс.
- Ұйытылған сүт.
- Сәндік үшін білекке тағылатын әшекей бұйым.
- Нәрестеге арналған ағаш төсек.
III. Жаңа сабақ
Қазақ халқының асыл қазынасының бір саласы әрі ұлттық болмысын айқындайтын өнер түрі — ою-өрнек. Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады: ол ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үздіксіз дамып келеді.
«Ою» және «өрнек» сөздерінің бірігуі латын тіліндегі ornament ұғымымен мағыналас. Ою-өрнектің гүлденуі халықтың күнделікті тұрмысы, өнері мен әдет-ғұрпымен тығыз байланысты.
Негізгі анықтама
Ою — бұйым бетіне түсірілген өрнекті кесу арқылы өңдеу.
Киіз үймен байланыс
Қазақ халқы көшпенді тіршілікте жазда жайлауда, қыста қыстауда киіз үйде өмір сүрді. Сол өмір салтымен бірге ою-өрнек те тұрмысқа терең сіңді.
Үш «киіз үй» әдісі
Сабақ барысында оқушыларды ою-өрнек әлеміне жетелеу үшін үш «киіз үйге» кезекпен кіріп-шығу тәсілі қолданылады: түсіну, танысу, шеберлену.
Қызықты дерек
Өнертанушы В. Чепелев: «Қазақтар тек ою-өрнек әлемінде өмір сүрген сияқты», — деп атап көрсеткен.
1-киіз үй: Ою-өрнектің қызметі
Ою-өрнек не үшін қолданылады?
Тұрмыста бұйым бетін әшекейлеуге арналған нақыш ретінде қолданылады.
Қандай заттарға салынады?
Негізгі элементі көбіне мүйіз тектес болып келеді; ою-өрнек өру, тігу, құрау, қию арқылы үй жиһаздарына, зергерлік бұйымдарға, кілем, сырмақ, текемет, қоржын, ыдыс-аяқ, киім-кешекке кеңінен қолданылады.
2-киіз үй: Түрлер әлемі
Ою-өрнектің атауы мен түрі өте көп. Ғалымдар бүгінге дейін 200-ге жуық түрін анықтаған. (Слайд, үлгілер көрсетіледі.)
Әр түрлі өрнек үлгілерін жасаушы, қазақ ою-өрнегінің шебері — оюшы.
3-киіз үй: Шеберханаға шақыру
Ою үлгісін жасау дәстүрі көбіне әжелерімізден, аналарымыздан, әпкелерімізден үйрену арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Енді біз де ою қиып көріп, осы өнерді тәжірибе арқылы меңгереміз.
IV. Сарамандық жұмыс
Жұмбақ арқылы құралдарды табу
Бар екен дүниеде жалғыз көзді,
Сол көзбен дүниенің бәрін кезді.
Әлемді он сегіз мың киіндіріп,
Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.
Жауабы: Ине
Екі басты жалмауыз,
Керіп аузын ашады.
Алдына түскен нәрселер,
Өзінен өзі қашады.
Жауабы: Қайшы
Қауіпсіздік ережелері
Қайшымен жұмыс
- Қайшыны арнайы қобдишада сақтау.
- Қайшыны жолдасыңа үшкір ұшымен бермеу.
- Қайшыны ашық қалдырмау.
- Жұмыс кезінде жолдасыңның көңілін бөлмеу.
- Қайшыны ойыншық ретінде қолданбау.
Инемен жұмыс
- Инені ауызға салмау.
- Инені ине қадағыш көпшікке немесе жіпке қадау.
- Инені сабақтағанда тым ұзын жіп алмау (жіп ұзындығы саусақ пен шынтақ арасына сай болуы керек).
Практикалық бөлімде оқушылар мүйіз оюын қиюды үйренеді және оюды матамен жұмыс арқылы бекітеді.
1-тапсырма (топтық)
Қағаздан қиылған оюды мақпал матаға бастырып, қиып алып, шыт матаға көктеп тігу.
Топтарға бөлу
- 1-топ: «Қошқармүйіз» оюын қию
- 2-топ: «Сынықмүйіз» оюын қию
2-тапсырма
«Ою», «өнер», «еңбек» тақырыптарында мақал-мәтел айтып жарысу.
3-тапсырма: мақалдың жалғасын табу
- Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
- Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын.
- Ою ойсаң ойланып, өсер сенің өрісің.
- Кедейлік деп қысылма, өнерің болса қолында.
- Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық.
- Еңбек үйренемін десең ерінбе, өнер үйренемін десең жерінбе.
- Талаппен бастап, талғаммен аяқта.
- Бас тымақтың үлгісі — өнер еңбектің жемісі.
- Шебер өлмес, өнер сөнбес.
- Қол өнері — кілемде, сөз өнері — өлеңде.
- Олақ адам от жаға алмас.
- Шеберді жеңген жұмыс жоқ.
- Сабыр мен еңбек бәрін де жеңбек.
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ.
4-тапсырма: сұрақтарға жауап
- Қазақ оюының ең кең тараған түрі қайсы?
- «Ою» дегеніміз не?
- Ою-өрнектің қанша түрі бар?
- Ою-өрнек неше топқа бөлінеді және олар қандай?
Талқылау барысында жауаптарды нақтылау және дәлелдеу ұсынылады (мысалдар, тұрмыстық қолданылуы, негізгі элементтері).
V. Сабақты қорытындылау
Рефлексия «Ізгілендіру диаграммасы» арқылы жүргізіледі. Оқушылар жабыстырғыш қағазға ойларын жазып, тақтаға орналастырады.
Не білдім?
Бүгінгі жаңа ақпарат пен ұғымдар.
Не үйрендім?
Қию, көктеу, қауіпсіздік және топтық дағдылар.
Нені білгім келеді?
Ою түрлері, шығу тегі, қолдану аймағы.
Мұғалім оқушылардың жұмыстарын қарап, қателерін түзетеді және орындалу сапасына кері байланыс береді.
VI. Бағалау
- Әр дұрыс жауап үшін жинаған бағалау парақтары негізінде бағалау.
- Сарамандық жұмыс нәтижесі: оюды дәл қию және матамен сауатты тігу сапасын ескеру.
- Ең белсенді топты бағалау парақтарын есептеу арқылы анықтау.
VII. Үй тапсырмасы
- Өзіңе ұнаған ою-өрнек түрімен бір бұйымды көркемдеп безендіріп кел.
- Ою-өрнек түрлері туралы мәліметті оқып кел.