Отан деген менің үйім, туған жерім

Кіріспе

Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды күніміз,
Жарқырайды даламыз.
Біз бақытты баламыз!

Осы шумақпен «Менің Отаным – Қазақстан» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

Мемлекеттік әнұран

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалады.

Сұрақ

Балалар, сендер қандай ән орындадыңдар?

Жауап

Қазақстан Республикасының әнұранын орындадық.

Дұрыс. Әрбір республиканың өз ерекшелігін білдіретін әнұраны, туы, елтаңбасы болады. Біз оларды мемлекеттік рәміздер деп атаймыз.

Мемлекеттік рәміздер туралы түсінік

Ту

Бұл — біздің туымыз. Тудың түсі аспанның түсіне ұқсайды: көгілдір көк аспандай. Ортасында күн, ал астында қалықтап ұшқан бүркіт бейнеленген.

Елтаңба

Бұл — елтаңбамыз. Онда шаңырақ, күн сәулесі, бес бұрышты жұлдыз және «Қазақстан» деген жазу бар.

Құрмет мәдениеті

Үлкен мерекелерде туымыз көтеріледі, әнұранымыз орындалады. Рәміздерімізді үлкен де, кіші де құрметтеп, жоғары ұстауы тиіс. Туды да, елтаңбаны да әрқашан қастерлеу — әр азаматтың міндеті.

Астана туралы

Сұрақ

Балалар, біздің Отанымыздың астанасы қай қала?

Жауап

Астана қаласы.

Ел бөбегі — бүлдіршін жас баламыз,
Астанамыз — Астана, бас қаламыз.

Балалардың тақпақтары: рәміздер

Әділет

Ту туралы

Көк туымыз бетінде,
Қыран бүркіт қанатты.
Сол қырандай еркіндеп,
Біз өсеміз талапты.

Айжан

Ту туралы

Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда,
Биікке іліп қояды.

Яна

Елтаңба туралы

Елтаңбасы елімнің,
Қандай айбат, әдемі.
Тұнығындай көңілдің,
Ортада аспан әлемі.

Нұржол

Елтаңба туралы

Құт-береке — шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ,
Екі жақтан көмкерген.

Жарайсыңдар, балалар. Біз Қазақстанда тұрамыз, демек, Отанымыз — Қазақстан. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген мақал бар. Сендер үлкен болып өскенде Отанымызды қорғайтын азамат боласыңдар.

Отан деген не?

Отан дегенді қалай түсінесіңдер?

Айзат

Отан деген — менің үйім, туған жерім.

Айшат

Менің жүрегім Отан деп соғады.

Рүстем

Азаматқа лайық — Отанымның ұлымын.
Отанымды қорғайтын азаматтың бірімін.

Отан деген — атамекен,
Отан деген — туған жер.
Отан — ана, Отан — үлкен,
Қазақстан — туған ел.

Ел басшысы туралы

Сұрақ

Қазақстан Республикасының ел басшысы кім?

Жауап

Нұрсұлтан Назарбаев.

Дильяра

Шықты тарап ой данадан,
Бер қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар президенті.

Тіл — егеменді елдің белгісі

Егеменді елдің басты белгісінің бірі — тіл. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Қазақ тілі — біздің ана тіліміз.

Армат

Тілім барда мақтанам,
Тілім — менің аппақ ән.
Бірлігімді бүгінгі,
Ана тілім сақтаған.

Досымжан

Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.

Отан туралы мақал-мәтелдер

  • Отан — оттан да ыстық.
  • Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.
  • Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас.

Сендер Отан туралы жан-жақты білетіндеріңді көрсеттіңдер.

Қорытынды

Міне, балалар, өміріміздің жалғасы, еліміздің қорғаны әрі тірегі болыңдар. Абай атамыз айтқандай:

«Сен де бір кірпіш дүниеге,
кетігін тап та, бар қалан».

Бүгінгі бүлдіршіндеріміз қоғамымызға кірпіш болып қалана берсін деген тілекпен тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Автор туралы мәлімет

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Ұялы ауылы, Ш. Жексенбаев атындағы орта жалпы білім беретін мектеп-балабақшасының бастауыш сынып мұғалімі — Заева Айнұр Нұрмағанбетқызы.