Сендер тамыр типтері деген тектен шыққансыңдар, сендер өте текті болып саналасыңдар

Тамырлар дауы (биологиялық ертегі)

Ерте заманда Негізгі, Жанама және Қосалқы атты үш ағайынды тамыр өмір сүріпті. Үшеуі де болмашы нәрсеге таласқыш болыпты. Бір күні олардың арасында үлкен дау туып, әрқайсысы көшбасшы болуға ұмтылыпты.

Негізгінің уәжі

Үлкені Негізгі сөз бастапты:

«Мен бәріңнен үлкенмін. Тегіме келсем, ұрықтың тамыршасынан дамимын. Ең алдымен мен пайда боламын да, топырақта бірнеше метрге дейін таралып орналасамын».

Жанаманың уәжі

Ортаншысы Жанама да қалыспай, өз қызметінің маңызын алға тартты:

«Мен сенің жаныңнан таралғанмен, қызметім кем емес. Топырақтағы әртүрлі минералды заттарды сорып, сендерге нәр жеткіземін, қоректендіремін».

Қосалқының уәжі

Кішкентай Қосалқы да өз пікірін батыл айтты:

«Мен болмасам, сендердің өмірлерің әлдеқашан тоқтап, солып қалар еді. Мен сабақ пен жапырақ қолтығынан өсіп, өсімдіктің топырақта берік орнығып тұруын қамтамасыз етемін».

Жапырақ бидің төрелігі

Үшеуі ортақ шешімге келе алмаған соң, әділ төрелік айтар деп Жапырақ биге жүгініпті. Жағдайдың бәрін тыңдап болған би байыппен сөз бастапты.

Қосалқы туралы

«Қосалқы, сен болмасаң, мына екеуі топыраққа орныға алмай, өмірін жоғалтатын еді. Айтқаның орынды».

Жанама туралы

«Жанама, сен болмасаң, ағаң мен інің өздеріне қажетті нәрді ала алмас еді».

Негізгі туралы

«Негізгі, сен ең үлкенісің әрі бұл дүниеге ең бірінші келесің. Сондықтан өзгелерге қамқор болып, тәртіп пен бірлікті сақтауың керек».

Бидің шешімі

  • «Таласуды қойып, Негізгі ағаларыңды сыйлаңдар, оған жол беріңдер».
  • «Жанама, сен Негізгінің жанында орналас».
  • «Қосалқы, сен менімен — сабақтың жанында орналасасың».
  • «Өз тектеріңді біліңдер: сендер — тамыр типтері деген тектен шыққан, өсімдіктер елінің “тамыр” ауылынан тараған өте текті ағайынсыңдар».

Қорытынды

Жапырақ бидің шешіміне үш ағайынды да келісіпті. Сол күннен бастап олар тату-тәтті өмір сүріп, әрқайсысы өз орнын біліпті.