Кластер Түйебай қандай бала

Сабақтың тақырыбы

Бейімбет Майлиннің «Түйебай» әңгімесі.

Сабақтың мақсаты (білімділік)

  • Бейімбеттің кейіпкер характерін шебер сомдайтын жазушы екенін ұғындыру.
  • «Түйебай» арқылы сол кезеңдегі молдадағы оқу үрдісін және оның шынайы көрінісін таныту.
  • Мәтін мазмұнын меңгерту, негізгі ойды саралату.

Сабақтың мақсаты (дамытушылық)

  • Жазушы тілін зерттеу, тіл көркемдігін таныту.
  • Оқушыларды өз бетінше ізденуге, дәлелді пікір айтуға жетелеу.
  • Сыни тұрғыдан ойлау (СТО) тәсілдері арқылы талдау дағдысын дамыту.

Сабақтың мақсаты (тәрбиелік)

  • Білімге, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, намысқойлыққа баулу.
  • Қатігездікке, зорлық-зомбылыққа төзбеуге тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау, СТО әдістері, проблемалық оқыту.
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, өзін-өзі тану.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Кезекшімен сұхбат.
  • Сабақ мақсатымен таныстыру.
  • Топқа бөлу.

II. Қызығушылықты ояту

Ой қозғау

«Үш бәйтерек»

Үш бәйтерек... Үшеуінің туыстығы қандай бірдей болса, тұрысы да сондай әр бөлек. Бірі — дәйім биікке талпынып, алға ұмтылған өр халықтың асыл арманындай асқақ. Бірі — талайды бастан кешіп, тауқыметке төзіп өскен қауымның сарқылмас сабырынан жаралғандай сом да мығым. Бірі — көпті көріп, көпті сүйген халықтың парасат-парқын, арман-аңсарын, мұқалмас жігерін кең қамтып, кемел сіңіргендей қуатты әрі нәрлі.

Үшеуі де — халқы мен заманының ауыздарынан түсе қалғандай адал ұл. Үш бәйтерегіміз биыл 120 жасқа толып отыр.

Тірек білім

Оқушылардың Бейімбет Майлин шығармаларымен қаншалықты таныс екенін анықтау. Б. Майлин — көркем прозаның зергері, сыршыл да сыншыл лирик, әрі суреткер ақын, драматург, публицист.

Поэтикалық үзік

Сенің зарың — зарлайтыным өмірде,

Сенің арың — арлайтыным өмірде.

Сен не көрсең, мен де соны көремін,

Белді буам ауырға да, жеңілге.

Сен жыласаң — көзден жасым тамшылар,

Сен қуансаң — қайғы-шерім ашылар.

Айт өлеңді кең даланы жаңғыртып,

Қойшы-қолаң, кеше жүрген малшылар.

Өткенді бекіту

Үй тапсырмасы жаңа тақырыппен байланыстырыла отырып талданады.

III. Жаңа сабақ

Мұғалім сөзі

Бейімбет — қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының шебері. «Жырлағаным — кедейдің жыры» деп өзі айтқандай, Б. Майлин шығармашылығы өзі өмір сүрген уақытпен, сол кезеңдегі қалың көпшіліктің тыныс-тіршілігімен біртұтас. 1930 жылдары жазылған әңгімелері бүгінге дейін қазақ оқырманының жадынан өшпейтін көркем мұраға айналды. Сөз зергері шығармаларын өмірден алып, қоғамдық жағдайды да, мезгіл ажарын да дәл бейнелеп отырды.

Үйден «Түйебай» әңгімесін оқып, әр топқа зерттеу жұмыстарын жүргізіп келу тапсырылды.

Топтық зерттеу сұрақтары

I топ

  1. Әңгіменің неге «Түйебай» деп аталғанын қалай түсіндіресің?
  2. Түйебайдың молда оқуындағы жағдайы қандай болды?
  3. «Сен бақыттысың ғой» деген ойды ол сөзбен айтпаса да, көзқарасы еріксіз білдіргендей: осы тұсқа пікірің қандай?

II топ

  1. Әңгіменің бас кейіпкері кім?
  2. Түйебайдың ата-анасының тұрмысы қандай?
  3. «Шоқынып кетсем де, енді молданың алдын көрмеймін» деген қорытындыға неге келді?

III топ

  1. Молдадан кеткеннен кейін Түйебайдың өмірі қалай жалғасты?
  2. Молда неге Түйебайға өшікті?
  3. «Аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын» деп Түйебай неге сол сәтте айта алмады?

Шығармашылық және талдау тапсырмалары

I топ

  • «Түйебай» әңгімесінің композициялық құрылысына талдау жасау.
  • Әңгімені сурет арқылы жеткізу.

II топ

  • Мәтіннен портрет пен пейзажды табу, көркемдік қызметін түсіндіру.
  • Кластер: «Түйебай қандай бала?»

III топ

  • Егер автор болсаң, әңгімені қалай аяқтар едің?
  • Эссе: «Біз бақытты баламыз...»

Тұжырым және пікірталас сұрақтары

Тұжырым жаса: Не себепті Түйебай өз заманында құқығын қорғай алмады?

Түйебай бүгінгі заманда өмір сүрсе, оның тағдыры қалай өрбуі мүмкін?

Молда алдындағы оқу мен қазіргі білім беру жүйесінің айырмашылығы қандай? Дәлелмен сөйлеп, мысал келтір.

Бағалау

Оқушылардың топтық және жеке жұмыстары критерий бойынша бағаланады: мәтінді түсіну, дәлелді талдау, тілдік сауат, шығармашылық шешім, топтық жұмысқа үлес.

Үй тапсырмасы

  • Әңгімеден күрделі сөздер мен тұрақты тіркестерді теріп жазып келу.
  • Ойтолғау: «Адам болатын бала алысқа қарайды» тақырыбында пікір жазу.