Балаларға жалпы қарттар туралы түсінік беру

Тәрбие сағатының мәліметі

Жалпы ақпарат

Орналасқан жері
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы
Білім беру ұйымы
№9 «Балауса» балабақшасы
Тәрбиеші
Алпысбаева Күміскүл Әбдіғаниқызы
Топ
Мектепалды даярлық тобы

Сабақтың өзегі

Тақырып

«Қарттар аман болсын!»

Мақсаты

Балаларға қарт адамдар туралы түсінік беру, түсіндіру арқылы ой-өрісін кеңейту және үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Әдісі

Түсіндіру, көрсету, әңгімелеу

Көрнекілігі

Қарттардың суреттері

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Балалардың назарын сабаққа аудару, жаңа тақырыппен таныстыру.

  • Жылы амандасу және қысқа әңгімелесу
  • Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижені түсіндіру

II. Негізгі бөлім

Қарттар деп біз ең алдымен өз үйіміздегі ата мен әжені айтамыз. Біз ата-әжелерімізді жақсы көреміз, сондықтан оларды құрметтеу — әр баланың міндеті.

Құрмет көрсету

Үлкендерге сәлем беру, ізет таныту, жылы сөз айту.

Көмек қолын созу

Үйде де, көшеде де қолғабыс ету, қажет кезде демеу болу.

Күнделікті әдеп

Көшеде жол беру, автобуста орын ұсыну — үлкенге құрметтің нақты көрінісі.

Әңгіме: «Кішіпейілділік — кісілік белгісі»

Бұл әңгімеде әжей, оның немересі және автобустағы бір бала туралы айтылады. Автобус іші лық толып, бос орын болмайды. Сол сәтте бір бала әжейге өз орнын ұсынады. Бұл — баланың жақсы тәрбиесінің, үлкенге деген сыйластығының айғағы.

Кішіпейілділік

Адамның ізетті, қарапайым бола білуі.

Мейірімділік

Қол ұшын беруге әрдайым дайын тұру.

Адамгершілік

Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу.

«Кішіпейілділік — кішілік емес, кісілік».

Халық даналығы

Қорытынды ой

Автобуста да, көшеде де ата-әжелерге орын беріп, жол беру — сыйластықтың белгісі. Үлкендерді құрметтеу арқылы біз өзіміздің тәрбиемізді көрсетеміз.

Ата-әжеге арналған тақпақтар

Балалар өз ата-әжелеріне деген ықыласын өлең жолдары арқылы білдіреді.

1-тәрбиеленуші

Ата — үлкен, кәріміз,
Қуат берер дәріміз.
Әулиедей аялап,
Ардақтаймыз бәріміз.

2-тәрбиеленуші

Қарттар жүрсін ортада,
Өткенді көрген шежіре.
Аман-сау жүрсін әрқашан,
Сыйлаған бақыт біздерге.

3-тәрбиеленуші

Әжетайым — тірегім,
Кеудемде соққан жүрегім.
Шаттансам шығып қияға,
Қиналсам сен де жүдедің.

4-тәрбиеленуші

Әжетайым — ардағым,
Борышымды өтеу — арманым.
Ұмытылмас мен үшін
Ұйқыдан талай қалғаның.