Ынтымақ тобы

Қош келдіңіздер!

Қадірменді қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! Адам бойындағы асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасып, жарқырай көрінеді. Елбасы Н. Назарбаев айтқандай, Отанға деген ыстық сезім туған-туысқа, жақындарға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан отбасы — қоғамның маңызды буыны, өзінше бір шағын ұжым.

Қазақ ұғымында отбасы — ошақтың үш тағаны секілді:

  • әке
  • ана
  • бала

Әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекетіміздің де іргесі нық болмайды.

Мұғалім — кәсіби ұстаз болса, ата-ана — өмірлік тәжірибесі арқылы тәрбиені қалыптастыратын ұстаз. Ал ұстаз өз ісінің шебері, білімді де білікті адам болуы тиіс. Әке мен ана өздерінің үлгі-өнегесі, әдептілігі мен өнерпаздығы арқылы баласына бағыт береді.

Осы мақсатта облыстық білім жетілдіру институтының ұйымдастыруымен өтетін «Ынтымақты отбасы» шаңырақ сыны — ұлттық спорттық отбасылық сайысына қош келдіңіздер!

Әділқазылар және қатысушылар

Алдымен сайыстың құрметті әділқазыларымен таныстыруға рұқсат етіңіздер. Енді ортаға сайысқа қатысушы ата-аналарды шақырамыз.

«Ақ босаға» тобы

Ұраны: «Отан да отбасынан басталады, құрметте үлкен-кіші, жас баланы.»

«Бәйтерек» тобы

Ұраны: «Бәйтеректей жайқалған шаңырақпыз.»

«Мирас» тобы

Ұраны: «Адамның бір қызығы — бала деген…»

«Аманат» тобы

Ұраны: «Аманатты ақтаймыз, салт-дәстүрді сақтаймыз.»

«Бірлік» тобы

Ұраны: «Бірлік бар жерде — тірлік бар.»

«Ынтымақ» тобы

Ұраны: «Ырыс алды — ынтымақ.»

Отбасылардың балаларын ортаға шақырамыз. Қатысушылар жеребе арқылы кезеңдердегі тапсырмалардың кезектілігін анықтайды.

I кезең: Отбасы таныстыруы

Әр отбасы өзін таныстырады: отбасының құндылықтары, дәстүрі, бірлігі мен мақсаттары туралы қысқаша әрі мазмұнды таныстырылым жасайды.

  • Ортаға №1 отбасы
  • Ортаға №2 отбасы

II кезең: Халық тағылымы — тәрбие бастауы

Абзал ақынымыз Ахмет Байтұрсынұлы: «Ырым етсең — адал ет, жамандықтан аман ет», — деп бекер айтпаған. Халқымыздың тыйымдары мен ырым сөздері бүгінге дейін тәрбиелік мәнін жоймай, бала жанына ізгілік пен инабаттылық дәнін себуге қызмет етеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана тәмсіл отбасы тәрбиесінің қадірін айқындайды: балапан қыран болып самғауы үшін, оны ұшыратын ата-ана да қырандай қайратты, парасатты болуы керек.

Тапсырмалардың берілу тәртібі

  1. 1. Ұлттық киім киген екі қыз бала табақшамен сандық және конвертті алып шығады.
  2. 2. Әр отбасының балалары ортаға шақырылады.
  3. 3. Сандық ішіндегі нөмірленген асықтарды алу арқылы тапсырма анықталады.
  4. 4. Сұрақтарға отбасы бірлесе ақылдасып, ортақ жауап береді.

I топтың сұрақтары

Тыйым үлгілері

«Үйде ысқырма!», «Үйдегі жан басын санама!»

Сұрақ: Отбасыңызда өз ұлтыңызды құрметтейтін қандай игі дәстүрді үзбей жалғастырып келесіз?

Сұрақ: «Тобық жұту» және «Тобық тығу» салт-дәстүрлерінің мазмұнын түсіндіріңіз. Айырмашылығы неде?

Тобық жұту (дәстүр, ырым)

Халықта қоян тобығын жұту ырымы ертеден бар. Оның шарты бойынша тобықты жұтушы жас адам тобықты жұтар алдында:

  • «Батыр болсам — жүрегімнен шық»
  • «Палуан болсам — білегімнен шық»
  • «Шешен болсам — таңдайымнан шық»
  • «Бақытты болсам — маңдайымнан шық»

— деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай серт еткен адамның айтқан жерінен «шығады» деген түсінік болған.

Сұрақ: Ежелден қазақ халқы отбасыға ерекше мән берген. Неліктен?

II топтың сұрақтары

Тыйым сөздер

«Қайтыс болған адамға топырақ салғанда, күректі табаныңмен баспа!», «Күректі екінші адамға қолыңмен берме!», «Бейіт топырағын сәндеме, ескі зиратты жөндеме!»

Тапсырма: Осы тыйым сөздердің мағынасын түсіндіріңіз.

Сұрақ: Балаңыздың бойынан ұлтыңызға тән қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

Сұрақ: «Мүше алу» салтының мағынасын түсіндіріп, қалай орындалатынын айтып беріңіз.

Мүше алу (салт, дәстүр)

Ойын-тойда, мерекеде жас жігіттер атпен келіп мүше сұрайды. Жеңгелері оларға орамал, сақина, айна секілді сыйлықтар береді. Басқа жігіттер оны қуып жетіп алуға тырысады. Қашқан жігіт мүшені өзі ұнатқан қызға апарып ұсынады.

Сұрақ: Неке кодексінің 25-бабы туралы не білесіз?

III топтың сұрақтары

Тыйым сөздер

«Желі, көгенді аттама!», «Малды теппе, ақты төкпе!»

Тапсырма: Осы тыйым сөздердің мағынасын түсіндіріңіз.

Сұрақ: «Ат майы» және «Артынан топырақ шашу» салттарының мағынасын түсіндіріңіз. Айырмашылығын атаңыз.

Ат майы (дәстүр)

Қазақ дәстүрінде ел ішіндегі адамдардың мұң-мұқтажы елеусіз қалмаған. Жоқ-жітікке, жетім-жесірге қол ұшын беру — қайырымдылықтың бір белгісі. Соның бірі — ат майы.

Мінер аты жоқ кедей адамдар бұрын байлар мен ауқатты кісілерден немесе көрші-қолаң, туған-туысынан ат майын сұрайтын. Яғни бір жаққа барып келуге, не белгілі бір уақытқа мініске ат сұрау деген сөз. Мұндағы ишара: алыс жолға мінген ат арықтап, күйін жоғалтады. Сол себепті ел ішіндегі жомарт жандар сұраушының көңілін қалдырмауға тырысқан.