Жай сөйлемнің түрлерін ата
Сабақ тақырыбы
Қазақ тілі, 8-сынып: салалас құрмалас сөйлем тақырыбы бойынша өтілгенді қайталау.
Жалпы мақсат
Салалас құрмалас сөйлем және оның жасалу жолдары туралы түсінік қалыптастыру. Өтілген материалдарды қайталау арқылы оқушылардың білімін жүйелеу, бекіту және еске түсіру.
Негізгі идея
«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез»
Міндеттері
Білімділік
Салалас сөйлем және оның түрлері жөніндегі білімді тереңдету; практикада салалас түрлерін құрмалас сөйлемнің басқа түрлерінен ажырата білуге жаттықтыру.
Дамытушылық
Түрлі тапсырмаларды орындау арқылы оқушының жеке қабілетін ашу және тілдік талдау дағдысын дамыту.
Тәрбиелілік
Ана тілін сүюге, қадірлеуге және адамгершілікке тәрбиелеу.
Оқу нәтижелері
- Салалас құрмалас сөйлем және оның жасалу жолдарын қайталайды.
- Өтілген материалдарды негізге алып, білімін жүйелейді, бекітеді және еске түсіреді.
Көпір тапсырмалары (өткен сабақты еске түсіру)
- Сөйлем дегеніміз не? Ол айтылу мақсатына қарай қалай бөлінеді?
- Сөйлем құрылысына қарай қалай бөлінеді? Жай сөйлем дегеніміз не?
- Жай сөйлемнің түрлерін ата. Жақты және жақсыз сөйлем дегеніміз не?
- Жалаң және жайылма сөйлем дегеніміз не?
- Толымды және толымсыз сөйлем дегеніміз не?
- Құрмалас сөйлем дегеніміз не? Ол қалай бөлінеді?
Семантикалық карта
Теория — Білу
(кім? не? қашан? қайда? не істеді?)
Салалас құрмалас сөйлем түрлеріне тән жалғаулық шылауларды атап, ауызша мысал келтіру.
Теория — Түсіну
(неге? себебі? неліктен? не үшін?)
«Жақсы мен жаман» мәтінін оқып, өз тобының жұмысына қатысты сөйлемдерді пайдалана отырып, ауызша мазмұндама жасау.
Практика — Қолдану
«Сыңарыңды тап» тапсырмасы: сөйлемдердің сыңарлары таратылып беріледі. Бір сыңары оқылғанда, екінші сыңарын келесі оқушы орнынан тұрып оқиды.
Практикалық тапсырма: «Сыңарыңды тап» сөйлемдері
Төмендегі сөйлемдер салалас құрмалас сөйлемдердің байланысуын, мағыналық қатынасын және тыныс белгілерін талдауға да ыңғайлы.
- Жақсы дәстүр ұзақ уақытта жасалады, ұзақ өмір сүреді, кейінгілерге даңғыл жол болып қалады.
- Ұмытып қалғандарыңды еш уақытта да кітаптан іздеме, оны өзің еске түсіруге тырыс.
- Мектеп бітіргендеріне біраз уақыт болды, бірақ олар ардақты ұстазын ұмытпайды.
- Бабамнан қалған асыл бар: ол — мынау жатқан кең байтақ жер.
- Адам ымырт кезінде ұйықтамайды, себебі сол уақытта өлім мен өмір ауысады.
- Өмірде ешбір іске ыңғайсыз, қабілетсіз адам сирек болады, асылында әркімде бір қабілет болуға тиіс.
- Бақтығұл інісін біресе арқасына салып арқалады, біресе қолынан жетектеп жүрді.
- Айналаны қоршаған табиғаттың өз заңы бар, оны адамдар түсіне білуі қажет.
Қорытынды
Сабақ барысында салалас құрмалас сөйлем туралы негізгі ұғымдар қайталанып, теория мен практика өзара байланыста орындалады. Оқушылар жалғаулықтардың қызметін нақты мысалдар арқылы танып, салалас құрмалас сөйлемді өзге құрмалас түрлерінен ажырату дағдысын бекітеді.