Авторлық бағдарлама

Авторлық бағдарлама: Promethean-ның ActivClassroom интерактивті сыныбын сабақты түсіндіруде пайдалану

Үздік білім ресурстары мен технологияларға білім беру үдерісінің барлық қатысушылары үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мектептерде орнатылған ActivClassroom интерактивті сыныбын тиімді пайдалану — бүгінгі күннің талабы.

Сандық технология дәуірінде дүниеге келген қазіргі оқушылар кітап оқудан гөрі электронды құрылғыларға көбірек қызығады. Ғаламтор, планшет, ұялы телефон, ноутбук пен компьютер қолжетімді заманда оқушының назарын сабаққа аудару оңай емес екені әрбір ұстазға белгілі.

Қазақстанның көптеген мектептерінде орнатылған ActivClassroom интерактивті сыныбы осы мәселенің тиімді шешімі бола алады. Алайда біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып жүрміз бе, әлде құрылғылар мен бағдарламалық жабдықтаманың қыр-сырын әлі де терең меңгере алмай жүрміз бе?

Қазақ тіліндегі контенттің аздығына байланысты ActivClassroom жүйесін жүйелі әрі түсінікті сипаттайтын әдістемелік көмектің жеткіліксіздігі байқалады. Ұсынылып отырған әдістемелік құрал ActivClassroom интерактивті сыныбын меңгергісі келетін әрбір адамға арналған: мазмұны ықшам, түсінікті және нақты нұсқаулықтармен толықтырылған.

Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері

  • Оқу үдерісінде Promethean интерактивті технологияларын пайдалануды үйрену.
  • ActivInspire бағдарламалық жабдықтамасын қолдануға машықтану.
  • Интерактивті сабақты көрнекі әрі тиімді дайындау қағидаларын айқындау.
  • Интерактивті сабаққа флипчарт дайындауға машықтану.
  • Оқушының танымдық қабілетін белсендіру және әр сабаққа қызығушылығын арттыру.

Осы бағдарлама арқылы сіз интерактивті сабақты тиімді ұйымдастыруды, сондай-ақ сапалы флипчарт әзірлеуді үйренесіз.