Табиғатқа байланысты сын есімдерді жазу

ШҚО, Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылы

Амангелді орта мектебі КММ — бастауыш сынып мұғалімі: Ошаева Айгүл Тлектесовна

Сабақтың тақырыбы: Сын есімді қайталау

Сабақтың мақсаты

  1. Сын есім туралы алған білімдерін жинақтау, бекіту және қорыту.
  2. Ойлау және есте сақтау қабілеттерін арттыру, сөздік қорын молайту, сөйлеу мәдениетін дамыту.
  3. Өзара сыйластыққа, адамгершілікке, ынтымақтастыққа тәрбиелеу; табиғаттағы тіршілік иелерінің әсемдік, көркемдік сипатын таныту; жинақылық пен шапшаңдыққа баулу.

Көрнекілігі

Суреттер Видеомагнитофон Теледидар Сызбалар Мақал-мәтелдер Диаграмма Доп Тест тапсырмалары

Сабақтың сипаттамасы

Типі
Қайталау сабағы
Әдісі
Сұрақ-жауап, ауызша және жазбаша жұмыс, көрсету, сызбалармен жұмыс, жаңа технология элементтері (сын тұрғысынан ойлау, тест).

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық: оқушылар бір-біріне жылы тілек айтады. Мұғалім сабаққа даярлықты және қатысымды тексереді.

Сұрақ-жауап

  • — Қазір қай сабақ?
  • — Қазір қазақ тілі сабағы.

Тіл туралы шумақ

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім. Қастерлейді ұл-қызым мәңгі сені, Болашағым, бақытым, дара тілім.

Қазақ тілі — кемеңгер ақын-жазушылардың тілі. Ендеше, бүгін қазақ тілін қаншалықты меңгергенімізді байқап көрейік.

II. Өткен сабақты пысықтау

Ой ашар

Қазақ тілінде қанша сөз табы бар?

Зат есім Сын есім Етістік Сан есім

Осы сөз таптарының ішінен қайсысын өттік? — Сын есім, зат есім, етістік.

Ойын: «Сен маған, мен саған».

Үй тапсырмасы

«Отан» тақырыбына сын есімдерді қатыстыра отырып өлең жазу.

Жинақтау

  • Сын есім дегеніміз не?
  • Сын есімнің сұрақтары.
  • Сын есімнің түрлері.
  • Ассоциация құру (сызбаға түсіру).

III. Қызығушылықтарын ояту

а) Бейнематериал

Видеомагнитофон арқылы облысымыздың табиғаты көрсетіледі. Табиғатқа қатысты сын есімдерді дәптерге жазу.

Назар аударатын дағды

Көрген бейнеден сын есімдерді табу және оларды зат есімдермен байланыстыру.

ә) Поэзия минуты

Оқушылар туған жер мен жыл мезгілдері туралы жазған өлеңдерін оқиды. Өлең ішінен сын есімді тауып, оған қатысты зат есіммен бірге айтады.

Жаз

Көктем бітіп болған соң, Жаз келеді күлімдеп. Жап-жасыл боп жапырақ, Көзге түсер бірден кеп.

Қыс

Қыс мезгілі келіпті, Айнала аппақ болыпты. Шырша, тоғай, қайыңдар Ақ көйлегін киіпті.

Жаз

Жап-жасыл болып жаз келер, Құстар сайрап, күн жылыр. Гүлдер шығып жайқалып, Күн шуағын шашады!

Туған жер

Туған жерім — кең далам, Ашық аспан төбемде. Жайнап тұрса гүлдері Өзім өскен өлкеде.

Жаз

Жасыл жерде ойнадым, Жаз келді деп қуанып. Жасыл, сары гүл теріп, Әдемі бір жерлерде.

Қыс

Міне, келді қыс мезгілі, Ағаштар киді ақ көйлекті. Шаңғы, коньки сатып алып, Асыр салды бала бір топ.

б) Венн диаграммасы

Ұқсастық пен айырмашылықты анықтау үшін Венн диаграммасы құрылады.

в) Сергіту сәті

Ұзын құлақ, сұр қоян, Естіп қалып сыбдырды. Ойлы-қырлы жерлермен, Ытқып-ытқып жүгірді. Қарап еді артына, Қиығын сап көзінің, Келе жатқан томпаңдап, Көжегі екен өзінің!

IV. Оқулықпен жұмыс

Ой қозғау

396-жаттығу (тақтамен жұмыс)

Алма қызыл дәмді үлкен сары

398-жаттығу (өздігінен жұмыс)

Ақ сандық, қабат-қабат тон, қара үңгір, қара тас, аппақ қар, тәтті бал.

ә) Мақал-мәтелдер

Сын есімді табу және сөз құрамына талдау жасау.

  1. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
  2. Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.
  3. Отан — оттан да ыстық.
  4. Жуас түйе — жүндеуге жақсы.
  5. Бетегеден биік, жусаннан аласа.
  6. Арық сөйлеп, семіз шық.
  7. Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.

б) Ойын: «Мен қандаймын?»

Әр оқушы есімінің алғашқы әрпінен басталатын сын есімді қосып айтады.

Мысал: Жандос — жағымды. Назерке — нәзік.

в) Суретпен жұмыс

Берілген сөздер бойынша сөйлем құрау немесе шағын әңгіме жазу.

Мақсат

Сын есімді зат есіммен байланыстырып, ойды жүйелі жеткізу.

г) Сергіту сәті (доппен)

Мұғалім допты оқушыға лақтырып, «шөп» дейді. Оқушы допты қағып алып, «жасыл» деп жауап беріп, допты қайтарады.

V. Топпен жұмыс

а) 397-жаттығу (тақтамен жұмыс)

Қарама-қарсы мәндес сөздерді жұптау:

семіз — арық
арзан — қымбат
жаңа — ескі
жуас — асау
қараңғы — жарық
қою — сұйық

ә) Топтастыру

Берілген сөздерге байланысты топтастыру кестесін жасау (мысалы: қызық, жылқы).

Міндет: сөздерге тән белгілерді (сын есімдерді) тауып, жүйелеу.

б) Жұмбақ шешу — I топ

  1. Үй үстінде ұсақ тас. (Жұлдыз)
  2. Белі бүкір, алысқа түкір. (Мылтық)
  3. Апан-апан, ескі шапан, иір қобыз, жарық жұлдыз. (Түйе)

б) Жұмбақ шешу — II топ

  1. Көк күшігім көкке қарап ұлиды. (Түтін)
  2. Екі басы жұдырықтай, ортасы қылдырықтай. (Құмырсқа)
  3. Жағалай-жағалай тас қойдым, жирен атты бос қойдым. (Тіл)

в) Ойын: «Кім бұрын?»

Берілген сөзге синоним және қарсы мәндес сөз табу.

Берілген сөз Синоним Қарсы мәнді
Тентек Сотқар Жуас
Семіз Қоңды Арық
Ну Қалың Сирек
Таза Мөлдір Лай
Шебер Ісмер Олақ
Икемсіз Орашалақ Епті

VI. Білімді бекіту

Тест тапсырмаларын орындау арқылы тақырып бойынша білім бекітіледі.

Нәтиже: сын есімді тану, сұрақтарын ажырату, зат есіммен байланысын дәлелдеу.

VII. Үйге тапсырма

Сын есімдерді қатыстыра отырып, «Туған жер» тақырыбына шағын шығарма жазу.

Кеңес

Кемінде 6–8 сын есім қолдану және оларды зат есімдермен дұрыс байланыстыру.

VIII. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы, топтық жұмысқа үлесі және тест нәтижелері бойынша бағаланады.