Ана сүті

Мақсаты

1) Ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру

Оқушыларға өз ана тілінің көркемдігін сезіндіру, сөз құдіретін түсіндіріп, тілдің адам өміріндегі маңызын терең ұғындыру.

2) Ой-өрісті дамыту

Тілдің әуезділігі, байлығы мен шешендігін танытатын нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы дүниетанымды кеңейту.

3) Тіл мәдениетін қалыптастыру

Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерге баулу арқылы ана тіліне сүйіспеншілік қалыптастыру және мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру.

Кіріспе: жүргізушілердің сөзі

1-жүргізуші

Сүйемін туған тілді — анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты

Сүйгенім, сүйсінгенім, жек көргенім.

С. Торайғыров

2-жүргізуші

Туған тілім — бабам тілі — өз тілім,

Туған тілім — анам тілі — өз тілім.

Туған тілім — далам тілі — өз тілім,

Туған тілім — адам тілі — өз тілім.

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер,

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.

Д. Әбілев

1-жүргізуші

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері — түп қазығы, айбыны,

Туған тілі — мәңгі өнеге айдыны,

Жан байлығы, салт-дәстүрі — тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі,

Және туған тарихы.

М. Шаханов

2-жүргізуші

Тілім менің! Ұлы Абай, Мұхтардай — пірім менің.

Тұнығым, рухани жан азығым.

Ол бүлінсе — менің де бүлінгенім.

Ана тілім, туған тілім, бал тілім,

Сен арқылы дүние танып талпындым.

Сен арқылы әлемге аян бар ісім,

Сен — өмірде таусылмайтын алтыным.

Ш. Айтматов

Мұғалімнің сөзі

Құрметті оқушылар, бүгін біз екі топқа бөлініп — «Тапқырлар» және «Зеректер» — Қазақ тілі еліне сапар шегеміз. Алдымыздан бірнеше бекет шығады. Әр бекеттегі тапсырмаларды орындаған топ мүшелері «Қазақ тілі елінің құрметті азаматы» атағына лайық болады.

Әділқазылар алқасы сайланады.

Бекеттер мен тапсырмалар

1) «Қайырлы таң» бекеті

Екі топтың сәлемдесуі және таныстыруы.

2) «Үміт» бекеті

Мақал-мәтелдерді жалғастырыңыз:

  • Шешеннің тілі…
  • Бал тамған тілден…
  • Ақыл көркі…
  • Ана сүті…
  • Жақсы сөз…
  • Жақсыға сөз ілеседі…
  • Тілін білмеген…
  • Аяққа кісен салуға болар…

3) «Қайрат» бекеті

Қызықты грамматика тапсырмалары:

А) Диалект сөздерді табыңыз

доға, жәшік, қамыт, сұлтан, пиала, нән, зейнеткер

Ә) Дефис (-) арқылы жазылатын шылаулар

-мен, -және, -ау, -да, -мыс, -ақ, -пен, -ды

Б) Синоним табыңыз

«Ұрсу», «зекіру» сөздерінің синонимдерін жазыңыз.

В) Тұрақты тіркес

Суретке сәйкес тұрақты сөз тіркесін жазыңыз (мысалы):

  • бетіне оты шығу
  • көз қорқақ, қол батыр
  • ойыннан от шығу
  • ит өлген жер

Г) Тілдік бөлшектерді реттеңіз

Үлкеннен кішісіне қарай: текст, буын, дыбыс, сөз тіркесі, сөз, сөйлем.

Д) Әзіл сұрақтар

  • Айнаға қай кезде өкпелеуге болмайды?
  • Қорқақ неден қорқады?
  • Тауық түс көре ме?
  • Қарғыстың ең жаманы не?
  • Тастың жеңілі бола ма?
  • Ауыз бен қолды қай жерде тыю керек?
  • Қандай кілт аспанда болады?

4) «Ғалым» бекеті

Тест сұрақтары:

  1. 1. «Тіл туралы» Заң қашан қабылданды?

    • А) 1987 ж. 17 қараша
    • В) 1989 ж. 22 қыркүйек
    • С) 1990 ж. 13 маусым
    • Д) 1992 ж. 15 қазан
    • Е) 1991 ж. 17 қыркүйек
  2. 2. Тіл білімінің негізін салған кім?

    • А) Ш. Уәлиханов
    • В) М. Жұмабаев
    • С) А. Байтұрсынов
    • Д) Ы. Алтынсарин
    • Е) А. Құнанбаев
  3. 3. Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?

    • А) хинди
    • В) араб
    • С) португал
    • Д) испан
    • Е) түркі
  4. 4. «Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарының авторы кім?

    • А) Қ. Мырзалиев
    • В) Ә. Тәжібаев
    • С) С. Торайғыров
    • Д) М. Шаханов
    • Е) М. Мақатаев
  5. 5. Ақпарат құралдарының тілі қай стильге жатады?

    • А) публицистикалық
    • В) көркем әдебиет
    • С) ауызекі сөйлеу
    • Д) ресми
    • Е) ғылыми

5) «Арман» бекеті

Тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашыңыз:

  • Қас пен көздің арасында

    лезде

  • Қара қылды қақ жару

    әділ болу

  • Төбе шашы тік тұрды

    шошыды

  • Тайға таңба басқандай

    анық

  • Аузына құм құйылды

    үндемеді

  • Көзге түртсе көргісіз

    өте қараңғы

  • Тонның ішкі бауындай

    өте тату

  • Бет моншағы үзілу

    ұялу

  • Жарғақ құлағы жастыққа тимей

    мазасыздану

  • Күн тигізбей өсірген

    мәпелеу

6) «Дарын» бекеті

Шығармашылық жұмыс: «Ең қымбат қазына» тақырыбында өлең немесе әңгіме құрастыру.

7) «Шешен» бекеті

«Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл — бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам атануға болмайды».

С. Негимов

Тапсырма: берілген пікірді «Сондықтан…» деп бастап, өз ойыңызбен жалғастырыңыз.

Қорытынды бөлім

Әділқазылар алқасына сөз беріледі, топтар марапатталады.

Қорытынды

1-жүргізуші

Тіл — қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер адам бойына ананың ақ сүтімен дариды. Тіл өшпейді: қандай қиындық көрсе де, ол өз ұрпағының қанына, жанына нәрін егіп, өміршең күйін сақтай береді.

2-жүргізуші

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр — ойдағы.

Өссе тілім — мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

Ә. Тәжібаев

Екі жүргізуші бірге

Кіршіксіз қардай сақтаңдар,

Қазақтың тілін — ғаламат.

Ана тіл — арым, иманым,

Аманат саған, аманат.

М. Әлімбаев