Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы

Ұрпақ тәрбиесі — ұстаздан басталады

«Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаз қолында». Н. Ә. Назарбаев

Ұрпақ тәрбиесі ұстаздан бастау алатыны белгілі. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуі, бәсекеге қабілетті, саналы тұлғаны қалыптастыруы ең алдымен мұғалім берген білімнің сапасымен өлшенеді.

Бүгінгі таңда заман талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру — мемлекеттің маңызды стратегиялық бағыты. Бұл міндет мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктейді.

Мектептің жаны — мұғалім

«Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ». Яғни мұғалім білімді болса, мектептен шыққан шәкірт те білімді болады. А. Байтұрсынұлы «Мектеп керектері» еңбегінде:

«Ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика мен әдістемеден хабары бар, жақсы оқыта білетін мұғалім».

Демек, білім ордасы — мектеп болса, сол мектептің жүрегі мен тірегі — мұғалім екені айқын.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев ХХІ ғасырда білімі дамымаған ел тығырыққа тірелері сөзсіз екенін атап өткен. Себебі ХХІ ғасыр қоғамы жан-жақты дамыған, білімді, өз ісіне де, өзгенің ісіне де әділ баға бере алатын, өзіне сенімді, Отанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын азаматты талап етеді.

Мұғалім, ұстаз атауы — әр адамның жанына жақын, жүрекке жылы ұғым. Мен де ұлы жолға бастайтын мұғалімдік мамандықты таңдадым. Оның ішінде сөздің киесін танытып, рухани азық беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманымын.

Қазақ тілі мұғалімінің басты міндеті

  • Оқушылардың сөздік қорын молайту, тіл байлығын жүйелі дамыту.

  • Қоғам дамуына сай пайда болған жаңа атаулар мен ұғымдарды таныту және оларды өмірлік қажетке жаратуға үйрету.

  • Тілді мамандыққа сәйкес оқытудың мазмұны мен әдістемесін жаңарту, оқу үдерісін жетілдіру.

  • Лексиканы меңгертуде жаңа терминдерді анықтау, таңдау, сұрыптау және оны оқушыға жеткізудің тиімді жолдарын табу.

Инновациялық тәжірибе және педагогикалық технология

Бүгінгі мұғалім инновациялық іс-әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үдерісінде жүйелі қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы тиіс.

Жаңа педагогикалық технологияны енгізу әдетте кезең-кезеңімен жүзеге асады:

  1. 1

    Оқып-үйрену

    Жаңалықтың мазмұнын түсіну, теориялық негізін ұғыну.

  2. 2

    Меңгеру

    Әдісті тәжірибеде қолдануға дайындық, дағды қалыптастыру.

  3. 3

    Өмірге ендіру

    Оқу үдерісіне жүйелі енгізу, нақты нәтижеге бағыттау.

  4. 4

    Дамыту

    Тәжірибені жетілдіру, тиімді тәсілдерді кеңейту және жаңарту.

Бәсекеге қабілетті мұғалім кәсіби шеберлігін үнемі арттырып отырады: жетістігі мен кемшілігіне өзіндік баға береді, әлсіз тұстарын жетілдіру үшін озық тәжірибені шығармашылықпен қолданады, педагогикалық жаңалықтардан қалмай, үнемі ізденісте болады.

Өйткені мұғалімді өзін-өзі шығармашылықпен дамытуға үйрету — қазіргі жаңаша білім берудің өзегі. Мұғалімнің өзіндік дамуы жеке белсенділік арқылы бірте-бірте күрделенген міндеттерді шеше отырып, рухани және кәсіби өсуін қамтамасыз етуді білдіреді.

Ойлау мәдениеті және жаңашылдық

Ғұлама ғалым Әл-Фараби «Логикаға кіріспе» трактатында логика өнері адам санасын қателіктен сақтап, дұрыс ойлауға бастайтынын, саналы қорытынды жасауда адастырмайтынын айтады.

Шығармашылық ойлау мұғалімнің даралығын күшейтіп, кәсіби деңгейін шыңдайды. Нәтижесінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері пайда болып, білім беру технологиясы оқушының ақыл-ойын дамытуға, білім-білігін бекітуге, ой-өрісін кеңейтіп, оны тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталады.

Қорытынды

Болашақта өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтар өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірмен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

Болашағымыз білікті де білімді жастардың қолында десек, сол жастарды мектеп табалдырығынан бастап дайындау — біздің қолымызда. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда шәкірт бойына білім сіңіру — әрбір ұстаздың азаматтық әрі кәсіби міндеті.

Өйткені ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды.