Ертегіні бірнеше үзіліспен оқимыз
Сабақ туралы қысқаша ақпарат
Тақырыбы
«Ең асыл қазына» ертегісі (Махмуд Мурадов). 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесіне ұсыныс.
Сабақ түрі
Жаңа сабақ: түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау, топтық және жұптық жұмыс.
Әдіс-тәсілдер
- Топтастыру
- Диалогтік оқыту
- Болжау стратегиясы
Көрнекіліктер
- Венн диаграммасы
- Болжау кестесі
- Салыстырмалы карта
- Концептуалды кесте
- «Автор орындығы»
Мақсат, міндет, күтілетін нәтиже
Сабақтың мақсаты
Ертегінің негізгі идеясын ашу.
Сабақтың міндеттері
- Кейіпкер әрекетін дәлелдеу, шығармашылық қабілетті дамыту.
- Ертегінің негізгі идеясын түсіндіру және талдау.
- Жолдастық көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже
- Ертегінің мазмұнын түсінеді.
- Кейіпкерлерді салыстырады.
- Оқиғаны болжай алады.
- Сыни тұрғыдан ойлайды.
- Жұпта және топта пікір алмасады.
- Дәлел келтіре алады.
Бағалау критерийлері
Тапсырмалар критерий бойынша бағаланады. Әр құрал оқушының ойлау, дәлелдеу және жазылым дағдыларын көрсетеді.
Венн диаграммасы
- Ортақ қасиетін табу 2 балл
- Айырмашылығын ажырату 1 балл
- Нақты дәлел келтіру 1 балл
Болжау кестесі
- Болжамның нақтылығы 4 балл
- Жазушы ойы мен оқушы ойының сәйкестігі 2 балл
- Дәлелдің қисындылығы 2 балл
Салыстырмалы карта
- Кейіпкерлерді дұрыс сипаттау 3 балл
- Дәйектемелердің нақтылығы 1 балл
- Сауатты толтыру 1 балл
- Дұрыс құрылым және ұқыптылық 1 балл
Топтық жұмыс
- Сауатты жазылуы 3 балл
- Мазмұнның ашылуы 1 балл
- Мәнерлі, сауатты жеткізу 1 балл
- Ынтымақтастық және рөлдерді бөлу 1 балл
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
2 минут
Жұмысқа бағыттау
- Сәлемдесу.
- Топқа бөлу: еңбек, ана, ас туралы мақал-мәтелдер арқылы.
Шаттық шеңбері
Айналаға алақанмен жылулықты шашайық.
Сәттілік тілеп, күлімсіреп,
Біз сабақты бастайық.
Сабақ ережелері
- Бір-бірімізді тыңдаймыз.
- Біреудің айтқанын қайталамаймыз.
- Уақытты үнемдейміз, босқа өткізбейміз.
- Белсенді қатысып, өз жетістігімізді бағалаймыз.
II. Үй тапсырмасын тексеру
6 минут
Мәтінмен жұмыс
- Ертегіде гүл қалай сипатталған? Тауып оқы.
- Гүлдер туралы суреттерді тексеру.
Салыстыру
«Бала — бозторғай — түймедақ» тақырыбында Венн диаграммасын жасап, қорғау.
Жаңа сабақ
Қызығушылықты ояту — 5 минут
Жеке → жұп → топ
- 1 «Ең асыл қазына» дегенде ойыңа не келеді? Жеке өз ойыңды жаз.
- 2 Жұптасып, ортақ тізім құрастыр.
- 3 Топта талқылап, пікірталас тудыратын сұрақтарды бөлек белгілеп қой.
Мағынаны тану
Махмуд Мурадовтың «Ең асыл қазына» ертегісін үзіліспен оқимыз. Мұғалім тоқтатқан жерге дейін оқып, әр бөлімнен кейін талқылау жасап, сұрақтарға жауап береміз. Жұмыс «Болжау кестесі» арқылы ұйымдастырылады.
Болжау кестесі бойынша оқу
20 минут
Кесте логикасы
Не болады деп ойлайсың?
Дәлелде
Не болды?
I үзінді
Ерте заманда әлемнің бір бұрышында Ахмет және Ташмет деген екі жігіт болыпты. Ахмет әр істі сабырмен ойланып барып істейді екен. Бір түйір дәнді, нанның үгіндісін көзі шалса, оны дереу теріп алып, тауыққа немесе ұшқан құсқа береді екен. Өзі жегенінен бармақтай нан артылса, мұқият орап қойып, қарны ашқанда жейді. Ал Ташмет керісінше, бармақтай нан артылмақ түгілі, жұдырықтай нан артылса да, тастап жүре береді екен. Бірде Ахмет жолдасы Ташметке…
Сұрақ
Бұл бөлім не туралы? Болжау кестесіне жаз.
II үзінді
«Мұның дұрыс емес. Нан — ең асыл қазына, қасиетті зат», — депті Ахмет. «Олай емес, — деп таласты Ташмет, — ең асыл қазына — алтын. Жоқ, гауһар». «Жоқ, ең асыл қазына — нан!» «Жоқ, гауһар!» «Ендеше, жүр, — депті Ахмет, — әлемді шарлайық. Ең асыл қазынаның не екенін сұрастырамыз да, өз көзімізбен көріп қайтамыз».
Болжау
Ташмет келіседі ме? Ахмет пен Ташмет не істейді?
Талқылау
Келесі үзіндімен салыстырып, сәйкестігін анықта.
III үзінді
Ташмет келісе кетеді. Екеуі жол дорбаларына төрт-төрттен күлше салып алып, сапар шегіпті. Ұзақ-ұзақ жол жүріпті, алған беттерінен қайтпай көп жүріпті. Дала кезіп, асқар таулардан асыпты. Бір күні әбден қарындары ашып, бір бұлақтың басына келіп тоқтапты. Қоржындарынан күлше алып, әрқайсысы өз нанын жепті. Сол арада асыл қазына жайында тағы да таласып қалыпты.
Сұрақтар
- Ташмет «ең асыл қазына» туралы не деді? Оның көзқарасы өзгерді ме?
- Ахметтің ойы қандай?
IV үзінді
«Наннан асыл, наннан қасиетті еш нәрсе жоқ», — депті Ахмет. «Жоқ, гауһар», — депті нан шайнап отырған Ташмет. «Тап қазір барлық зат гауһарға айналып кетсе ғой! Қандай тамаша болар еді». Сол кезде аспанда бір құс қалықтап жүріпті. Ол — түрін өзгерткен сиқыршы екен.
Болжау
Сиқыршының ойы қандай? Екі дос оны байқады ма?
Талқылау
Келесі бөлімге дейін дәлел келтір.
V үзінді
«Мейлі, сенің айтқаның ақ болсын: барлық затың гауһарға айналсын!» — депті сиқыршы дауыстап.
Болжау
Ары қарай не болады? Болжамдарыңды салыстыр.
VI үзінді
Сол сәтте Ташметтің аузындағы наны сатыр-күтір етіп, тісін сындыра жаздапты. Ташмет басқа күлшесін алып жейін десе, сындыра алмапты: ол да гауһарға айналып кеткен, жалт-жұлт етіп жарқырап, көз қарықтырады. Ал Ахмет өз нанын қамсыз жеп отырады.
Сұрақтар
- Енді Ахмет не істейді?
- Ташметтің көңіл күйі қандай болуы мүмкін?
VII үзінді
Ахмет: «Ал менің нанымнан жей ғой!» — депті Ташметке. Ташмет наннан үзіп алып аузына салған екен, бұл нан да гауһарға айналып кетіпті. Ташмет енді қарны ашып, зар еңірепті.
Болжау
Оқиға немен аяқталады? Ташмет ең асыл қазынаның не екенін түсіне ме?
VIII үзінді (қорытынды)
«Қане, енді айтшы, — дейді Ахмет, — адам үшін ең керекті асыл зат не екен?» «Енді білдім, — дейді Ташмет. — Ең асыл, ең қасиетті — нан екен».
Рефлексия сұрағы
Егер Ташметтің наны асыл тасқа айналмаса, ол «ең асыл қазына — нан» екенін түсінер ме еді? Өз болжамдарыңды ертегінің негізгі ойымен салыстыр. Жазушы ойы мен сенің ойың сәйкес келе ме?
Бекіту
5 минут
Топтық жұмыс
Ертегінің мазмұнына сүйене отырып, Ахметті қалай суреттейсіңдер? Ташметті ше? Жұпта «салыстырмалы карта» жасап, кейіпкерлерді сипаттайтын сөздердің астына нақты дәйектеме (мәтіннен дәлел) жазыңдар. Топта талқылап, қорғайсыңдар.
Қорытынды
5 минут
I топ: Концептуалды кесте
- Кейіпкер
- Іс-әрекетінен үзінді
- Қандай мінездің адамы?
- Соңғы түйін
II топ: «Сауаттылық хат»
Кейіпкерлерге хат жазу (Ахметке және Ташметке): олардың іс-әрекетіне баға беріп, ертегіден алған өнегені қысқаша түйіндеу.
Автор туралы мәлімет
Білім беру ұйымы
Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №4 Тілеміс батыр орта мектебі.
Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі — Уатаева Қарлығаш Сабырлиевна.