Электр тогы тобы

Байқаудың мақсаты

Бұл интеллектуалды-танымдық ойын физика және электротехника саласына қызығушылықты арттыруға, оқушылардың бәсекелестік қабілетін шыңдауға және ойы жүйрік, белсенді қатысушыларды анықтауға бағытталған.

Өткізілу тәртібі

«Қызықты электр әлеміне саяхат» атты ойын бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезеңде ұпай жинау ережесі нақты белгіленген, ал қарсы топқа жауап беруге мүмкіндік қарастырылған.

I кезең — Таныстыру

Ең жоғары ұпай: 10

Әр топ өз атауын және ұранын айтып, қысқаша таныстырады.

II кезең — Бәйге

Дұрыс жауап: 5 ұпай

Әр топ басшысына жеке-жеке 4 сұрақ қойылады және топқа 1 жұмбақ беріледі.

III кезең — Дода

Ойлану уақыты: 1 минут

Тақтада нөмірленген ұяшықтар беріледі. Әр топ қалаған ұяшықты таңдап, сәйкес сұрақты ашады. Таңдалған санға сай ұпай қосылады.

Қысқыш

10 ұпай

Жеңіл сұрақтар.

Қармауыш

20 ұпай

Орташа деңгейдегі сұрақтар.

Ажыратқыш

30 ұпай

Күрделірек сұрақтар.

Мегаомметр

40 ұпай

Қиын сұрақтар (бейнесұрақ болуы мүмкін).

Ескерту

Қарсы топ жауап беруге құқылы. Егер қарсы топ дұрыс жауап берсе, ұпай сол топқа беріледі.

IV кезең — «Қатесін тап»

Дұрыс жауап: 10 ұпай

Топ мүшелеріне 2 минут уақыт беріледі. Сол уақыт ішінде берілген тәжірибедегі қателікті тауып, түсіндіріп береді.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Армысыздар, қадірлі ұстаздар және білім мен өнерге құштар оқушылар! Халқымызда «жақсы бастама жалғасын тапса — сәтті болғаны» дейді. Бүгінгі көңілді топтар сайысы сіздердің көңілдеріңізден шығып, қуаныш сыйласа, оны ұйымдастырған біз де қуанамыз.

Еліміздің болашағы — жастар. Адам баласы өз орнын білім мен ғылым арқылы табады. Болашақта білім теңізін еркін меңгерген азаматтар ғана еліміздің тірегі мен сүйініші боларына сенеміз.

Осы мақсатта «Қызықты электр әлеміне саяхат» атты интеллектуалды-танымдық ойынымызға қош келдіңіздер!

II кезең — «Бәйге»: сұрақтар

«Бәйгеге түсіп жарыспай, жүйріктің бағы жанар ма? Бұл бәйге — ойдың бәйгесі. Кім жүйрік — сол алда». Төменде топ басшыларына қойылатын сұрақтар мен жауаптар берілген.

I топ — «Электр тогы» (топ басшысы: Талант)

  1. Ауалық желі элементтеріне не жатады? Жауабы: тірек, оқшаулама, арматура.
  2. Айнымалы токты тұрақты токқа айналдыратын құрылғы? Жауабы: түзеткіш.
  3. Тұрақты ток генераторының қозғалмалы бөлігі? Жауабы: зәкір (якорь).
  4. Индуктор дегеніміз не? Жауабы: магнит өрісін тудыратын қондырғы.
  5. Жұмбақ: Бойындағы зарядты ұзақ уақыт сақтайды. Реленің күшімен бүлдірместен батпайды. Жауабы: аккумулятор.

II топ — «Жарық» (топ басшысы: Бақдәулет)

  1. Жарық техникасының негізгі көрсеткіші қалай аталады? Жауабы: номиналды кернеу.
  2. Электрленуді байқауға арналған аспап? Жауабы: электроскоп.
  3. Төменгі кернеуге қанша вольтқа дейінгілер жатады? Жауабы: 1000 В-қа дейін (1000 В-тан төмен).
  4. Электр аспаптарына нелер жатады? Жауабы: тістеуік, монтер пышағы, қысқыш, жұмыр қысқыш, бұрауыш және т.б.
  5. Жұмбақ: Күш көбейсе артады, ауадан артқа тартады. Жүзі жұқа үшкір зат — одан бірақ қорқады. Жауабы: қысым.

III топ — «Кернеу» (топ басшысы: Мейірман)

  1. Ток күшін өлшейтін құрал? Жауабы: амперметр.
  2. Электр энергиясын механикалық энергияға ненің көмегімен айналдырады? Жауабы: электр қозғалтқыштардың көмегімен.
  3. Жоғары кернеуге қандай вольттар жатады? Жауабы: 1000 В-тан жоғары.
  4. Қандай материалдар ток өткізбейді? Жауабы: оқшаулағыштар (пластмасса, әйнек, резеңке, құрғақ ағаш, фарфор).
  5. Жұмбақ: Қозғалысқа келтіріп, жылдамдығын береді. Өлшемдерін қарасаң, Ньютонға келеді. Жауабы: күш.

III кезең — «Дода»: сұрақтар жинағы

Бұл бөлімде ұяшықтар деңгейіне сәйкес сұрақтар ұсынылады. Қажет болған жағдайда бейнесұрақ қолданылуы мүмкін.

10 ұпай — Қысқыш

Электромагниттік өрісті сипаттайтын шама қалай аталады?

Жауабы: индукция.

Қарапайым электр тізбегі неше элементтен тұрады?

Жауабы: 4 элементтен тұрады: 1) ток көзі, 2) ажыратқыш, 3) электр өткізгіш, 4) қабылдағыш.

Токтың күшін және ағысын реттейтін аспап?

Жауабы: реостат.

20 ұпай — Қармауыш

Электр желісіне ұшып келіп қонған құсқа токтың әсері неге білінбейді?

Жауабы: құстың денесі мен аяқтары арасындағы потенциал айырмасы өте аз (құс өткізгіштің бір нүктесіне ғана «қосылған»).

Ауыл шаруашылығы өндірісінде электр жылуы қандай процестерде қолданылады?

Жауабы: жұмыртқаларды инкубациялауда; мал төлдері мен құс балапандарын жергілікті жылытуда; суару жүйесіндегі суды жылытуда; ауыл шаруашылығы өнімдері мен жем-шөпті электр жылуымен кептіруде; мал және құс қораларын, өндірістік ғимараттарды жылытуда.

Электр пешін қосқанда пәтердегі шамның көмескіленіп, кейін қайта жануы неліктен?

Жауабы: бастапқы сәтте ток күші артып, жеткізу сымдарында кернеу түсуі көбейеді; кейін режим тұрақтанғанда кернеу қалпына келеді.

30 ұпай — Ажыратқыш

Электр желісіндегі кернеу өзгермеген жағдайда бірдей электр плиталарын параллель қосудан тізбектей қосуға ауыстырса, жалпы қуат қалай өзгереді?

Жауабы: 4 есе кемиді.

Аккумуляторды зарядтау кезінде оның қақпақтарын неге ашып қояды?

Жауабы: зарядтау кезінде сутегі мен оттегі бөлінеді; қақпақ жабық болса, жиналған газ қысымы артып, аккумуляторды зақымдауы мүмкін.

Электр шамы көбіне ток көзіне қосу кезінде неге жанып кетеді?

Жауабы: қосылған мезетте іске қосылу тогы номиналдан бірнеше есе жоғары болады, себебі суық күйдегі қыл сымның кедергісі төмен.

40 ұпай — Мегаомметр (бейнесұрақ)

Мегаомметр дегеніміз не?

Жауабы: оқшауламаның жарамдылығын және кедергісін, жерлендіру сапасын, сондай-ақ кабель оқшаулағышының тұтастығын тексеретін құрылғы.

IV кезең — «Қатесін тап»: тәжірибелер

Бұл кезеңде топтарға бөлінген оқушылар берілген тәжірибедегі ақауды тауып, оның себебін түсіндіреді.

№1 тәжірибе

Ақауы: розеткаға жалғанбаған.

№2 тәжірибе

Ақауы: қысқыштың бір сабында резеңке оқшаулағышы жоқ.

№3 тәжірибе

Ақауы: ажыратқыш (выключатель) жалғанбаған.

Қорытынды және марапаттау

Сайыс өз мәресіне жетті. Ендігі кезекте әділ қазылар алқасынан топтардың бағасын тыңдаймыз және қорытынды нәтижені жариялаймыз.

«Қызықты электр әлеміне саяхат» атты интеллектуалды-танымдық ойынымызда жеңіске жеткен топты құттықтаймыз! Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға рақмет. Сау-саламат болыңыздар!

Жылы тілек

Ойынға қатысушы барлық топтарға сәттілік тілейміз. Білімдеріңіз артып, ізденістеріңіз нәтижелі болсын!