Алдарыңызда ақынның жеріне деген өлеңдерінен үзінді

Сабақтың тақырыбы

«Есіңе мені алғайсың»

Мақсаты

  • Әдеби-музыкалық кеш арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығын таныстыру, қазақтың қара өлеңінің құдіретін ұғындыру.
  • Оқушыларды Отанын, елін, жерін сүюге, өлеңді қадірлеуге, музыканың көркем қуатын сезінуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик.
  • Ақынға арналған кітап көрмесі.
  • Папка, портрет және қосымша материалдар.

Кештің басталуы

І жүргізуші

Армысыздар, құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-музыкалық кешке қош келдіңіздер!

ІІ жүргізуші

«Есіңе мені алғайсың» вальсінің сөзін М. Мақатаев жазған.

І жүргізуші (өлең)

Жайлап жатыр ақырын, Зал толы жырдың достары. Тыңдамақ абзал ақыны, Ардақты оның ел-жұрты. Ақын ше? Ақын келмеді. Бос күтті төрде бір орын. Күмбірлеп залды кернеді, Сөз алып сонда жыры оның.

ІІ жүргізуші

Бұл — ақынның ақын туралы толғанысы. Бүгін арамызда ақынның өзі болмаса да, оның жыры бар, шығармалары бар, жыр сүйгіш ұрпағы бар. Ендеше сөз кезегін соларға берейік.

Қара өлеңнің құдіреті

1-оқушы — Ораз («Қара өлең»)

Қалқам, Мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен. Қазақтың қара өлеңі — құдіретім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген. Жат жерді жастанғанда жазатайым, Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым. ...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын, Қазақтың дәл өзіңдей қарапайым. Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өзі айтқанын қайталадым. ...Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын...

ІІ жүргізуші (ой түйін)

Мұқағалиді ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, поэзияның биігіне самғатқан да — қазақтың қара өлеңі. Ақын қара өлеңді бағалап, бас иіп, тағзым етеді.

І жүргізуші (өлең)

Аламан бәйге оза шауып, Өлең-жырда шашасына шаң жұқпайтын Ерен жүйрік, талантты тұлға — Мұқағали ақынның Өмір жолы әр алуан. Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы. Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрман.

Поэзиямен сырласу

ІІ жүргізуші

Француз ойшылы Шелли «Шын поэзия — жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды» деген. Ендеше ақынның поэзиямен қалай сырласқанын тыңдайық.

2-оқушы — Мадина («Поэзия»)

Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедің? Алауратқан таулардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім. Сені іздедім кездескен адамдардан, Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан. Шырақтардан, оттардан, жалаулардан, Сені іздедім жоғалған замандардан. Сені іздедім досымнан, қасымнан да, Ақша бұлттан іздедім, жасынан да. Сен де дедім ақ нөсер ашылғанда, Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда, Көкжиек пен көкжиек қосылғанда. Сені іздедім сезімге у шараптан да, Минуттерден іздедім, сағаттан да, Сені іздедім... Іздеймін, тағат бар ма? Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

ІІ жүргізуші (ой толғау)

Табиғат! Жанымды алсаң, алшы менің, Бір үзік жерге түскен тамшың едім. Мұқағали жоғалса не істер дейсің, Артымда қалсын елім, қалсын жерім. Осынау қарапайым қара өлеңнің өзінде қанша құндылық, қанша ұлылық жатыр! Ақын «Елім маған не берді?» деп емес, «Мен еліме не бердім?» деп өмір сүргендей.

Туған жерге махаббат

І жүргізуші

Мұқағали сырға толы сайын далаға, сылдырап аққан суына, самал желіне, мақпал түніне бала кезден-ақ ғашық болып өсті. Төменде ақынның туған жер туралы өлеңдерінен үзінділер ұсынылады.

3-оқушы — Асылжан («Мен таулықпын»)

Тау дейтін алып жүрек — Ана туған, Мен таулықпын! Таудан мен жаратылғам. Киіктің сүтін еміп ержеткенмін, Қуат алып қыранның қанатынан. Мен таулықпын! Таудан мен жаратылғам. Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам. Күн алғашқы сәулесін маған шашып, Маған келіп түнейді қара тұман. Мен таулықпын! Таудан мен жаратылғам. Тау деген — Ана туған дара тұлғам. ...Тауға барып, Көкке ұшып кетсем бе екен, Ұстап алып қыранның қанатынан.

4-оқушы — Әлия («Сүйемін, өскен Отаным!»)

Сүйемін мен жерімнің Топырағын, тасын да. Сүйемін думанды елімнің, Кәрісін және жасын да. Бұлтсыз, айсыз, жылы леп, Сүйемін салқын кештерін. Бетті аймалап уілдеп, Толассыз соққан ескегін. Сүйемін гүлге нәр берген Нөсерді жауған сіркіреп. Жарқ-жұрқ етіп әр жерден Сілкінсе аспан күркіреп. Сүйемін, өскен Отаным, Жылысып өткен жылыңды. Қарыздармын сондықтан, Беремін талай жырымды.

Махаббат — мәңгілік тақырып

І жүргізуші

Шын зергерлікпен өлшенетін ақындық жолында Мұқағали Мақатаев жүрекпен құлаш ұрып, өшпес тақырып — махаббатқа да қалам тартты.

Махаббат диалогы (Сара мен Бексұлтан)

Сара
Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
Бексұлтан
Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
Сара
Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
Бексұлтан
Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
Сара
Бұлдырасам сағымдай, не етер едің?
Бексұлтан
Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
Сара
Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?
Бексұлтан
Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

ІІ жүргізуші

Ән: «Көнеміз ғой» (сөзін жазған — М. Мақатаев).

Уақыттың салмағы, поэзияның олжасы

І жүргізуші

Бір иығына — Құдай, бір иығына өзі өмір сүрген ХХ ғасырдың салмағы артылған ақынның қуаныш-қайғысы, кесір-кесапаты аз болмады. Дегенмен, оның шығармашылығы ұлттық поэзиямызға орасан олжа болып қосылғанын біз ақын өмірден өткен соң айқынырақ аңғарып, мойындай бастадық.

5-оқушы — Назым («Отыздан асып барамын»)

Сұқтанып тұрып жанарың, Сұрыма неге қарадың? Солай да — солай, қарағым, Отыздан асып барамын. Шашымның санап әр ағын, Таңырқай берме, қарағым. Санаулы басқан әр адым — Отыздан асып барамын. Әзілің қайда, қарағым, Әжімге несін қарадың? Артымда қалып аларым — Отыздан асып барамын. Солай да — солай, қарағым, Көңілдің таппай қалауын. Жастықтың жықпай жалауын, Отыздан асып барамын.

6-оқушы — Ерсін («Арыз жазып кетейін»)

Бүгін менің туған күнім. Ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай. Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып: «Мынау — шапан, мынау — атың», мін демей. ...Тойланбаса, тойланбасын, не етейін, Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, Болашаққа арыз жазып кетейін...

7-оқушы — Махаббат («Сергей Есенинге»)

Әй, Сергей! Сергей, Сергей, Сергей, Сергей, Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей. Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем, Жаны ашып ақыл берген елге сенбей. Мен-дағы сол жақтанмын, ауылданмын, Ауылдың ауруымен ауырғанмын. Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса, Алматы мені солай қабылдады. Атқа міндім, алыстым, теппедім доп. Мен-дағы малды сүйдім, итті сүйдім, Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ. Әй, Сергей! Сергей, Сергей, Сергей, Сергей! Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де. Басым сынып барады, басым сынып, Жөндесем де болмайды, емдесем де.

8-оқушы — Келбет («Фаризаға»)

Фариза! Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз. Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, Бірімізден біріміз арылармыз. Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз. Сен мені білесің бе, білесің бе? Жаралмаған жан екем күресуге. Жылай жүріп, өтірік күлесің де, Жүресің де қоясың, жүресің де. Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып, Тастағысы келеді күресінге. Фаризажан, сен соны білесің бе?.. Фариза! Фаризажан, Фариза қыз, Бірімізден біріміз арылармыз. Том-том болып дүкенде тұрмасақ та, Подвалдағы архивтен табылармыз...

І жүргізуші

«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім», — деп ақын жырлағандай, иә, өлең өлмейді.

ІІ жүргізуші

Ақынның ғажайып мұрасы оның ірі тұлға — М. Мақатаев екенін айқын танытты.

І жүргізуші (қорытынды ой)

Қалың елі — қазағының өлшеусіз махаббатына бөленген ақынның жыры оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкірегі мен жадына терең бойлады. Уақыт желі мен заманалар дауылы оны шайқай алмайды: ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей ашып, жаңа мыңжылдық айдынына еркін шығып отыр.

ІІ жүргізуші

Қазақ жыры да, қазақ өлеңін оқитын ел де әрдайым өз өмірінен өлең өрген ақынды жүрегіне тербеп өтеді. Сыры мен сиқыры мол жыр — халқымен бірге, ұлы Тауларымен бірге, ұлы Даласымен бірге жасайтыны ақиқат.

І жүргізуші

Хор: «Сарыжайлау» (сөзін жазған — М. Мақатаев).