Бақылау барысы
Серуен №1: Бұлттарды бақылау
Мақсаты: өлі табиғат құбылыстары туралы білімдерін бекіту, табиғатты бақылауға қызығушылықтарын арттыру.
Көркем сөз
«Бұлт» (Ө. Ақыпбекұлы)
Бұлттың қайда тұрағы,
Біле алмадым мұны әлі.
Білерім: көк аспанның
Бұлт — көшпелі бұлағы.
Сұрақтар мен талқылау
- Бұлт дегеніміз не?
- Бұлттардың түсі қандай болады?
- Бұлттар неден тұрады? — сансыз көп су тамшыларынан немесе мұз түйіршіктерінен.
- Бұлттардың қандай түрлерін білесіңдер? — түйдек, шарбы, қабат-қабат, түнерген найзағайлы бұлттар.
- Неге түйдек бұлттар дейміз? — олар аспанда түйдек-түйдек болып көрінеді.
- Шарбы бұлттар неге ұқсайды? — ақ ұлпаға, мамыққа; мұқият қарасаң, таныс бейнелерді көруге болады.
- Ең үлкен бұлттар қайсысы? — түнерген найзағайлы бұлттар.
- Қандай бұлттар жаңбыр әкеледі? — түйдек бұлттар және түнерген бұлттар.
- Бұлттар неліктен аспанда қозғалады? — оларды жел айдайды.
Зерттеу жұмысы
- Аспандағы бұлттың түрін анықтау.
- Өлі және тірі табиғатқа ұқсайтын бұлттарды табу.
Еңбек
Алаңды егу жұмыстарына дайындау: қоқыс жинау, сыпыру.
Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуге ынталарын қалыптастыру.
Ойындар
Қимылды ойын: «Қасқыр қақпан»
Мақсаты: ережені түсініп, шартын сақтап ойнауға, ептілікке және алғырлыққа баулу.
Жеке жұмыс: математикалық жаттығулар
Мақсаты: тақ және жұп сандарды санай білу дағдыларын жетілдіру.
Серуен №2: Желді бақылау
Мақсаты: жел туралы түсініктерін бекіту және жел түрлерін есте сақтау.
Жұмбақ
Ағаштарды шайқайды,
Көзге көрінбейді.
Шарлағанда сай-сайды,
Бір сәт ерінбейді.
(Жел)
Бақылау және түсіндіру
Балалар айналаны бақылап, ағаш бұтақтарының қалай шайқалатынын байқайды. Әңгіме барысында желдің қалай пайда болатыны түсіндіріледі: атмосферада ауа әртүрлі қызады. Жылы ауа жеңіл болғандықтан жоғары көтеріледі, ал суық ауа ауырлап төмен түседі. Осы қозғалыстан жел пайда болады. Желдің күші жылы және суық ауаның температура айырмашылығына байланысты.
- Желдің қандай түрлері болады?
- Жел неге соғады?
- Қатты жел қалай аталады? — дауыл, құйын, бұрқасын, боран.
- Әлсіз желді қалай атайды? — самал жел.
- Желдің ізін көруге бола ма?
Зерттеу жұмысы
Компас арқылы желдің бағытын анықтау.
Еңбек
Гүл өсіретін клумбаға арналған алаңды дайындау.
Мақсаты: бірлесе жұмыс істеу дағдыларын бекітіп, тапсырманы ықыласпен орындау.
Ойындар
Қимылды ойын: «Кім жылдам?»
Мақсаты: жүгіруге жаттықтыру, жылдамдықты дамыту.
Жаттығу ойыны: бір-біріне доп лақтыру
Мақсаты: қимыл-қозғалыс координациясын дамыту.
Серуен №3: Гүлзарды бақылау
Мақсаты: көктемгі гүлзар туралы түсініктерін кеңейту, өсімдіктерді күту және суару дағдыларын бекіту. Табиғатты сүюге, оның әсемдігін сезінуге тәрбиелеу.
Әңгімелесу сұрақтары
- Қандай үй гүлдерін білесіңдер?
- Қандай дала гүлдерін білесіңдер?
- Олардың қандай айырмашылығы бар?
- Сендерге қандай гүлдер ұнайды? Неліктен?
- Үйде гүл бар ма? Қандай?
- Гүлдерді қалай күтесіңдер?
- Гүлдер жақсы өсуі үшін не істеу керек?
Еңбек
Гүл егетін алаңда жұмыс: тазалау, топырақты қопсыту.
Мақсаты: бірлесе жұмыс істеу іскерліктерін бекіту және гүлдердің өсуі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Қимылды ойын
«Қай топ тез жиналады?»
Серуен №4: Жәндіктерді бақылау
Мақсаты: «жәндіктер» сөзінің мағынасын бекіту, тіршілік ету ерекшеліктеріне қарай салыстыра білуге үйрету.
Жұмбақтар
Гүлдердің нәрін жинайды,
Адамға бал сыйлайды.
Еңбекқорды аялайды,
Еріншекті аямайды.
(Ара)
Ызыңдап ән салады,
Жұп-жұқа қанаты.
Тәттіге тамсанып,
Қоқысқа қонады.
(Шыбын)
Тор тоқуға шебер-ақ,
Бірақ киім тікпейді.
Өнері де өнер-ақ,
Бірақ ісі бітпейді.
(Өрмекші)
Қанды сорып сүліктей,
Ызыңдап кеп шағады.
Бұл қандай бүлік той?
(Маса)
Құжынаған жұмыскер,
Бірлескенде тым іскер.
(Құмырсқа)
Сұрақтар мен қорытынды
- Жұмбақтардың жауабын бір сөзбен қалай атаймыз? — жәндіктер.
- Тағы қандай жәндіктерді білесіңдер? — көбелек, құрт және т.б.
- Қандай жәндік гүлдерді тозаңдандырады? — аралар.
- Жәндіктер қайда тіршілік етеді? — бақтарда, ағаштарда, су тоғандарының маңында.
- Неліктен масаны зиянды жәндік деп атаймыз? — ол әртүрлі ауруларды тасымалдауы мүмкін.
Зерттеу жұмысы
- Қаңқызды тауып, атын атау.
- Құмырсқалардың соқпағын тауып, бақылау.
Еңбек
Алаңды қоқыстан тазалау.
Мақсаты: үлкендерге көмектесуге, олардың еңбегін қадірлеуге тәрбиелеу.
Қимылды ойын
«Аюлар мен аралар»