Даламның даңқындай боп тұршы биік

Өлкем жайлы ойласам - Жұбан Молдағалиев

Жем қайда, Жайық қайда, Сағыз қайда?
Ескі өлең еске түсті бағзыда ойға.
Ашылып үрпілері, әне өзендер,
Далаға дән тасқынын ағызған ба?
Тіл білсе толғар еді тұмса Нарын -
Куәсі газ түздердің, құм сонардың.
Қысы жұт, жазы жалақ жылдар өтті,
Тартпады тауқыметін кім солардың?
Шөлдетті Исатай мен Махамбетті,
Құмар боп құмаршыққа атам да өтті.
Күй қылып кісен үнін Құрманғазы,
Қарғаған топан дертті, жапанда орны...
Осындай сыр шертеміз баламызға,
Төркіндеп туған жерге барамыз да. -
Білмеймін, сене ме олар, сенбей ме не,
Ұқсайды бәрі ертегі, бәрі аңызға.
Сақтайды есте сәби көз көргенін,
Ұқпас та қай жер қалай өзгергенін.
Бүгінше әзір асқа тік қасық ол,
Ертең - ақ егесе де ез бермегін.
Ол үшін бәрі дайын - жатыр алда,
Жер алда, даяшы алда, батыр алда.
Сол үшін мыңғырған мал қаймақ - майы,
Балық та сол үшін жүр Атырауда.
Көріп ол думан өмір паң даланы,
Күледі, қызығады, таң қалады.
Ішінде бойшаң егін адасады,
Шарлайды түзде туған сән қаланы.
Есінде қалады Ембі суреттері,
Шалқыған каналдардын сулы өткелі.
Күйіндей Құрекеннің күмбірлейді
Толқыған Ақ Жайықтың ну көктемі...
Қазақтың осындай бір байтақ елі
Жыр болып көз алдыма қайта келді.
Еңку - еңку жер шалған ердің ісі
Тынды деп Махамбет те айтар еді.
Бүгінде өлкесінің өзі өлең,
Батырдай ерлік ерен, сөзі берен.
Танисың тағы да бір кереметін.
Қарасаң егіншінің көзіменен.
Жем қандай, Жайық қандай, Сағыз қандай!
Нағыз бай - маңыз қандай, аңыз қандай!
Толқыннан түлеп өсіп
Шығанақтар
Дауылдап дән тасқынын ағызғандай.
Өлеңім - өрендерің, өркендерің,
Жаңарған жомарт жерің, көркем көлім.
Даламның даңқындай боп тұршы биік.
Қадірлі, қасиетті өлкем менің!
1962



Ұқсас жұмыстар

Махамбетті жырлау – халықтың рухын жырлау
Қазақ әдебиетінде үлкен орын алатын шығармаларды ірі тұлға қазақтың тарихи мұраларымен айқындау
Мен туған елімді сүйемін!
Ұлықбек Есдәулетұлының ақындық мұрасы
Ұ. Есдәулетов поэзиясындағы азаматтық үн
Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ. .
Cұлтанмахмұт Торайғыровтың ағартушылық идеясы
Қадар Мырзалиев шығармаларындағы экология мәселесі
Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы ұлттық болмыс көрінісі
Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты
Тілі мен ділі берік ұлттық рухы биік
ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕЙ ТҮСУДЕ
Сендердің бәріңде менің алдымда тірі кісідей боп тұрдыңдар
Бопай ханым Әбілқайырдың жан - жақты мәселелерін шеше отырып, ханымның айтқан ақылдарын тыңдап отыруы
Бай баласы мен жарлы баласы - Ыбырай шығармаларының биік шыңы
Қазақ халқының рухани биіктігі мен біліктілігінің куәсі - бай фольклоры мен жазба әдебиеті
Еуразиялық одақ қос құрлықты мекендеген мемлекеттер мен халықтар арасындағы интеграцияны жаңа сапалы биіктікке көтеру
Менің туып өскен жерім көк аспанда бұлты жоқ көк жалауы биіктен желбіреген егеменді Қазақстан
Пырақтардың қанаттары болашақтың ертеңі жас ұрпақтың арманы биікке самғау талабы
Жәнібек хан боп тұрды орнын басып, Өнері Керей ханнан тұрды асып