Тілдік объектілерді талдау жаттығулары

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың тақырыбы

Етістік категориясы бойынша өтілген материалға арналған жаттығу жұмыстары.

Сабақтың түрі

Семинар сабағы.

Сабақтың әдістері

  • Ауызша баяндау
  • Зерттеу
  • Жүйелеу
  • Сұрақ–жауап
  • Қайталау
  • Тілдік талдау
  • Тіл ұстарту

Мақсаттар

Білімдік мақсат

Етістік категориясының лексика-грамматикалық ерекшеліктерін, сөз таптарының ішінде формаға бай категория екенін және өзге сөз таптарынан айырмашылығын семинар сұрақтары арқылы талдатып, оқушылардың меңгеру деңгейін анықтау. Сонымен бірге етістік бойынша сатылай комплексті талдаудың толық үлгісін көрсету.

Дамытушылық мақсат

  • Семинар сұрақтарын өз бетінше әзірлеуге баулу.
  • Лекция материалын тұжырымдап, сызба-кестеге түсіруге үйрету.
  • Сызба-кестеге сүйеніп, материалды жүйелі әрі ғылыми стильде баяндау дағдысын қалыптастыру.

Тәрбиелік мақсат

Ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, үлгі-өнеге, ұлттық намыс туралы ата-бабамыздан қалған қанатты сөздер мен әңгіме үзінділерін жаттығуларға негіз етіп, ұлағатты сөздердің мән-мағынасын терең түсіндіру.

Көрнекіліктер мен оқу құралдары

Көрнекіліктер

  • Кесте
  • Сызба
  • Карточкалар

Қажетті әдебиет

Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991.

Жаттығулардың түрлері

Бекіту жаттығулары

Теориялық материалды нығайтуға бағытталған тапсырмалар.

Ажырату жаттығулары

Тілдік объектілерді табу және ажырату тапсырмалары.

Дәлелдеу жаттығулары

Категорияларды анықтап, ерекшелігін негіздеп көрсету.

Талдау жаттығулары

Етістікті және мәтінді жан-жақты тілдік талдаудан өткізу.

Тіл ұстарту жаттығулары

Көркем мәтін арқылы сөйлеу мәдениетін, талдау дағдысын дамыту.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, зейінін сабаққа шоғырландыру.

2) Семинар сұрақтары арқылы қайталау

Оқушылар топтарға бөлініп, теориялық материалды жүйелі түрде қайталайды. Сабақты ұйымдастыруда етістікке арналған 17 кесте басшылыққа алынады. Кестедегі жүйе бойынша етістік категориялары топтарға бөлініп беріледі.

1-топ

Етістіктің мағыналық жақындықтары бойынша жіктелуі; лексика-грамматикалық мағынасы мен синтаксистік қызметі тұрғысынан жіктелуі.

2-топ

Етістіктің морфологиялық құрылымы және мағыналық топтары.

3-топ

Етіс категориялары.

4-топ

Рай категориясы.

5-топ

Шақ категориясы.

Теориялық материал толық еске түсірілгеннен кейін практикалық жаттығулар орындалады.

1) Теориялық материалды бекіту

Мақалдарды оқып, мағынасын түсіндіріңдер. Етістіктерге сатылай комплексті талдау жасаңыздар.

Батыр болар бала бесікте жатқанда-ақ білінеді, жүйрік болар тай кермеде тұрып керілер.
Ұлдың жақсы болмағы — әкеден, қыздың жақсы болмағы — шешеден.

Сатылай комплексті талдаудың үлгісі

«тұрып»

  • Құрамы: тұр + ып.
  • тұр — негізгі түбір морфема (бөлшектенбейтін, мағына беретін бөлік).
  • -ып — өткен шақтық көсемшенің жұрнағы.
  • Дара, негізгі; салт; болымды; қимыл-әрекет етістігі.

«керіледі»

  • Құрамы: кер + іл + е + ді.
  • кер — негізгі түбір морфема.
  • -іл — ырықсыз етіс жұрнағы.
  • -ді — жіктік жалғауының III жағының грамматикалық көрсеткіші.
  • Салт; болымды; қимыл-әрекет етістігі.

2) Тілдік объектілерді ажырату

Төмендегі мақалдарды көшіріп жазыңыздар, мағынасын түсіндіріңіздер. Етістіктерге тілдік талдау жасаңыздар.

Болатын бала он бесінде «жаспын» деді, болмайтын бала отызында да «жаспын» дейді.
Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол; қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол.

3) Тілдік объектілерді дәлелдеу

Мақалдардан етістіктің категорияларын ажыратып, әрқайсысының ерекшелігіне тоқталыңыздар.

Атаға қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер.
Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш.

4) Тілдік объектілерді талдау

Мәтіннен етістіктерді тауып, сатылай комплексті талдау жасаңыздар.

Тәрбие — төл бесіктен. Ананың ақ сүтімен бірге дариды; сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді. Яғни, жас бала — жас шыбық тәрізді: қалай тәрбиелесең, солай иіледі.

Туған-туысқанын сыйлай білген бала туған елін де, жерін де, тілін де сыйлай алады.

5) Тіл ұстарту

Мағжан Жұмабаевтың төмендегі өлең жолдарын оқып, не туралы айтылғанын баяндаңыздар. Өлеңдегі етістіктерге талдау жасаңыздар.

Сезімді біреу алмас, біреу алар,
Құлағына біреу салмас, біреу салар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар.

Сөйлемді талдау тапсырмасы

Төмендегі сөйлемді көрсетілген жүйе бойынша талдаңыздар: «Ералыдағы жатақтарға қаладан қайтып келе жатқан Абай кеше келді.»

  1. Айтылу мақсатына қарай қандай сөйлем?
  2. Құрылысына қарай қандай сөйлем?
  3. Жай сөйлемнің түрлеріне талдаңыздар.
  4. Сөйлем мүшелеріне талдаңыздар.
  5. Етістіктің құрамын ажыратып, лексика-грамматикалық мағынасына талдау жасаңыздар.

Үй тапсырмасы

«Еңбек етсең ерінбей...» тақырыбында шығарма жазыңыздар және мәтіндегі етістіктерге талдау жасаңыздар.