Ана сүтімен бойымызға дарыған қазақ тілінің құдіреттілігі өрлігінде, орасан зор байлығында
Сабақтың тақырыбы
Тілім менің – тірлігімнің айғағы
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Тіл тақырыбын негізге ала отырып, сауатты сөйлеуге үйрету; қазақ тілінің мәртебесін көтере білуге баулу; тіл байлығын арттыруға ықпал ету.
2) Дамытушылық
Тіл төңірегіндегі білімді жүйелей отырып, ой белсенділігін дамыту; шығармашылық ізденіске бағыттау; ізденімпаздық қасиеттерін арттыру; сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
3) Тәрбиелік
Патриоттық сезімді оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу; салт-дәстүрін, тарихын құрметтеуге баулу.
Көрнекіліктер
- Слайдтар
- Қанатты сөздер
- Ақпараттық технология құралдары
I. Ұйымдастыру
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Біздің Отанымыз — байтақ та, бай ел. Елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Әр халықтың өз ана тілі бар. Ана тілі адам баласының бойына ана сүтімен дариды. Ана сүтімен бойымызға сіңген қазақ тілінің құдіреті — оның өрлігінде, орасан зор байлығында.
Бүгінгі «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты тәрбие сағатымызды бастамас бұрын, мына видеороликке назар аударайық: «Тіл — ұлттың басты негізі».
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші: Қазақ даласы, қазақ жері, қазақ ұлты қандай қиыншылықтарды бастан өткермеді десеңізші...
2-жүргізуші: Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
1-жүргізуші: Тіл — ұлттың белгісі, халықтың мұрасы, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген сөзді жадымыздан шығармайық.
2-жүргізуші: Тіл — халық тарихы, тіл — ұлттық қазына, тіл — біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
1-жүргізуші: Бүгін «Ел тағдыры — тіл тағдыры» деген сөздің мәнін терең пайымдасақ, мемлекетімізге тәңір сыйлаған тәуелсіздігіміздің тірегі — тіл екенін жүрегімізбен сезінеміз.
2-жүргізуші: Енді еліміздің тірегіне айналған «Тіл туралы заңның» тарихына назар аударайық.
Интерактивті тақта арқылы әр жылға тоқталып, мемлекеттік тіліміздің қалыптасу кезеңдерін оқушылар таныстырады.
«Тіл туралы заң» тарихы: негізгі кезеңдер
1-оқушы
1989 жыл, 22 қыркүйек. Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң қабылданып, қазақ тіліне Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесі берілді.
2-оқушы
1993 жыл, 28 қаңтар. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданып, онда қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді.
3-оқушы
1995 жыл, 30 тамыз. Республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп көрсетілді.
4-оқушы
1997 жыл, 11 шілде. Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң Парламентте қайта талқыланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілді. Бұл заң бойынша қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі.
Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заң 6 тарау, 27 баптан тұрады. Төменде оқушылар атап өткен кей баптар берілді.
3-бап
Тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
4-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
5-бап
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
6-бап
Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар.
7-бап
Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.
13-бап
Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.