Гүл өссе жердің көркі, Қыз өссе елдің көркі
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Көркемсурет лицейі. Мұғалім: Дүзімова Жайнагүл Қонысбайқызы. Сабақ тақырыбы: Қағаздан гүл түрлерін жасау.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға қағаздан гүл жасаудың жолдары мен әдістерін үйрету; шығармашылық деңгейін арттыра отырып, әсемдік пен сұлулықты бағалай білуге баулу.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілетін, өз бетімен жұмыс жасау дағдысын дамыту; алған білімін өмірде қолдануын қадағалау және іскерлігін жетілдіру.
Тәрбиелік
Талғаммен жұмыс істеуге, ептілікке, ұқыптылыққа, өнерді сүюге және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақ сипаттамасы
- Түрі: дамытушылық сабақ
- Типі: дәстүрлі емес
- Әдістері: баяндау, түсіндіру, сұрақ-жауап, жаңа техникамен жұмыс
- Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, технология, өсімдіктану және т.б.
Сөздік жұмыс
Құрал-жабдықтар
- Түрлі түсті қағаз
- Қайшы
- Желім
- Қарындаш
- Өшіргіш
- Сызғыш
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1Оқушыларды түгендеу.
- 2Сынып тазалығына назар аудару.
- 3Қауіпсіздік ережелерін қайталау.
II. Өткен сабақты пысықтау (сұрақ-жауап)
Өткен материалды «сарғайған күзгі жапырақтарды себетке жинау» ойыны арқылы бекітеміз: жапырақшаларға жасырылған сұрақтарға жауап береміз.
1) Оригами дегеніміз не?
Қағазды бүктеу арқылы бұйымдар жасау өнері.
2) Квиллинг дегеніміз не?
Қағазды ширату арқылы бұйымдар жасау техникасы.
3) Дизайн дегеніміз не?
Бұйымның жаңа үлгісін жан-жақты ойластырып, заман талабына сай әзірлеу.
4) Қағаздың отаны қай ел?
Қытай.
5) Қағаз қай ғасырда пайда болды?
VII ғасыр.
6) Аппликация деген не?
Жапсыру арқылы орындалатын жұмыс түрі.
III. Жаңа сабақ: қағаздың кереметі және қолөнер
Ата-бабамыз темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірсе, Шығыс Азия халықтары қарапайым қағаздың мүмкіндігін терең меңгерген. Қағаз — тек жазу мен сызуға арналған құрал ғана емес, қолөнердегі ең қолайлы материалдардың бірі.
Қағаздың отаны саналатын Қытайда Цай Лунь өсімдік талшықтары, тұт ағашының қабығы және бамбук сабақтары сияқты қолжетімді шикізаттарды пайдаланып, жаңа материал жасауға жол ашты. Қағаздың пайда болуы ресми түрде б.з. 105 жыл деп есептеледі.
VII ғасырдың басында буддалық монах Дан Хо Жапонияға жетіп, қағаз жасау құпиясын таныстырды. Кейін жапон шеберлері технологияны жетілдіріп, жоғары сапалы қағаз түрлерін шығарды. Уақыт өте қағаз араб елдері арқылы Батысқа тарады.
Қағазды орнымен жұмсау — мәдениет, ал одан жаңа дүние жасау — шеберліктің белгісі. Осы материалға негізделген қолөнер түрлеріне квиллинг, киригами, оригами, скрапбукинг, папье-маше, аппликация және т.б. жатады.
Квиллинг туралы
Квиллинг — қағазды жіңішке әрі ұзынша жолақтап қиып, оны спираль тәрізді шиыршықтап, түрлі пішінге келтіріп бұйым жасау өнері. Бұл техникамен нәзік гүлдер, ою-өрнектер, панно және фотоальбом әшекейлері жасалады. Кей деректерде оның Еуропада орта ғасырларда дамығаны айтылса, бүгінгі таңда квиллингтің кең тараған ортасы ретінде Оңтүстік Корея аталады.
Гүлді қандай материалдардан жасауға болады?
- Түрлі түсті қағаздардан
- Мата, былғары, жіптерден
- Табиғи материалдардан (кепкен өсімдіктер, дәнді дақылдар)
Жұмысқа қойылатын талаптар
- Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау.
- Технологиялық нұсқау картасы бойынша жұмыс орындау.
IV. Практикалық бөлім
1) Оригами техникасы: қызғалдақ құрастыру
- 1 Түрлі түсті қағазды шаршы пішінде қиып алыңыз.
- 2 Қағазды диагональ бойымен бүктеңіз.
- 3 Үшбұрыштың екі бүйірін төбесіне қарай бүктеңіз, кейін бүктелген бөліктерді кері қайырыңыз.
- 4 Буын арасын ашып, қағазды қажетті қалыпқа келтіріңіз.
- 5 Қағаздың кіші ұшын ішке қайырып, қайта бүктеңіз.
- 6 Бүктелген бөліктерді желімдеп біріктіріңіз.
- 7 Дайын бөліктерді өзара жапсырып, гүлді аяқтаңыз.
Сергіту сәті
Қолымызды жаяйық, әдемі гүлге ұқсайық.
Бір жабылып, ашылып, орнымызға қонайық.
2) Квиллинг техникасы: қағазды шиыршықтап гүл жасау
Түрлі түсті қағазды жіңішке жолақтарға қиып, арнайы таяқшаға (немесе қарындаш ұшына) орайсыз. Шиыршықтарды босатып, тамшы, жапырақ, жүрекше тәрізді пішіндерге келтіріп, желіммен біріктіріп гүл құрастырасыз.
V. Ойын элементтері
«Адасқан құралдар» (сәйкестендіру)
«Адасқан әріптер» (термин құрастыру)
| Термин | Ретсіз әріптер |
|---|---|
| Оригами | имирога |
| Дизайн | йаздин |
| Флористика | фаткалроис |
| Аппликация | аялкипаца |
| Коллаж | олжакл |
| Квиллинг | нигклвли |
VI. Мақал-мәтелдер: гүл туралы нақыл сөздер
Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі.
Таулы жердің суы әдемі, жарық жердің гүлі әдемі.
Әр атаның өз ұлы бар, әр бұтаның өз гүлі бар.
Әр гүлдің исі басқа, әр жердің жынысы басқа.
Гүл ашылмай бұлбұл сайрамас.
Гүл қайда болса, көбелек сонда.
Гүл сабағымен қадірлі, ас табағымен қадірлі.
Үкісіз қыз болмас, тікенсіз гүл болмас.
VII. Қорытынды
Жұмыстарды толық аяқтаған соң, шеңбер құрып, бір-бірімізге жылы лебіз айтып, жасаған гүлдерімізді сыйлаймыз. Бұл қадам шығармашылықты ғана емес, сыйластық пен ынтымақтастықты да нығайтады.