Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Мұғалім
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құланды ауылы, Құланды орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Диханова Райхан Ахытқызы.
Тақырып
А. Байтұрсынұлы — «Аққу, шортан һәм шаян».
Сабақ түрі
Жаңа білімді меңгерту.
Мақсаты мен күтілетін нәтиже
Мақсаты
- Ахмет Байтұрсынұлы шығармасының мазмұнымен таныстыру арқылы мысал жанры туралы түсінік қалыптастыру.
- Оқушының ауызша сөйлеуін, мәнерлеп және түсініп оқуын, ойын жүйелі жеткізуін дамыту.
- Шығарманы талдау, шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.
Күтілетін нәтиже
- Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын үлгі ете отырып, мысалдың негізгі мазмұны мен идеясын айқындайды.
- Топтық жұмыста ынтымақтастық пен бірлік қағидаларын ұстанады.
Сабақтың жабдықтары
Плакат, стикер, маркер, қарындаш, өшіргіш және басқа да көрнекі құралдар.
Психологиялық ахуал
Мұғалімнің оқуы
Өнер де, ой да, білім де,
Өркендер ана тілінде.
Ананың тілін сүйгендер,
Саналы білім үйренер.
Оқушылар хормен
Білім алу үшін
Ардақтаймыз ана тілін!
Топқа бөлу
Оқушыларға қағазға салынған аққу, шортан, шаян суреттері таратылады. Сол сурет бойынша балалар үш топқа бірігеді: «Аққулар», «Шортандар», «Шаяндар».
1-топ: Аққулар
Сұлулық, нәзіктік, сезімталдық тақырыптарына байланысты ой қозғайды.
2-топ: Шортандар
Табиғаттағы мінез-құлық пен әрекетке қатысты деректер ұсынады.
3-топ: Шаяндар
Бақылау, салыстыру және қорытынды жасау тапсырмаларын орындайды.
Үй тапсырмасын тексеру және ой толғаныс
«Қауын мен қарбыз» бойынша
- Мазмұнын айту.
- Венн диаграммасы арқылы қорытындылау.
Бейнеролик
Көрсетілімнен кейін сұрақ: «Қандай ой түйдіңдер?» — оқушылар өз пікірлерін еркін айтады.
Жаңа сабақ: танысу және бағыт беру
Бүгінгі сабақта аққу, шортан, шаян туралы мағлұмат алып, Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянымен және «Аққу, шортан һәм шаян» мысалымен танысамыз.
Алдын ала берілген зерттеу тапсырмалары
Әр топ өз сұрағы бойынша ізденіп, тірек-сызба (кластер) дайындап, оны сынып алдында қорғайды.
- 1-топ: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі.
- 2-топ: Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары.
- 3-топ: Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері.
Мағынаны тану: авторлар және мысал жанры
Ахмет Байтұрсынұлы (1873–1938)
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтың ұлы ағартушысы, ақын, аудармашы, әдеби мұраны жинаушы және зерттеуші, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Иван Андреевич Крылов (1769–1844)
Орыс жазушысы, драматург, көрнекті мысалшы ақын. Мысал жанрын жаңа сатыға көтеріп, есімі әлемге танылды.
Ахмет Байтұрсынұлы И. А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып, оларды «Қырық мысал» деген атпен кітап етіп шығарған. Соның бірі — бүгін қарастырылатын «Аққу, шортан һәм шаян» мысалы.
Мысал дегеніміз не?
Мысал — адам бойындағы кемшіліктерді сынап, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттерді дәріптейтін шығарма. Мұнда кейіпкер ретінде өсімдіктер, жануарлар, құстар алынады.
Ой қозғау: кейіпкерлер туралы мәлімет
Аққу қандай құс?
Аққу — сұлу, нәзік, өте сезімтал әрі сақ құс. Көлде сырғып жүзеді, қамыстың арасына ұя салады. Ерекше сұңқылдаған үні бар. Аққулар — табиғаттың сирек кездесетін ғажайып туындысы; елімізде оларды аулауға тыйым салынған.
Шортан қандай балық?
Шортан — ірі жыртқыш балық. Қазақстанның көптеген табиғи су айдындарында кездеседі. Дене пішіні жебе тәрізді, басы жалпақ, түсі тіршілік ортасына қарай өзгеріп отырады. Қорегін шөп арасында жасырынып тұрып, атылып барып ұстайды. Еті үшін көп ауланады.
Шаян туралы не білеміз?
Шаян — қысқа құйрықты, басы кішкентай, мұрттары қысқа жәндік. 4000-нан астам түрі бар. Теңізде, тұщы суда және кейбірі құрлықта тіршілік етеді. Өлекселермен және омыртқасыздармен қоректенеді.
Оқулықпен жұмыс
- Мысалды мәнерлеп оқу.
- Оқушыларға кезекпен оқыту.
- Аққу, шортан, шаян бейнеленген сюжеттік сурет бойынша әңгімелеу.
Топтарға арналған сұрақтар
- 1-топқа: Мысалда кейіпкерлер не істемекші болды?
- 2-топқа: Олар жүкті неге орнынан қозғалта алмады?
- 3-топқа: Мысал бізді неге шақырады?
Сөздік жұмысы
- Ғибрат
- Үлгі, тәрбие, өнеге.
- Һәм
- Және.
Сергіту сәті
Ал, балалар, тұрайық,
Қане, қанат жазайық.
Аққу болып ұшайық,
Көлде жүзген балықтай,
Жүзіп, жүзіп алайық.
Шығармашылық жұмыс
I топ: «Аққулар»
- А. Байтұрсынұлының түйінді ойы қай тұста берілгенін анықтау.
- Мысалдың негізгі үндеуін тұжырымдау: «Бұл мысал бізді неге шақырады?»
II топ: «Шаяндар»
Бірлік пен ынтымақ туралы білетін мақал-мәтелдерді жазу.
III топ: «Шортандар»
Мысалды сахналық қойылым ретінде дайындау: мәтінді диалогке айналдырып, шағын импровизация жасау.
Диалогке үлгі
Автор: Бір күні Аққу, Шаян, Шортан үшеуі кездесіп қалады. Олар үстіне жүк тиелген арбаны көріп, қатты қуанады.
Аққу: Достар, келіңдер, мына арбаны әуеге тартып шығарайық.
Шортан: Мұны көлге апарайық.
Шаян: Жоқ, одан да мұны құмға апарайық.
Автор: Сөйтіп үшеуі үш жаққа тартып, арбаны орнынан қозғалта алмайды.
Қорытынды
Топтық нәтиже
Әр топ өз атауына байланысты 5 жолды өлең құрастырады: «Аққу», «Шортан», «Шаян».
Не үйрендік? Не білдік?
Оқушылар мысал жанрының ерекшелігін түсініп, ынтымақ пен бірліктің маңызын талқылап, ортақ мақсатқа бірлесе әрекет етудің қажеттігін қорытындылайды.
Үйге тапсырма, бағалау және кері байланыс
Үйге тапсырма
- Мысалды мәнерлеп оқып, мазмұнын түсініп келу.
- Кейіпкерлердің суретін салып, әрқайсысына мінездеме жазу.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, топтық жұмысқа қатысуы, жауаптарының нақтылығы және шығармашылық тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.
Кері байланыс
Сабақ соңында оқушылар өз әсерін қысқаша жазып немесе ауызша айтып, бүгінгі жұмыстың нәтижесін бағамдайды.