Балаларға Астананың көрікті жерлерін атау, өздерінің Астанадан көргендерін баяндау

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Тілді дамыту

Бұл оқу іс-әрекеті балалардың сөйлеу дағдыларын дамытып, Елорда туралы білімін тереңдетуге бағытталған. Сабақ барысында балалар Астананың көрікті жерлерін атап, өз әсерлерін әңгімелейді, өлең жолдарын дауыс ырғағына сай айтуға жаттығады және сөздік қорын байытады.

Тақырыбы

Елордасы — Астана

Білім беру саласы

Қатынас

Мақсаты

  • Балаларға Астананың көрікті жерлерін атауды үйрету және өздерінің көргендерін жүйелі баяндату.
  • Өлең жолдарын дауыс ырғағына сай, мәнерлеп айтуға дағдыландыру.
  • Сөздік қорын молайту және байланыстырып сөйлеу қабілетін дамыту.
  • Өз қаласына, өз еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, бақылау, салыстыру, сұрақ-жауап.

Көрнекіліктер

Астананың көрінісі, Бәйтерек, Үш бидің ескерткіші.

Жаңа сөздер

Елорда Есіл Парламент

Ұйымдастыру кезеңі

Біздің туып-өскен жеріміз — Қазақстан Республикасы. Бүгінгі сабағымыз Елордамыз — Астана туралы.

Әңгіме бастауға сұрақтар

  • Астана қаласына барғандарың бар ма?
  • Барсаңдар, нені көрдіңдер? Қандай әсер алдыңдар?
  • Астанаға барып келген балаларға қандай сұрақ қояр едіңдер?

Ендеше, бәріміз бірге Астана қаласына саяхат жасайық. Саяхатқа шығу үшін біз тапсырмаларды орындауымыз керек.

Саяхат тапсырмасы: Сөзжұмбақ

Астанаға бару үшін пойызға отырамыз. Ақтөбеден пойызға міну үшін бәріміз бірігіп сөзжұмбақ шешейік.

  1. 1 Қазақ халқының ұлттық музыка аспабы.
  2. 2 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімі.
  3. 3 Қазақстанның тұңғыш ғарышкері.
  4. 4 Қазақ халқының ұлы ақыны.
  5. 5 Ас атасы.
  6. 6 Қазақстан Республикасының рәмізі.

Міне, балалар, біз Астанаға да келіп жеттік. Енді экранға назар аударып, қаланы бірге аралайық.

Астана туралы қысқаша мәлімет

Сарыарқа даласында, Есіл өзенінің жағасында әлемді өзіне қаратқан жаңа қала бой көтерді. Ол — біздің Елордамыз Астана.

Есіл өзені

Есіл өзені қаланы екіге бөліп жатыр: оң жағалауда көбіне тұрғын үйлер орналасқан, ал сол жағалау — Қазақстанның саяси орталығы.

Сол жағалауда орналасқан нысандар

  • Президенттің Ақ Ордасы
  • Парламент Сенаты мен Мәжіліс ғимараттары
  • Конгресс-холл
  • InterContinental қонақ үйі және басқа да маңызды нысандар

Елорда көрікті жерлері

Астана-Бәйтерек монументі

Нышан

Елорданың басты көрнекті орындарының бірі — Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан Астана-Бәйтерек. Монументтің биіктігі — 97 метр. Жоғарғы бөлігіндегі шардың ішінде қаланы алақанға салғандай көрсететін панорама залы бар.

Сонымен қатар күміс тұмарда Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы бейнеленген.

Президент саябағы

Демалыс

Президент саябағы Бейбітшілік және келісім сарайы мен Ақорданың маңында орналасқан. Мұнда бірнеше сәулеттік-ландшафтық нысан бар.

  • «Самұрық құс», «Төменгі алаң», «Үлкен каскад», «Грот», «Көл-қайнар көз» атты бес су бұрқағы кешені
  • Сегіз жасанды тоған мен каналдар

Сергіту сәті: Отан туралы мақал-мәтелдер

  1. 1 Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  2. 2 Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  3. 3 Отан — оттан да ыстық.
  4. 4 Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  5. 5 Туған жерге туың тік.
  6. 6 Ел көркі — мал, өзен көркі — тал.

Сабақты қорытындылау

Нені білді?

Астананың көрікті жерлерімен танысты.

Нені түсінді?

Өз елін сүюдің маңызын ұғынды.

Қандай дағды қалыптасты?

Жаңа сөздердің мағынасын түсіну, байланыстырып сөйлеу, өз ойын анық жеткізу.