Көрісу мейрамы

14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі)

Бұл тәрбие сағатының мақсаты – оқушыларды халқымыздың салт-дәстүрлерінің бірі болған Амал мерекесінің ерекшелігімен таныстыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге және сыйластыққа баулу.

Тәрбие сағаты Наурыз дәстүрі Көрісу Амал

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін Наурыз мейрамына арналған «14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі)» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

Наурыз мейрамында екі мазмұн қабаттаса жүреді: бірі – қазақы түсініктегі Жаңа жыл, екіншісі – Күн мен Түннің теңелуі. Наурыз мерекесі 1988 жылдан бері ресми түрде қайта жаңғыртылып тойлана бастады. Ал оған дейін елдің бірқатар өңірінде 14 наурыз күні жаңа жыл «Амал» атауымен кеңінен аталып келген. Кейін бұл дәстүр Наурыз мерекесімен сабақтастырыла біріктірілді.

Наурызға арналған жыр шумақтары

Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,
Нұрға бөлеп міне жатыр маңайды.
Мал біткеннің бал татыған уызы,
Қуат болып қанымызға тарайды.

Төрт түлік мал халқымыздың сүйері,
Көңілімнің күмбірлеген күйі еді.

Олай болса, сыныбымыздың күйші қызы Төребаева Гүлнарды ортаға шақырамыз. Сондай-ақ Наурыз мерекесіне арналған өлең шумақтарын Қалдыбек, Ләззат, Айжан оқиды.

«Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күй, көңілге түрлі ой салар…» дегендей, Қонтуаров Атаниязды мерекелік әнімен ортаға шақырамыз.

  • Би: «Қара жорға»
  • Ән: Ықылас Аслан – «Ана-әке»
  • Көрініс: «Амал»

Амал атауы туралы қысқаша түсіндірме

Кейбір түсіндірмелер бойынша, «Амал» атауы Тоқты шоқжұлдызымен байланыстырылады: ол – сол шоқжұлдыздағы ең жарық жұлдыздардың бірі ретінде айтылады.

Араб тіліндегі «хамәл» сөзі «қозы» деген мағына береді. Ежелгі түркі танымы тұрғысынан қарастырғанда, бұл атаудың «ұсақ мал» ұғымымен сабақтас болуы мүмкін екені айтылады. Яғни «мал» сөзінің бастапқы семантикалық қабатында «ұсақ мал» мәні жатқанын меңзейтін пікірлер кездеседі.

Көрісу күні: мәні мен жоралғылары

14 наурыз – Көрісу мерекесі. Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып, көріседі. Таң атқаннан әр отбасы алдын ала әзірлеген дастарханын жаяды.

Дастарханға міндетті түрде бауырсақ пісіріліп, тәтті тағамдармен бірге қойылады. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп амандасып, «Бір жасыңмен!» дейді. Бұл сөз: «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деген ізгі тілек мағынасын білдіреді.

Күн тәртібіндегі басты шарт

Көрісу күні әр адам кемінде үш үйдің есігін ашып, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек деп есептеледі.

Бұл жоралғының астарында: «Жыл бойы дастарханымыз берекелі болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін» деген ниет бар.

Көріністен үзінді (диалог)

— Ата, бір жасыңызбен!

— Бар бол, қарағым… Айналайын…

— Айткүл, әжелерге көрістің бе, балам?

— Иә, әже, көрістім. Төлен атамдарға да кірдім.

— Жиенғали жезделерің де жаңа ғана көрісіп шықты. Соларға бара ғой, құлыным.

— Түс болып қалды, үш үйдің есігін ашуға үлгермей қаларсың…

— Пәлі, әлгі Төлен кіріп шықпады.

— Жә, бүгін келмесе, абыр-сабыр болып үлгермеген шығар. Ертең кіріп көрісер…

Бүгінде бұл дәстүр Қазақстанның батыс өңірінде берік орныққан. Бұл күні бауырсақ пен тәттілерді оқушылар мен мұғалімдер мектепке де алып келеді. Көрісіп болған әр адамға дәм ұсынылып, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтылады.

Көрісу мерекесі 14 наурыздан басталып, жыл бойы жалғасын табады: ауылда болмай, кейін келген кісімен кездескенде де, амандық-саулықтан соң қол алысып, «Бір жасыңмен!» деп көрісу – ізеттіліктің белгісі.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мереке елді 22 наурыздағы Ұлыстың ұлы күні – Наурызға жетелейді.

Ақ тілектер

Ақ тілек – бейбітшілік аман болсын!
Елім, жұртым қадірлі аман болсын!
Туғандай бір анадан жамағаттар,
Достыққа берік, мықты, адал болсын!

Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!

Мерекелік бағдарлама

Билер

  • Қыздар – қазақ биі
  • «Вальс» (қыздар мен ұлдар)

Өлең шумақтары

  • Ғани
  • Айжан
  • Жақсылық
  • Жәнібек

Әндер мен хор

  • Айдарбекұлы Абдулла
  • Әуезов Нұржан – «Әке»
  • Қыздар хоры – «Қазақы дастархан»

Қорытынды

Құрметті қонақтар! Бүгінгі Амал мерекесіне арналған тәрбие сағатымыз аяқталды.

Назарларыңызға көп рақмет! Сау болыңыздар!