Дүние жүзінің саяси картасы, Қазақстанның физикалық және әкімшілік - территориялық картасы

Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Қазалы ауылы

№100 орта мектебінің география пәні мұғалімі: Жаңқұлов Мейрамбек Шарапатұлы

8-сынып Жаңа сабақ Әдіс: тірек сызба

Мақсаты

  • Қазақстанның дүние жүзі және Еуразия материгіндегі орны мен шекарасы туралы мәлімет беру.
  • Оқушылардың өз отанына сүйіспеншілігін арттыру, туған жерге деген мақтанышын ояту.

Күтілетін нәтиже

  • Алған білімді практикада қолдана білу.
  • Тірек сызбаны оқып, өз нұсқаларын құрастыру.

Көрнекіліктер мен ТСО

  • Дүние жүзінің саяси картасы.
  • Қазақстанның физикалық және әкімшілік-территориялық картасы.
  • Мультимедиалық проектор.

Қазақстанның географиялық орны: аумақ, кеңістік, ерекшелік

Қазақстан аумағы 2 724,9 мың км². Жер көлемі жағынан еліміз дүниежүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына кіреді және 9-орын алады (Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін).

Салыстырмалы өлшем

Қазақстан Франциядан 5 есе, Италиядан 9 есе, Англиядан 11 есе үлкен.

Мысалы, республика аумағына Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланды және Жапония сияқты мемлекеттер түгел сыйып кетер еді.

Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасып, екі дүние бөлігін қамтиды: шағын батыс бөлігі Еуропада, ал ауқымды шығыс бөлігі Азияда жатыр. Жайық өзенінің екі жағалауында орналасқан Атырау қаласының тұрғындары үшін бұл шекара ерекше сезіледі: Еуропа мен Азияға күн сайын «сапар жасауға» мүмкіндік бар.

Физикалық-географиялық тұрғыдан Қазақстан Тынық және Атлант мұхиттарынан, сондай-ақ Үнді мұхиты мен Солтүстік Мұзды мұхитынан біршама бірдей қашықтықта. Мұхиттардан шалғай орналасуы және аумағының кеңдігі климаттың өзіндік сипатын қалыптастырады.

Ел аумағының созылымдылығы

Батыстан шығысқа

3000 км

Еділдің төменгі ағысынан Алтай тауларының етегіне дейін.

Солтүстіктен оңтүстікке

1650 км

Батыс Сібір жазығынан Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шаньға дейін.

Географиялық орны табиғат жағдайларын айқындайды: Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Осы ендіктерде Шығыс Еуропада қоңыржай континенттік, Батыс Еуропада субтропиктік сипат басым болса, Қазақстанда шұғыл континенттік климат айқын көрінеді.

Ел аумағында табиғаттың айырмашылығы өте үлкен: оңтүстіктегі тау етектерінде шие мен өрік гүлдеген шақта, солтүстікте әлі де суық сақталып, қарлы боран соғуы мүмкін. Қазақстан жерінде қатаң Сібір мен қуаң Орта Азияның табиғи ықпалы тоғысқандай әсер береді.

Табиғат зоналары және өзгеріс заңдылығы

  • Орманды дала, шөлейт және шөл зоналары қалыптасқан.
  • Батыстан шығысқа қарай материк ішіне енген сайын климаттың континенттігі арта түседі.
  • Оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы өңірлерінде биіктік белдеулікке байланысты ландшафттар алуан түрлі болады.
  • Барлық өңірлерде жылдың төрт мезгілінің ауысуы айқын байқалады.

Қазақстанның батыс шеткі нүктесі 46°30′ ш.б. — Эльтон және Басқұншақ көлдері маңы, ал шығыс нүктесі 87°20′ ш.б. — Бұқтырма өзенінің бастауына сәйкес келеді.

Географиялық орны елдің көлік-географиялық мүмкіндіктерін де кеңейтеді: Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен Иранға, ал Еділ өзені және Еділ—Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Ел аумағының көп бөлігі жазық және үстіртті, бұл әртүрлі шаруашылық салаларын дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Қазақстанның шекарасы: бағыты мен табиғи нысандары

Жалпы сипаттама

Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 13 394 км, оның ішінде Каспий теңізі арқылы өтетін теңіздік бөлігі 2000 км-ден астам.

Батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Қазақстан Ресеймен шектеседі. Шығыста Алтайдан Тянь-Шаньға (Хантәңірі массивіне) дейін созылатын шекара Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараға сәйкес келеді. Оңтүстікте Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен шектеседі.

Шекара бойындағы ірі жер бедері

  • Батысында: Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының бөліктері.
  • Солтүстігінде: Батыс Сібір жазығының оңтүстік бөлігі.
  • Оңтүстігінде: Тұран ойпаты.
  • Шығысы және оңтүстік-шығысында: Алтайдың батыс бөлігі, Сауыр, Тарбағатай жоталары.
  • Жетісу (Жоңғар) Алатауының негізгі бөлігі және Тянь-Шаньның солтүстік жоталары.

Үй тапсырмасы

Оқу

§3 тақырыбын оқу.

Практикалық жұмыс

Қазақстанның әкімшілік-территориялық құрылымын кескін картаға түсіру.