Бүгін - Жаңғыру мейрамы
Көркем сөз: «Сәлем, көктем!»
Шығыстың күнтізбесі бойынша күн мен түн теңесетін көктемгі мереке — жыл сайын асыға күтетін жарқын үміттің, жастық пен жаңарудың мейрамы. Бүкіл әлемге береке-бақыт пен бейбітшілік дарытатын Ұлыстың Ұлы күні — әз Наурыз құтты болсын!
Күншығыстың Наурызы келгенде Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, бәйшешек гүл атады. Күн шуағы бүкіл ғаламға нұрын шашып, бай мен жарлыға бірдей сәуле төгеді. Бұл — Табиғат-Ананың бусанып, тіршілік қайта түлейтін табиғат мейрамы.
Осындай даналыққа толы ұлы мереке Наурыз бізге де келіп жетті. Ендеше, төрлет, елімізге құт-береке дарытатын әз Наурыз!
Өлең: «Сәлем, көктем!»
1-бөлім
Сәлем, көктем! Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің,
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
2-бөлім
Сәлем, көктем! Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
3-бөлім
Сәлем, көктем! Өрнек қандай су салған,
Жасыл қырат — жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың,
Жұпар исін жұта берем жусаннан.
4-бөлім
Сәлем, көктем! Өліп кетпеу үшін мен,
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты — керемет той, аста-төк,
Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген…
Жүргізушілер сөзі
І жүргізуші
Жаса, Наурыз! Жаса, көктем! Жаса, достық, күн, тіршілік! Ұмыт болсын мұңдар өткен, мейірім күлсін кең шығып.
Наурызда жаңа жыл басталады, көктемнің асқақ әні естіледі. Ақ көңілмен, ақ ниетпен қарсы алайық жаңа жылдың алғашқы қадамын. Жер-ана да бусанып, ақ көрпесін сыпырып тастауға дайын.
ІІ жүргізуші
Көктемді жыл басы, табиғаттың жаңаруы деп білеміз. Өйткені көктемде ұйқыдағы аң оянып, жер көгереді. Сай-сала суға толып, алғашқы гүлдер шығады, құстар мекеніне қайтады.
Наурыз мейрамы — Шығыс халықтарының көпшілігінде мұсылман діні қабылданғанға дейін пайда болған, көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі. Наурыз — тек көктемнің ғана емес, ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы.
Ұлыстың ұлы күнінде ел ішіндегі өкпе-реніш ұмытылып, кешірім жасалып, татулыққа жол ашылған. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақжарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, жастарға ақ бата берген.
І жүргізуші (көркем леп)
Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды аттатып, тізбектеп тырналарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаздың әнін, найзағай жарқылдатып — жеттің бе, әз Наурыз?!
ІІ жүргізуші (құттықтау)
Армысыздар, үлкен-кіші ағайын! Бүгін — Самарқанның көк тасы еріген күн. Бүгін — Жаңғыру мейрамы! Бүгін — жыл басы, Жаңа жыл!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, ЭЕТ-А-11к тобы оқушыларының ұйымдастыруымен өтетін «Жадырап күн сәулесін, нұрын төккен, әз Наурыз келіп жетті көптен күткен» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Өлең және музыкалық нөмірлер
1-жүргізуші: Асанқанова Алмагүл
Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың.
Жетелеп жұмсақ самалын,
Келді Наурыз — жыл басы.
Күлімдеп қарап күміс күн,
Аспаның бүркіп пүліш түн.
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз — жыл басы!
2-жүргізуші: Нұрмағанбетова Айнұр
Ұлыс оң болсын! Ақпан кетті араз боп Наурызбенен. Наурыз жүр жоғалған бағын іздей, көктем жетті көрісіп, жанын іздей.
(Көтеріңкі көңілмен жұрт көріседі. Алдарынан келін иіліп сәлем салады, бойжеткендер ізет көрсетіп қарсы алып, Наурыз көже ұсынады.)
Үзінді оқу
Ауылдың бозбаласы: Берік Исаұлы
Ашық болсын қас-қабақ,
Таспен атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та —
Бүгін төрде бас қонақ.
Арпа, бидай, тары бар,
Ішілетін, жейтіннің —
Бұл көжеде бәрі бар.
Ошақта көп шоқ әлі,
Астың ауыр обалы.
Астан үлкен ешкім жоқ,
Қазан аузы жоғары.
Бата және дәстүр
Ақсақалдың батасы
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Қайда барса жол болсын,
Ұлыс береке берсін.
Пәле-жала жерге енсін!
Дәстүрлі түсінік
Наурызда ауыл аралап көрісу қазақ даласында үш күнге созылған (22–24 наурыз). Бұл күндері әр отбасының дастарханы берекелі болып, есігі ашық, қабағы жайдары болған.
22 наурыз күні міндетті түрде үлкендерден дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу парыз саналған.
Ұлттық ойындар мен сайыстар
Қазақша күрес
Қазақтың спорттық ойын түрі — қазақша күрестен көріністік сайысты тамашалайық.
(Ұйымдастыру: Асанқанова Алмагүл)
Наурыз көже ішу сайысы
Ер жігіттер арасында Наурыз көже ішу сайысын бастайық. Ортаға 4 оқушы шақырылады.
(Жүргізуші: Нұрмағанбетова Айнұр)
Кезекті ән
Қорытынды
Осымен ЭЕТ-А-11к тобы ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Жадырап күн сәулесін, нұрын төккен, әз Наурыз келіп жетті көптен күткен» атты мерекелік кешіміз аяқталды.