Құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер

Сабақтың тақырыбы

Ылғал сүйгіш және су өсімдіктері. Құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ылғал сүйгіш, су және құрғақшылыққа төзімді өсімдіктердің өніп-өсу ортасы туралы түсінік қалыптастыру. Тақырыпты терең әрі жан-жақты, оқушыға түсінікті тілмен меңгерту.

Дамытушылық

Оқушылардың өздігінен іздену дағдыларын дамыта отырып, пәнге және жалпы білім алуға қызығушылығын арттыру.

Тәрбиелік

Табиғатты сүюге, оған ұқыппен қарауға және қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Сабақтың ресурстары мен ұйымдастырылуы

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Үлестірмелі материалдар
  • Плакаттар

Әдістер мен формат

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Талдау

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, ана тілі, бейнелеу өнері

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Қайырлы күн, оқушылар!

Бейсенбінің сәті сәттілікке толсын.

Бүгінгі алған бағаң кілең бестік болсын.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Бағдарлаушы сұрақтар

  • Сұрақ: Біз қазір қандай тірі табиғат иесімен танысып жүрміз?
  • Жауап: Өсімдіктер әлемімен.

Негізгі мақсат

Оқушылардың өсімдіктің өсуі үшін қандай жағдайлар қажет екенін және олардың тіршілік ету ортасын түсінуі. 2–3 оқушының ауызша жауабы тыңдалады.

Қайталау

Сұрақ: Өсімдіктер неше топқа бөлінеді?

Жауап: 3 топқа.

Топтар: ағаш, бұта, шөп.

Жұмбақтар (топтарға орналастыру)

Күннің көзін сүйемін, күнге басымды иемін. Күннің көзі болмаса, бұғып қана өсермін.

Жауабы: Күнбағыс — шөп.

Өсірер тың дала, көшірер қамбаға. Айналар ұнға да, айналар нанға да.

Жауабы: Бидай — шөп.

Іші толған шәрбат, дәмі қандай әйбәт. Үзесің бірден жүзін, оның аты — ...

Жауабы: Жүзім — бұта.

Сырты қандай қатты, дәні сондай тәтті. Шағып қара таңдап, оның аты — ...

Жауабы: Жаңғақ — ағаш.

Жапырақты тасалап, өсетін жері — бақша-бақ. Күрең қызыл, шіркін-ай, оның аты — ...

Жауабы: Таңқурай — бұта.

Пісетін кезі — дәл күзде, мезгілсіз оны үзбе. Аузыңнан кетпес бал дәмі, оның аты — ...

Жауабы: Шабдалы — ағаш.

Тірек білімді өзектендіру

Тапсырма

Әртүрлі тамырлардың суретін салыңдар.

Сұрақ

Қалай ойлайсыңдар, өсімдіктер қандай ортада өседі? Оны тамырына қарап анықтауға бола ма?

III. Жаңа сабақ

Оқулықпен жұмыс: мәтінді оқу, оқығанды талқылау, негізгі ойды бөліп алу.

Негізгі ұғым

Ылғал сүйгіш өсімдіктер

Көп өсімдіктер топырақтың ылғалды болуын қажет етеді. Мысалы, шалғындық беде, бақбақ, қоңырбас ылғалы жеткілікті жерде жақсы өседі.

Белгілері: тамыры онша ұзын емес, шашақты; жапырағы жалпақ. Жапырақтағы саңылаулар (қақпақшалар) ашылып-жабылып, булануды реттейді.

Негізгі ұғым

Су өсімдіктері

Тоғандар мен көлдердің бетінде қалықтап өсетін сарғалдақ пен тұңғиық — су өсімдіктеріне жатады.

Тұңғиық туралы: тез өседі, шамамен әр үш күн сайын жаңа жапырақ шығарады. Гүлі ақ, алқызыл, күлгін көк немесе қанық қызыл болуы мүмкін.

Қазақстанда аз мөлшерде Жайық өзені маңында кездеседі.

Негізгі ұғым

Құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер

Жантақ пен сүттіген сияқты өсімдіктер ылғалы өте аз, аптап ыстық өңірлерде өседі. Мұндай жерлерде су көбіне топырақтың терең қабаттарында ғана болады.

Бейімделуі: жапырағы ұсақ әрі сирек, бұтақшалары тікенді; ылғалды үнемдеп пайдаланады.

Мысалдар: жантақ, сүттіген, жүзген, сексеуіл.

Қызықты дерек: тұңғиық гүлі туралы оқиға

Англияның Кью қаласындағы ботаника бағында тұңғиық гүлдейді деген хабар тек бақ қызметкерлеріне ғана емес, суретшілер мен тілшілерге де жетеді. Гүл ашылар сәтте жылыжайға адам көп жиналғаны айтылады.

Атақты ботаник Н. Ф. Золотницкий 1887 жылы: «Гүлдің ірілігі мен әдемілігі көз алмайтындай. Гүл ашылысымен жылыжайға тараған жағымды хош иіс адамды рахатқа бөледі», — деп жазған.

Білгенге маржан: күнбағыс

Күнбағыс — құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Қазақстанның көп өңірінде өседі. Тұрмыста дәні көбіне шекілдеуік ретінде тұтынылады, алайда негізгі өнім — сапалы май.

Пайдасы: май сығылғаннан кейін күнжара қалады; ол жылқы, сиыр, қойға жем. Сабағын турап, булап шошқаға береді. Себетін кептіріп, ұнтақтап та мал азығына қолданады.

Ылғал сүйгіш дақыл: бұрыш

Бұрыш — жылу мен ылғалды сүйгіш өсімдік. 200 грамм бұрыш ересек адамның С дәруменіне тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар бұрышты көптеген тағамдарға қосады: лечо, фаршталған бұрыш, сорпалар, тұздықтар, салаттар.

Ақ сексеуіл: шөлге бейімделген өсімдік

Таралуы

Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында өседі.

Сипаттамасы

Көпжылдық өсімдік, биіктігі шамамен 5 метр.

Тамыры

Кіндік тамыры ылғал аз кезде 11 метрге дейін тереңдей алады.

Қыста жас өркендерін қой мен түйе жақсы жейді. Ақ сексеуіл Маңғыстау облысының Қызыл кітабына енгізілген.

Сергіту сәті

Күз желі ызғарлы,

Гүлдері солдырды.

Жапырағын түсіріп,

Ағаштарды тоңдырды.

Кестемен жұмыс

Төмендегі кестені толтырыңдар: өсімдіктің аты, өсу ортасы, тамырының пішіні.

Өсімдіктің аты Өсу ортасы Тамырының пішіні
     
     
     

Шағын мәтін және сұрақтар

Гүл өсірем аулада,

Шелектеп су тасимын.

Гүл күткенді біледі,

Бойын сылап күледі,

Жұпар исін шашады.

Балаларға жұлдырмай,

Қой-ешкіге жегізбей,

Күнде қарап тұрамын.

Анам үйге келгенде,

Гүл сыйлаймын күнде мен.

Сұрақ 1

Гүл өсіру үшін бала не істеді?

Сұрақ 2

Егер ол гүлді қорғамаса, не болар еді?

Топтық жұмыс (талқылау және сахналау)

1-топ

Табиғат-Ана бізге не үшін жасыл желек өсімдіктерді сыйға тартады?

2-топ

Егер өсімдіктермен тілдесе алсаң, не айтар едің?

3-топ

Өсімдік саған не айтады деп ойлайсың?

Мақалдың мазмұнын түсіндіру

Шөлге құдық қазған — сауап, өзенге көпір салған — сауап, жолға ағаш еккен — сауап.

Мақалдың түйіні — табиғатқа пайдалы іс жасау, қоғамға қызмет ету және игілік қалдыру әрқашан құнды.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Сабақты қорытындылау

Негізгі ұғымдарды қайталау: ылғал сүйгіш, су және құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер; бейімделу белгілері.

Бейнетаспамен жұмыс

Тақырыпқа сәйкес бейнематериал қарау және қысқаша талқылау.

Үй тапсырмасы

Мәтіннің мазмұнын айту. Негізгі мысалдарды (өсімдік—орта—бейімделу) келтіру.

Бағалау: сабақтағы белсенділік, жауаптың дәлдігі, топтық жұмысқа қатысуы ескеріледі.