Жас наурыз жылдың басы
Қош келдің, әз Наурыз!
Бұл мерекенің басты мақсаты — қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту, ата-баба жолын сақтап, құрметтеуге тәрбиелеу; ұлттық мәдениетімізді дамыту және табиғатпен үндестікті күшейту.
Оқушының жыры
Сәлем бердік! Жас Наурыз — жылдың басы!
Жұрттың күткен, мінеки, ықыласы.
Көжесін қып күйбеңдеп, қазан асып,
Бермек әркім баршаға қонақасы.
Келгендердің құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңіл түгіл адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп тұр көк тасы.
Күйін көріп қуанған мұңсыз демі,
Толып жатқан көбінің бар мүддесі.
Табақ тартып, «Әмин» деп қол жайды жұрт:
Батаңды бер, жарылқа, жыл мырзасы!
Наурыздың мәні мен күні
Наурыз — ай атауы. Көне түркі тайпаларының есебінде Наурыз айының бірінші күні (ескі уақыт өлшемінде — 9 наурыз, қазіргі есеп бойынша — 22 наурыз) күн мен түн теңелетін мезетке сәйкес келіп, жыл басы ретінде қабылданған.
Жылдың басы атануының себебі — осы астрономиялық дәлдік. Парсы тілінде бұл күн фервердин айының бірінші күнімен байланысты. «Наурыз» сөзі Соғда мен Хорезм арқылы қазақ тіліне көне парсы тілінен енген деп қарастырылады.
Бес мың жылдық тарихы бар бұл атаудың алғашқы буыны — «нау» — үнді-еуропалық тіл тармағына тән элемент ретінде түсіндіріледі.
Тарихи деректерден
Біздің дәуірімізге дейінгі 46 жылға дейін римдіктер жаңа жылды 1 наурызда қарсы алған. Алайда Рим императоры Юлий Цезарь мысырлық астроном Созигеннің кеңесімен бұл дәстүрді өзгертіп, жаңа жылды 1 қаңтардан бастауға жарлық береді.
Көне айғақтарға қарағанда, аты аңызға айналған Жәмші (Джепшид) патша ирандардың жаңа жыл мерекесін паш етіп, Наурыз алауын алғашқылардың бірі болып жаққан делінеді.
Сол кезден бастап қасиетті алаудың адам жанын тазартып, күш беретін қасиеті бар деп сеніп, мерекелік киім кигендер алаудан секіретін болған. Ирандықтар мерекелік кілем үстіне жайғасып, Наурыздың думанын тамашалаған. Ауғандар да жаңа жылды ерекше шаттықпен, зор құрметпен қарсы алған.
Дәстүрдің кеңістігі және қазақы той
Ерте замандарда Орта Азия билеушілері Наурыз күндері түрмеде жатқан кейбір телі-тентектер мен қылмыскерлерді босатқан деген деректер бар. Бұл күннің кешірім мен жаңару идеясы осындай оқиғалармен де сабақтасады.
Наурызды қазақ, өзбек, қарақалпақ, чуваш, түркімен және өзге де түркі халықтары бір мезгілде, бірдей дерлік ұлан-асыр қуанышпен атап өткен. Той күндері кәрі-жас ауыл-ауылды аралап, бір-бірімен көрісіп, құттықтасатын болған.
Қарттарға, ел ағаларына өгіздің шекесі тартылып, жігіт-желең Наурыз көже ішкен. Мерекелік думанда сан алуан ойын-сауық ұйымдастырылған.
Қазақ жерінде Наурыз мейрамы 1926 жылға дейін аталып өткен, кейін түрлі себептермен ұмыт қалған. Ал Орта Азия өңірінде Наурыз көктем мен еңбек мерекесі ретінде 1960-жылдардың басынан бастап қайта тойлана бастағаны айтылады.
Шашу — ақ тілектің белгісі
1-жүргізуші:
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты —
Молшылыққа аңыз боп,
Басталыпты Наурыздан.
Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойларда шашу салты — елімнің.
Уа, халайық, теріп ал тәттіні,
Қабыл қылсын халқымның ақ тілегін.
Шашу, шашу!
Көп шашайық шашуды, көк аспаннан жауған нөсер жаңбырдай. Уа, жамағат, жинап ал несібеңді — ризашылық болсын көл-көсір!
Осы сөздерден кейін қазақы киім киген қыздар тойбастар әнін айтып шығып, ән соңында шашу шашылады.