Дала өсімдіктері мен жануарлары

Сабақ туралы мәлімет

Пәні

Дүниетану

Тақырыбы

Дала өсімдіктері мен жануарлары

Сабақ типі

Аралас сабақ

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Диск (деректі фильм)

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, көрнекілік әдістері.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Дала өсімдіктері мен жануарлары туралы түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

Тіл байлығын, сөздік қорын, ойлау және мазмұндау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Өсімдіктер мен жануарларды қорғауға, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Амандасу, түгендеу, оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

Жылы лебіз (психологиялық дайындық)

Күнге қолдарыңды созыңдар. Күннің жомарт сәулелері ананың нәзік алақанындай аялайды, сипалайды, жылытады. Сиқырлы күн барлық өкпе мен мұңды ерітіп жібереді. Жүрегімізді жылу мен махаббатқа толтырады.

Күн жарығын алақанға саламын,
Жүрегіме басып ұстай қаламын.
Ізгі әрі нәзік, жарық, мейірімді —
Болып кетер сонда дереу жан-жағым.

Осы жылумен сабағымызды бастаймыз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • Шалғынды қорғаудың қандай жолдарын білесің?
  • Шалғындағы жануарларды қорғамаса, шалғынды алқап қандай күйге түседі?
  • Шабындықтағы пішенді қай кезде жинаған дұрыс?
  • «Шалғынды қорғау» тақырыбы бойынша мазмұнын айтқызу.

III. Білімді тексеру

Сұрақтар

  • Шалғын өсімдіктері қай кезде балғын әрі жұмсақ болады?
  • Шалғында қандай жануарлар тіршілік етеді?
  • Бөдене туралы қандай мәлімет алдың?
  • Бөдене жұмыртқасының қандай емдік қасиеті бар?

Назар аударту

Оқушылардың алдыңғы тақырыптан алған білімін нақтылап, жаңа тақырыпқа көпір жасау.

IV. Мақсат қою

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты хабарланады: «Дала өсімдіктері мен жануарлары».

V. Жаңа материалды түсіндіру

1) Кіріспе сұрақтар

  • Дала деп нені айтамыз?
  • Далада қандай өсімдіктер мен жануарларды көрдіңдер?

2) Дала туралы түсінік

Дала — ормансыз жазық алқап. Ол қуаңшылыққа және аязға төзімді көпжылдық шөптесін өсімдіктер басым болатын табиғи аймақ.

Дала көбіне Жер шарының қоңыржай белдеулерінде, қара топырақты, қоңыр және күлгін топырақты өңірлерде таралған. Көп елдерде дала табиғаты негізінен қорықтарда ғана жақсы сақталған.

Түрлері

  • Ылғалды дала
  • Қуаң дала
  • Шөл дала

Қуаң даланың көктемі

Қуаң даланың сәнге бөленетін кезі — көктем. Қар суымен ылғалданған жер көкмайсаға оранып, көз тартады. Көктемде даланы сары гүлді қазжуа мен жауқазындар көмкереді.

3) Ерте көктемгі өсімдіктердің бейімделуі

Қазжуа мен жауқазын сияқты өсімдіктердің сабағының топырақ арасындағы бөлігінде қоректік заттар жиналатын жуашық болады.

Жер кеуіп, құрғақшылық басталғанда жер бетіндегі мүшелері қурайды, ал жуашықтары топырақ арасында жаз бен қыс бойы сақталып, көктемде қайтадан көктейді.

4) Қуаң дала: өсімдіктер мен жануарлар

Өсімдіктер

  • Изен
  • Бұтақараған
  • Көкпек
  • Теріскен
  • Боз
  • Бетеге
  • Жусан
  • Ботагөз
  • Мыңжапырақ
  • Сарыбас жоңышқа

Қуаң дала көбіне мал жайылымы ретінде пайдаланылады.

Жануарлар

  • Бозторғай
  • Бүркіт
  • Суыр
  • Борсық
  • Дала тасбақасы
  • Саршұнақ
  • Тышқан
  • Түлкі
  • Қасқыр
  • Қарсақ
  • Ор қоян

5) Қосымша мәлімет: суыр мен борсық тіршілігі

Далада шағын төмпешіктерді байқасаң, олар суыр төмпешіктері болуы мүмкін. Суырлар үйірімен мекендейді. Төмпешіктері едәуір қомақты: көлденеңі шамамен 10–15 м, биіктігі 1 м-ге дейін жетеді.

Суыр шөптекті өсімдіктермен қоректенеді.

Борсық өсімдік тұқымдарымен, сабақтарының шырынды әрі жұмсақ бөліктерімен және жәндіктермен қоректенеді. Ол жем іздеуге көбіне түнде шығады.

6) Оқулықпен және дәптермен жұмыс

Оқулық

Мәтінді тізбектей дауыстап оқыту.

Дәптер

  • Күн ретін және ауа райын жазу.
  • Дала өсімдіктері мен жануарларын теріп жазу.

VI. Жаңа материалды меңгергенін тексеру

Суреттер арқылы әр өсімдік пен жануардың атауын тапқызып, олардың тіршілігі туралы әңгімелету.

Көрнекілік

«Дала өсімдіктері мен жануарлары» тақырыбында деректі фильм көрсету.

VII. Бекіту

  • Дала қандай түрлерге бөлінеді?
  • Қуаң далаға қандай жерлер жатады?
  • Көктемгі дала адамға қандай әсер қалдырады?
  • Далада қандай бұталар, өсімдіктер және жануарлар кездеседі?
  • Өзің тұрған жерде қуаң дала бар ма? Оның аумағы, орналасуы, жалпы түрі мен бедері туралы әңгімеле.

VIII. Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  • 79–82-беттерді оқу, мазмұнын айту.
  • Дәптерге 82-беттегі бақылауға арналған тапсырманы жазу.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы мен жауаптарының толықтығына қарай бағалау.