Ұлттық мектептегі тәрбиенің негізгі міндеттері

Алматы облысы, Қарасай ауданы, М. Ғабдуллин атындағы орта мектеп (мектепке дейінгі шағын орталығымен) коммуналдық мемлекеттік мекемесінің математика және информатика пәнінің мұғалімі — Ж. Темиргалиева.

Менің пайымдауымдағы білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру

Қай уақытта да, қай ұлттың болсын көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды азаматтарын толғандырып келген өзекті мәселелердің бірі — ұлттық білім беру. Ұлттық білім берудің ғылыми негізін қалаған белгілі ағартушылар мен ғалым-педагогтар қатарында Я. А. Коменский, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев бар.

Ұлттық білімнің өзегі: «қажетті білім»

К. Д. Ушинский «Орыс мектебін орыс мектебі қылу қажеттілігі туралы» мақаласында сол кездегі орыс мектебінің кемшіліктерін сынай отырып, Швейцария, Германия, Англия және Америкада білімнің үш түрге бөлінетінін атап өтеді: қажетті, пайдалы, ұнамды. Оның пайымдауынша, ұлттық білімнің негізіне ең алдымен қажетті білім алынуға тиіс.

Қажетті білім — баланың жанына алдымен негіз болып ұялануы керек іргелі білім. Әр адамға қажет саналатын мұндай білімге: өз тілінде оқи білу, жаза білу, санай білу, өз дінінің негізін білу, өз Отанын тану жатады.

Бұл ойлар бүгінгі ұлттық мектептерге, соның ішінде жаңадан қалыптасып келе жатқан Қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесіне де тікелей қатысты. Білім берудің жансыз, дәрменсіз болуының басты себебі — ұлты мен дербестігінің әлсіреуінде. Әрбір білім беру орны адам тәрбиелеуді жалпы міндет тұтқанымен, ел ең алдымен оны белгілі бір елдің азаматы етіп, сол қоғамның талабына сай тәрбиелеуге міндетті.

Білім жүйесінің қоғамдық жауапкершілігі

Ұлт болмысына негізделген бағыт

Бағыт — сол ұлттың мінезі мен болмысына тәуелді болуы тиіс. Білім беру қоғамдық күйзеліс жағдайында, дәстүрлер құлдыраған кезде отбасының жоғалтқан кейбір міндеттерін өзіне алып, ұлттың әлеуметтік денсаулығын сақтап қалуға ұмтылуы қажет.

Ұлттық негізсіз — жалпыадамзаттық қызмет те толық емес

Білім мен тәрбиенің негізі міндетті түрде ұлттық болмай, өз Отаны алдындағы борышын өтеу, жалпы адамзатқа толыққанды қызмет ету қиын. С. И. Гессеннің пікірінше, білім беру жүйесі ғылымдық, көркемдік және адамгершілік талаптарға сай келгенде ғана шынайы ұлттық сипатқа ие бола алады.

Ұлттық білім мазмұны қандай болуы тиіс?

А. Я. Данилюктің пайымдауынша, ұлттық білім беру — оқушылардың әлемдік мәдениет аясында ұлттық мәдениетті меңгеруіне, әрі оны шығармашылық тұрғыдан дамытуына бағытталған әлеуметтік қызмет атқаратын білім жүйесінің гуманитарлық құрамдас бөлігі.

Ұлттық білім жүйесінің негізін, ең алдымен, гуманитарлық пәндер құрайды деп ойлаймын. Өйткені гуманитарлық білімнің басты міндеті — объективті тарихи-мәдени үдерістермен үндесе отырып, оқушылардың отандық мәдениет туралы танымын қалыптастыру. Бұл пәндер мәдениетті сол қалпында сақтап қана қоймай, оның дамуын да қамтамасыз етеді. Мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа осы арқылы жалғасады.

Қорыта айтқанда, басқа мәдениетті өз мәдениетіміз арқылы қабылдау қағидасы жүзеге асырылуы керек. Оқушының жанын, көкірегін тазалап тәрбиелемей тұрып, оған математиканы ұқтырудың да, шет тілін жаттатудың да мәні кемиді.

Ұлттық білім орнының белгісі

Ұлттық білім орны деп өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін, әдебиетін оқытатын орынды айтамыз. Оның басты белгісі — онда халықтың ұлттық рухы болуы. Ұлттық сипат білім берудің барлық түрінен ғана емес, тәрбие жұмыстарының бүкіл мазмұнынан көрінуі қажет.

Ұлттық мектептегі тәрбиенің негізгі міндеттері

  1. 1 Оқушыны ұлт алдында тұрған ерекше істерді шешуге даярлау.
  2. 2 Өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу; түп-тамырынан үзіле жаздаған ұрпақты ата-баба салты, дәстүрі және әдет-ғұрпымен қайта табыстыру.
  3. 3 Тәрбие жүйесін ұлттық мәдениет пен ұлттық педагогикаға негіздеу.
  4. 4 Ұлттық білім беру тұжырымдамасын жасауда ұлт саны, орналасу аймақтары, оқулық шығару мүмкіндіктері сияқты факторларды ескеру.

Ұлт болашағы мен ұлт өкілінің тағдыры өзара тығыз байланысты, бір-біріне тәуелді. Сондықтан қазіргі қазақ мектебінде ұлттық білім беру — ұлттың болашағына сәуле шашумен тең.

Ағартушылық сабақтастығы және ұлттық жүйе идеясы

Бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалысты ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедұлы, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаевтар жалғастырды. Қазақ халқының іргелі ел болуы үшін олар ұлт тілі мен әдебиеті, мектебі мен баспасөзінің аса қажет екенін қоғам назарына ұсынды. Білім берудің ұлттық жүйесі болуы үшін онда сол халықтың қаны мен жаны, рухы болуы тиіс деген тұжырымды бекітті.

Ұлттық білім берудің моделі: мақсат, міндет, мазмұн, әдіс, нәтиже

Мақсаты

Жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге ізгі тәрбиені қоса беру. (М. Дулатов)

Міндеттері

  • 1) Баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіріп, ана тілін анық үйретіп шығару. (М. Дулатов)
  • 2) Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуі тиіс. (М. Жұмабаев)

Мазмұны

Оқу-жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, қолөнер, жағрафия, жаратылыс. (А. Байтұрсынов)

Әдіс-құралдары

  • Әдебиетті, тарихты және географияны біріктіріп, «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет; өлкенің географиясын оның тарихы мен әдебиетінен бөліп қарауға болмайды. Балаларды күнделікті тұрмыс-тіршілікпен байланысты өз жұртының тарихын оқытудан бастаған жөн. (М. Дулатов)
  • 5 жылдық бастауыш мектептің алғашқы үш жылын тек қазақ тілінде оқыту. (А. Байтұрсынов)
  • Баланың тіл байлығын арттыруға, еркін сөйлей білуіне басымдық беру; өзге тілдерді үйренуді көмекші құрал ретінде қарастыру. (Ж. Аймауытов)

Нәтижесі

Мұндай балалар мектеп бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды; қайда жүрсе де, тіршілікте қандай ауыр өзгерістер көрсе де, ұлттың ұлы болып қалады. (М. Дулатов)

Бұл тұжырымдар ХХ ғасырдың басында-ақ зиялы азаматтардың ұлт болашағын ойлап, ана тілінің табиғи тазалығы, оқытылатын пәндердің ұлттық болмысымызға үйлесуі қажеттігі туралы көрегендікпен терең ой тастағанын көрсетеді.