Ана тілі ата баба мұрасы
Өзін-өзі тану сабағының жоспары (4-сынып)
- Тақырыбы
- Тілім — менің тірегім
- Мақсаты
- Оқушылардың тіл мен Отан құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Ана тілінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Оқушылардың туған тіліне деген қызығушылығы мен құштарлығын арттыру.
- Ана тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
2 минут
- Сәлемдесу.
- Оқушылардың көңіл күйін сұрау.
- Сабаққа қатысуды тексеру.
Тыныштық сәті
Баяу әуенмен жүргізіледі
«Күннің нұры»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: күннің нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашыла бастайды.
Балғын әрі таза гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазартып, жүрегіңіздің қауызы ашылғандай болады. Нұр сәулесі бойыңызға жайлап тарайды, біртіндеп күшейе түседі.
Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашсын. Қолымыз тек жақсы, ізгі іс жасап, баршаға көмектессін.
Нұр аяқтарыңызға тарасын: олар сізді тек жақсылық жасайтын, игі орындарға апарсын. Аяқтарыңыз нұр мен махаббаттың құралына айналсын.
Енді нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін: тіліңіз әрдайым шындықты айтып, тек ізгі сөз сөйлесін.
Нұрды құлағыңызға бағыттаңыз: құлағыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естісін.
Нұр көздеріңізге де жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрсенің жақсылығын аңғарсын.
Басыңыз түгелдей нұрға толсын: санаңызға ізгі, сәулелі ойлар ғана келсін. Нұр күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашсын.
Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да жіберіңіз — жүректері нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр жолдаңыз.
Ойша қайталаңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын»
Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде аз уақыт отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем жүрегіңізде сақталсын. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Сұрақ: Кім өз әсерімен бөліскісі келеді?
Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылардан үй тапсырмасы сұралады, жауаптары тыңдалып, қысқаша кері байланыс беріледі.
Сахналау арқылы жұмыс
Ана тілінің маңызын терең түсіндіру және оқушылардың туған тілін жете білуге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ сахналау түрінде ұйымдастырылады. Үнтаспадан С. Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі орындалып тұрады.
Сахналық көрініс
Тақтада сәнді безендірілген сарайдың үш қақпасы бейнеленеді: «Таным», «Ғұламалар», «Қазына». Ортаға патша рөліндегі оқушы шығады, қасында уәзірлері болады. (Кейіпкерлер алдын ала дайындалады.)
Диалог және мазмұн
Патша
«Тілдер патшалығына саяхат жасауды көптен көңіліме түйіп жүр едім. Соның сәті бүгін түскен сияқты. Мен қазақ тілі туралы көбірек білгім келеді.»
Уәзірлер иіліп, қақпаның есігін ашады.
Сабина
«Сонау V–VI ғасырлардан бастап уақыт сынына төтеп беріп, бүгінге дейін жеткен Орхон-Енисей, Талас сына жазулары қазақ тілінің өркендеп, гүлденген дәуренін айғақтайды.»
Зарина
«Қазақ тілі — халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, өмір үні.»
Айтегін
«Ана тіліміз арқылы біз Отанымызды, халқымызды танып білеміз.»
Жанель
«Туған жерімізді, өзен-көлін, бораны мен найзағайын ана тіліміз арқылы қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды да ана тіліміз арқылы жеткіземіз.»
Томирис
«Ана тілі — ата-баба мұрасы, ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы мұралардың ең асылы.»
Келесі қақпа: «Ғұламалар»
Бұл жерде қазақтың көрнекті тұлғаларының портреттерінен жасалған топтамалар көрсетіледі.
Мұғалім: «Қазақ тілі — Әйтеке, Төле, Қазыбек билер сынды шешендердің; Абай, Жамбыл, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов сияқты алып ақын-жазушылардың; Қажымұқан, Бауыржан Момышұлы секілді батырлардың тілі. Қазақ тілі — халқымыздың жоғын жоқтаған Ш. Уәлиханов пен Т. Рысқұлбековтей арыстардың тілі.»
Патша
«Туған тілім туралы өлең тыңдасам деймін.»
Мұғалім оқулықтағы өлеңді мәнерлеп оқытады: М. Мақатаев — «Үш бақытым».
- Бірінші бақыт не?
- Екінші бақыт не?
- Үшінші бақыт не?
- Алтыннан қымбат не?
«Қазына» қақпасы
Патша қақпаға жақындайды, бірақ қақпа ашылмайды. Ашуға булыққан патша қайта-қайта итереді. Сол сәтте арғы жағынан тілдей қағаз түседі. Нөкері қағазды ашып оқиды:
Сұрақтар: «Дүниеде не тәтті? Дүниеде не ащы?»
Патша: «Мұның мәнісі неде?» — деп, оқушылардан сұрайды. Балалардың жауаптары тыңдалады.
Әбілхайыр
«Хан ием! Дұрыс сөйлей білу — өнер. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, көңілді босатады. Сондықтан тіл — тәтті. Ал жебе салған жара жазылар, балтамен шабылған орман қайта өсер, бірақ тілдің жарасы жазылмайды. Сондықтан тіл — ащы.»
Айбар (Төле бидің сөзі)
«Бақ — ұзатылған қыз. Байлық — еритін мұз. Бала — артта қалған із. Өмірдің адамға ең жақын сыйы — сыйласқан сіз бенен біз.»
Ерназар (Әйтеке бидің сөзі)
«Суалмайтын суат жоқ, тартылмайтын бұлақ жоқ. Тамыры суда тұрса да, қурайтын құрақ жоқ. Уақыты жеткенде, тек жақсыдан өлмейтін — сөз.»
Осы кезде қақпа ашылады. Жасанды гүлдермен безендірілген бақтағы бұлақ басынан «Ана тілім — қазынам» деген жазуы бар кітапты патша қолына алып, парақтайды.
Патша
«Маған көмек керек. Кім көмектеседі? Мына кітаптағы мақал-мәтелдерді аяқтайық.»
Мақал-мәтелдер (жалғастыру)
- Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса, …
- Өнер алды — …
- Жіптің ұзыны, сөздің … жақсы.
- Піл күшті, піл күшті емес, … күшті.
- Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы … тарайды.
- Жүйелі сөз — жүйесін табар, жүйесіз сөз — …
Түйін
Оқушылар мақал-мәтелдерді жалғастырып, тілдің мәнін, сөздің салмағын, ойдың жауапкершілігін талқылайды.
Патша: «Ойпырмай! Тілдің құдіреті осы екен. Балалар, сендерге үлкен рахмет. Сау болыңдар!»
Патша нөкерлерімен сахнадан шығып кетеді.
Қорытынды сөз
Мұғалім сабақты қорытындылайды: сахналау арқылы және өз өмірімізден түйгеніміз арқылы тілдің балаға ана сүтімен бірге, дүниеге келген сәттен-ақ берілетін аса қастерлі құндылық екенін түсінеміз. Тіл адамды да көркем етеді, кейде жауапсыз сөз арқылы жағымсыз қырын да танытады. Сондықтан тілді қадірлеу — өзіңді қадірлеу, ал тілді құрметтеу — еліңді құрметтеу.