Сөз ойла, көп ойла

Ұйымдастыру

Біз балдырған баламыз,
Құстай қанат қағамыз.
Дүниені аралап,
Оқып білім аламыз.

Бүгінгі Әліппе сабағы тренинг түрінде өтеді. Оқушылар 3 топ болып тапсырмаларды орындайды. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі.

Топтарға бөліну

1-топ
Жалау
2-топ
Жарыс
3-топ
Жайлау

Әр топтан топ басшысы сайланады. Сабақты «Ынтымақсыз іс бітпес» ұранымен бастап, ұйымшылдық пен бірлескен жұмысқа шақырамын.

Сабақ ережелері

  • 1 Тыныштық сақтаймыз.
  • 2 Сұрақтарды талқылауда белсенділік танытамыз.
  • 3 Бір-бірімізді тыңдаймыз.
  • 4 Өз тәжірибемізді ортаға саламыз.
  • 5 Жауап толық болмаса, топ мүшелері толықтырады.

Ой шақыру: «Жапырақ жинау» ойыны

Теректегі жапырақтарға өтілген мәтін бойынша сөздер жазылып, жапсырылады. Оқушылар жапырақты алып, сөзді дауыстап оқиды да, сол сөзге дыбыстық талдау жасайды.

Талдауға ұсынылатын сөздер

балалар қақпа шабуыл доп Болат Қайрат орнына

Сұрақ-жауап

  • Бұл сөздер қай мәтіннен алынған?
  • Мәтінде не туралы айтылады?
  • Қазір жылдың қай мезгілі?

Жұмбақ

Жазда тұрып жоғары,
Күзде жерге қонады.

Жауабы: жапырақ.

«Жапырақ» сөзі қай дыбыстан басталады? Осы сұрақ арқылы бүгінгі жаңа тақырыпқа өтеміз: Ж дыбысы мен әрпі.

Ж дыбысы мен әрпімен танысу

Айтылым

Оқушыларға Ж дыбысын дұрыс дыбыстату, дыбыстың айтылуына көңіл бөлу.

Түсіндірме

Ж дыбысы сөздің көбіне басы мен ортасында кездеседі. Қазақ тілінің байырғы «лаж», «мұқтаж» сөздерінде сөз соңында да ұшырасады. Ж дыбысы — дауыссыз дыбыс.

Көрнекілік

Ж дыбысына қатысты суреттермен жұмыс: суретті атау, сөзден Ж дыбысын табу, дыбыстың орнын анықтау.

Ойын: «Сөз ойла, көп ойла!»

  • Ж дыбысы кездесетін сөздер айту.
  • Сөздегі Ж дыбысының орнын (басы, ортасы, соңы) анықтау.
  • Сөздерді буынға бөлу.
Әр тапсырмадан кейін мұғалім ұпайларды бағалау тақтасына белгілеп отырады.

Жаңа буындар қонақта

Жаңа буындармен танысу және оларды хормен айту:

ЖА ЖО ЖУ

Тез әрі сауатты оқиық!

Оқушыларға сөздерді хормен оқыту ұсынылады:

жаға
жалау
жота
жантақ
жуан
жаса
жасау
жуа
жусан
жуас

Оқулықпен жұмыс

Мұғалімнің жұмысы

Мұғалім «Жусан» мәтінін оқып, мазмұнын түсіндіреді.

Оқушының жұмысы

Мәтінді оқушыларға тізбектей оқыту және негізгі ойды анықтау.

Оқу барысында ұпайлар бағалау тақтасына белгіленеді.

Дәптермен жұмыс: көркем жазу

  • Ж әрпінің баспа және жазба түрлерімен таныстыру.
  • Ж әрпінің элементтерін жазып көрсету.
  • Ж әрпін ауада жазып жаттықтыру.
  • Ж әрпін дәптерге көркем жазу.