Күз мезгілінде жапырақтың түсі жасыл болама, сары болама
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Сөйлеуді дамыту
Тақырыбы: «Күз — мереке, күз — береке»
Мақсаты
Күз мезгілінің мерекелі, берекелі екенін ұғындыру; жемістер мен көкөністерді ажырату; пішінін тануға үйрету; күз ерекшеліктері туралы түсінігін кеңейту; сөздік қорын дамыту.
Әдіс-тәсілдері
- Күз бейнеленген сурет бойынша әңгіме құрастыру
- Сұрақ-жауап
- Түрлі тапсырмалар
- Жұмбақтар шешу
Көрнекіліктер
- Күз мезгілі бейнеленген сурет
- Жапырақтар
- Слайд тақта
Шаттық шеңбері
Мейірімді жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық.
Әңгімелесу: күзді танып-білу
Сұрақ
Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап
Қазір жылдың күз мезгілі.
Сұрақ
Күз мезгілі неше айдан тұрады?
Жауап
Күз мезгілі үш айдан тұрады: қыркүйек, қазан, қараша.
Сұрақ
Бұл мезгілдің табиғат ерекшелігі қандай?
Жауап
Жаңбыр жауады, құстар жылы жаққа ұшады, жапырақтар сарғайып түседі, егін піседі.
Тапсырма
Слайд тақтадағы суретке қарап, әңгіме құрастыру.
Күз ханшайымының келуі
Күз ханшайымы: «Тук-тук-тук…» Есіктен Күз ханшайымы кіріп келеді.
Тәрбиешінің сөзі
Балалар, бізге қонаққа Күз ханшайымы келіпті. Амандасайық.
Балалардың жауабы
Сәлеметсіз бе! Хош келдіңіз! Төрлетіңіз!
Күз ханшайымы: Амансыңдар ма, балалар! Бүгін қандай әдемісіңдер! Күн де тамаша екен. Мен сендерге бірнеше тапсырма алып келдім. Егер тапсырмаларымды дұрыс орындасаңдар, мен жақсы демалып қаламын.
Қорытынды
Балалар Күз ханшайымының тапсырмаларын орындайды.
Өлеңдер: «Алтын күз»
Дидарбек
Құстар қайтты ән салып,
Бұлт шарлады аспанды.
Қыс келеді жар салып,
Күзгі суық басталды.
Арай
Гүл жайнаған даланың,
Жапырағы солыпты.
Таңырқадым, қарадым,
Танымастай болыпты.
Света
Көбейді құт-береке,
Астық толы қоймамыз.
Құтты болсын мереке,
Алтын күзді тойлаймыз.
Ағарыс
Қамба толы астыққа,
Рахмет саған, алтын күз.
Бір уыс дән шаштық та,
Қап-қап жеміс алдық біз.
Айзере
Жайдарлы күз, жарқын күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы кең далам,
Алтын астық айналам.
Күз — керемет мезгіл. Бұл кезде егін пісіп, жеміс-жидек теріледі, қыс қамы жасалады.
Қимылды сәт: би
Күз ханшайымы балалармен бірге би билеуді ұсынады. Слайд тақта қосылып, балалар би қимылдарын қайталайды.
Ойын: «Дауысты ажырат»
Балалар әртүрлі дыбыстарды ажыратады: сылдыраған су, ұшқан құс, жауған жаңбыр және басқа да табиғат дыбыстары.
Күз ханшайымы: Рахмет, балалар! Жақсы демалып қалдым. Енді мен жүрейін. Сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз!
Миға шабуыл: жылдам сұрақтар
- 1. Күз мезгілінде жапырақтың түсі жасыл ма, сары ма?
- 2. Көкөністер талда өсе ме, әлде жерде өсе ме?
- 3. Құстар күз мезгілінде қайда кетеді?
- 4. Бүгін ауа райы қандай?
- 5. Күз мезгілінде қар жауа ма?
- 6. Бізге қонаққа кім келді?
Балалар, жарайсыңдар! Бүгінгі оқу қызметіне өте белсенді қатыстыңдар. Рахмет!
Балаларды мадақтау.
Күтілетін нәтиже
Біледі
Күз мезгілінің ерекшеліктерін.
Игереді
Суретке қарап әңгіме құрауды.
Меңгереді
Күз туралы өлең жолдарын, тақпақтарды.
Автор туралы
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, Баутин ауылы «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі — Борашева Гүлжан Доғдырбайқызы.