Бесікке салу - Жаңа туған баланы бесікке салу

«Салт-дәстүрім — таусылмайтын байлығым»

Мақсаты — оқушыларды халқымыздың рухани байлығын игеруге, ұлттық озық дәстүрден үлгі алуға баулу және ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерді дәріптеу.

Дамытушылық

Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті бесіктің бала өміріне пайдалы екенін ұғындыру, ұлттық құндылықтардың үлгі-өнегесін балалар бойына сіңіру.

Тәрбиелік

Өз ұлтына, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Көрнекілігі

Салт-дәстүр бұйымдары, слайдтар және қосымша материалдар.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Қай заманда да адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы — өз ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Балаларды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік және білім-танымдық рөлі орасан зор.

«Жер астында жатқанды қазбай қарап, тіл табар» деп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтап келеді. Өнерлі халық — өміршең халық.

3-сынып оқушылары ата-аналарының қатысуымен қазақтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, ұлттық мұрасына арналған «Салт-дәстүрім — таусылмайтын байлығым» атты ашық сабақты тамашалауға шақырады.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Ассалаумағалейкум, халқым менің!
Ардақты дәстүріңді, салтыңды елім.
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбектің жемісін бәрің көргін.

2-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, ата-аналар!
«Салт-дәстүрім — таусылмайтын байлығым» атты ашық сабағымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші

Егемен еліміздің болашағын қалыптастыру үшін халқымыздың тарихын, ғасырдан ғасырға жалғасқан мұрасын, мәдениетін және әдет-ғұрпын білуіміз керек.

2-жүргізуші

Мәнге толы қазағымның ғұмыры —
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
Кеше ғана керексіз деп тастаған,
Ғажап екен әдебі мен ғұрпы.

Салт-дәстүрлер туралы қысқаша түсінік

Шілдехана

Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын той.

Бесікке салу

Жаңа туған баланы бесікке бөлеу дәстүрі. Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы.

Қырқынан шығару

Бала туғанына қырық күн толғанда, ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Бұл — сәбидің жан-жүйесі қалыптасып, дені сау болып өсуіне арналған ақ тілек.

Тұсаукесер

Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып.

Ат қою

Жаңа туған сәбиге беделді адамдарға ат қойғызып, бата алу дәстүрі.

Айдар

Ер балаға арналған ғұрып: төбе шашын өсіріп, кейде моншақ араластыра өріп қою.

Кекіл

Жас баланың шашын алып, маңдай тұсына бір шөкім шаш қалдырып, жиегін тегістеп қию.

Базарлық

Алыс сапардан келген адамның жақындарына әкелген сыйлығы.

Байғазы

Балалардың, жастардың жаңа киімі не затына байланысты берілетін ақшалай немесе заттай сый.

Тілашар

Бала 7 жасқа толғанда жаңа киім кигізіп, оқу құралдарын дайындап, шағын той жасау дәстүрі.

Асату

Ет желініп болған соң, төрде отырған ақсақалдың табақта қалған етті балалар мен жас жігіттерге ауыз тигізуі.

Сүйінші

Қуанышты хабар жеткізген адам «Сүйінші!» деп келеді. Үй иесі разылығын білдіріп, қалағанын береді немесе сыйлық ұсынады.

Шашу

Қуаныштың айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр.

Ерулік

Жаңа көшіп келген көршілерге бұрыннан тұратындардың қонақасы беруі.

Енші

Балалар ер жетіп, жеке отау тіккенде ата-анасының дүние-мүлік, мал беріп, енші шығарып бөлуі.

Аманат

Бір адамның екінші адамға тапсырып жіберген заты. Аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Сыбаға

Құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнайы сақталған кәделі ет мүшелері.

Жеті ата

Халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білу міндет екенін ұқтырған. (Оқушылар өз жеті атасын атап шығады.)

Сұрақ-жауап: «Айдар» дәстүрі

Сұрақтар

  • Балалар, біздің мектебімізде айдар қойған оқушы бар ма?
  • Ендеше, сол оқушының ата-анасын ортаға шақырайық.
  • Балаңызға айдарды не үшін қойдыңыз?
  • Оның мәні неде?

Жауап үлгісі

Айдар — ер балаға қатысты ұлттық ғұрып. Оның мәні — баланы көз тиюден сақтауға, ерекшелігін айқындауға, әрі ұлттық дәстүрге құрмет көрсетуге деген ниетпен байланысты.

Рахмет сізге!

Қорытынды сөз

Ата салтым — асыл мұрам, ардағым,
Бабаларым жалғап өткен арманым.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.

Барлығымыз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, құрметтейік.