Жалпы дене жаттығулары
Ұйқыдан кейінгі сауықтыру-шынықтыру шаралары
Мақсаты
- Балалардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ықпал ету, қан айналымын жақсарту.
- Көзді демалту, арқа, қол және табандағы белсенді нүктелерді ояту.
- Суық тиюдің және майтабанның алдын алу арқылы денсаулықты нығайту.
- Қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту, дене сымбатын жетілдіру.
- Көңіл күйді көтеру, мәдени-гигиеналық талаптарды орындауға дағдыландыру.
Неге маңызды?
Түскі ұйқыдан кейін баланың сергек күйге біртіндеп ауысуы тәрбиешінің ерекше назарын талап етеді. Дұрыс ұйымдастырылған сергіту гимнастикасы денеге жайлылық беріп, психологиялық тұрғыдан жағымды әсер етеді.
Маңызды қағида:
Ұйқыдан оянған баланың ең бірінші көретіні — күлімдеген, жылы жүзді адам болуы керек. Бұл көңіл күйді бірден тұрақтандырады және күннің келесі бөлігіне сенімді қадам жасатады.
Ояту тәртібі
- Ақырын, ырғақты әуен қойылады.
- Балаға біртіндеп оянуға мүмкіндік беріледі.
- Бастапқы қалып: шалқадан жату, қол дене бойымен созылған, дене еркін.
- Әр бала жеке оятылады.
Тұрақтылық
- Гимнастика кешені тұрақты жүргізіледі.
- Әуен бір ай бойы ауыстырылмайды.
- Жаттығулар ойын түрінде өтеді.
- Жаттығулар 1–2 айдан кейін жаңартылып отырады.
Ұзақтығы
Жас ерекшелігіне қарай 7 минуттан 15 минутқа дейін, ал ересек топта 20 минутқа дейін созылуы мүмкін.
Ұйқыдан кейінгі сергіту жаттығуларының негізгі түрлері
1) Төсек үсті жаттығулар және өзін-өзі массаж
Оянғаннан кейінгі алғашқы минуттарда денені жұмсақ «іске қосып», бұлшық еттің тонусын табиғи түрде қалпына келтіруге көмектеседі.
2) Ойын түріндегі массаж
Ойын элементтері балаға тапсырманы жеңіл қабылдатып, көңіл күйді көтереді және топтық өзара әрекетті күшейтеді.
3) Массаж құралдарымен жаттығу
Массаж қолғап, жөкелер, тікенек доп секілді құралдар сезімталдықты арттырып, ұсақ моториканы қолдайды.
4) Табанға арналған кілемшелермен жүру
Табандағы белсенді нүктелерді қоздырып, майтабанның алдын алуға тиімді.
5) Шынықтыру-сауықтыру
Дұрыс ұйымдастырылған шынықтыру шаралары иммунитетті қолдап, жиі сырқаттануды азайтуға бағытталады.
6) Музыкалы-ырғақты жаттығулар
Әуен ырғағы қозғалысты үйлестіруге көмектесіп, сергектік пен эмоциялық тұрақтылық береді.
Ояту кезінде қолданылатын тақпақтар
Тақпақтар оянуды жұмсақ ұйымдастырып, балаларды қимылға ынталандырады. Төмендегі мәтіндер жаттығумен қатар айтылады.
Қысқа сергіту
Бойымызды жазайық,
Қолымызды созайық,
Жаттығулар жасайық,
Ұйқымызды ашайық!
«Балапандар»
Балапандар ұйқыға кірісті,
Балапандар түс көрді,
Ғажайып сиқырлы әлемді.
Оянып, қимылға көшу нұсқаулығы
Көздеріңді ашыңдар,
Кірпіктеріңді көтеріңдер.
Беттеріңді жеңіл қимылмен сипаңдар,
Бір-біріңе жымиыңдар.
Бастарыңды оңға, солға бұрылыңдар,
Ауаны жұтыңдар, содан соң жіберіңдер,
Іштеріңді тартыңдар.
Көңіл күй көтерілді,
Кеуделеріңді алақанмен сипаңдар,
Жұдырықты қысыңдар,
Енді біраз ашыңдар,
Керіліңдер, созылыңдар,
Енді ояндыңдар — төсектен тұрыңдар.
Табанға массаж (жалаңаяқ жүріс)
Әдемі ирек жолдармен
Лақтарша біз ойнақтап,
Тастан-тасқа секіріп,
Жалаң аяқ жүреміз.
Табанға біз нүктелі
Массаж жасауды білеміз.
Бірге орындайық
Бірге секірейік.
Бірге созылайық.
Бірге қолымызды созайық.
Бірге еңбектейік.
Бірге тіземізді ұстайық.
Жуыну туралы
Сылдырлайды мөлдір су,
Мөлдір суға қолыңды жу.
Жуынсаң сен әрдайым,
Аппақ бетің, маңдайың.
Сүлгі туралы
Ақ мақтадай түгі бар,
Қызыл-жасыл гүлі бар.
Жұмсақтығы мамықтай,
Сүртінесің жалықпай.
Тазалықтың досы —
Сүлгі деген осы.
Күннің қорытындысы
Міне, бүгін ойнадық,
Ойнадық та, ойладық.
Көжектер боп жүгіріп,
Сәбіздерді жинадық.
Бүгін жаттығу жаңаша,
Қалмадық біз оңаша.
Біздің балабақшада
Күнде осындай тамаша!
Ұйқыдан кейінгі жаттығулар кешені (ұсыныс)
Мақсат — балалардың физиологиялық жетілуін қолдау, қозғалыс арқылы биологиялық қажеттілігін қанағаттандыру және жағымды эмоциялық орта қалыптастыру. Жаттығуларды дұрыс әрі дәл орындауға біртіндеп үйрету маңызды.
I. Төсек үсті жаттығулары
-
1) «Велосипед»
Қол мен аяқты жоғары көтеріп, аяқтарды кезекпен сермеу.
-
2) «Қайық»
Ішпен жату, қолдар иектің астында. Жоғары тартылып, еңкею, тербелу.
-
3) «Ауыр тас көтеру»
Алақанды жұмып, қолды жартылай көтеріп-түсіру.
-
4) «Шаңғы»
Екі аяқты тізеден бүгіп, кезекпен созып-жинау. Табанды төсек үстіне үйкеу.
-
5) «Ашулы мысық»
Тіземен тұрып, белді бүкірейтіп, басты төмен түсіру.
-
6) «Мейірімді мысық»
Белді бүгіп, басты жоғары көтеру.
II. Жалпы дене жаттығулары
-
1) Арқаға арналған «Ауа райы» массажы
Балалар бірінің артына бірі тұрып, алдыңғы баланың арқасына әртүрлі массаж қимылдарын жасайды.
-
2) Бас пен қолға арналған массаж қолғаптарымен жаттығу
-
3) Мойынға арналған массаж жөкемен жаттығу
III. Алақан мен аяққа арналған жаттығулар
Ұсақ моториканы дамытуға және майтабанның алдын алуға ықпалы зор.
-
1) Алақанға арналған «Кірпі»
Тікенек допты алақанға салып, айналдыру.
-
2) Табанға арналған жаттығулар
Кезекпен ұшымен, өкшемен жүру; табанды домалату қимылдары.
-
3) Бақайға арналған жаттығулар
Бақайларды қысу-ашу, ұсақ заттарды бақаймен іліп көру.
IV. Нүктелі массаж (суық тию мен тұмаудың алдын алу)
Бұл бөлім балалардың денсаулығын нығайтуға, дене сымбатын жетілдіруге және қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытуға көмектеседі.
A) Тамақ ауырмасын
Қолмен тамақты жоғары-төмен жұмсақ уқалау.
Ә) Түшкіріп, тұмауратпау үшін
Нұсқаушы саусақпен танаудың екі жағын кезекпен үйкеу.
Б) Маңдайды уқалау
Қолды маңдайға қойып, айналдыра жұмсақ уқалау.
В) Құлақ ауырмасын
Нұсқаушы және ортаңғы саусақпен құлақты алдынан және артынан уқалау.
Қорытынды сөз: Керемет, балалар! Бізге ешқандай суық тию кедергі болмайды. (Соңында алақанды уқалау.)
V. Тыныс алу жаттығулары
Тыныс алу жаттығулары өкпенің жұмысын жетілдіріп, қан айналымын жақсартады. Үрлеу әдістерін (жеңіл үрлеу, ұзақ үрлеу) қолдануға болады.
- Мұрынмен тыныс алу, ауызбен шығару.
- «Шырақ өшіру» тәрізді жай үрлеу.
- Ырғақпен: 2–3 санағанда жұту, 3–4 санағанда шығару.
VI. Кедір-бұдыр жолдармен жүру
Табанға массаж жасау — шынықтырудың тиімді түрі. Ол табандағы белсенді нүктелерді қоздырып, майтабанның алдын алуға көмектеседі.
Табиғи беткейлер
Құмды, тасты және сулы жерлермен қауіпсіз жүріп өту.
Кілемшелер
Әртүрлі кедергілері бар массаж кілемшелерін басып жүру.
Автор туралы
ШҚО, Аягөз қаласы, КМҚК «Аягөз қалалық №6 бөбекжай-балабақшасы» тәрбиешісі Адильханова Айгерім Бейсенғазиновна.
Ескерту
Жаттығуларды балалардың жас ерекшелігіне және қауіпсіздік талаптарына сай бейімдеп өткізу ұсынылады.