Қиянат жасамайық өмірге, Қиянат жасамайық табиғатқа

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл сабақ оқушыларға «Өмірің өз қолыңда» тақырыбы арқылы өмірді саналы құрудың, өз әрекетіне жауап берудің және қиянат жасамау құндылығын ұстанудың маңызын түсіндіруге бағытталған.

Құндылық

Қиянат жасамау

Қасиеттер

  • Адамгершілік
  • Мейірімділік
  • Кешірімділік
  • Жауапкершілік
  • Адалдық
  • Әділдік

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға қиянат жасамай өмір сүру — адам өмірінің мәні екенін ұғындыру.

Сабақтың міндеттері

  • Адам өміріндегі «қиянат жасамау» құндылығының маңызын түсіндіру.
  • Оқушылардың бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту.
  • Өмірлік жағдаяттарды дұрыс қабылдауға, мейірімділікке, кешірімге, өз ісіне есеп беруге және елге абыройлы қызмет етуге тәрбиелеу.

Ресурстар

Оқулық Дәптер Ватман Маркер Бейнепроектор Ән мәтіні

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Шамамен: 5 минут

Сыныптағы жұмысқа дайындық: тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық.

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылып келеді.

Балғын әрі таза әсем гүл әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазартып, жүрегіңізді кеңейтеді. Нұр сәулесі бойыңызға жайлап тарай бастайды, біртіндеп күшейеді.

Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз сәуле шашады. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.

Нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді.

Нұр көздеріңізге жетеді: көздеріңіз тек жақсыға қарап, әр нәрседен жақсылықты көреді. Басыңыз түгелдей нұрға толады: ойыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға тарайды. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.

Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың да жүрегі нұрға толсын. Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын.

Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын».

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде аз уақыт отыра тұрыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем жүрегіңізде. Оны осы әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Шамамен: 6 минут

25-сабақ: Қ. Қайсеновтің «Елдің иесі сендерсіңдер, қарақтарым!» мәтінін оқып, мазмұндап, талдап келу.

Мәтін бойынша сұрақтар

  • Қ. Қасым атаның өсиетінен қандай ой түйдіңдер?
  • Өз бойларыңда қандай қасиеттерді шыңдар едіңдер?
  • Қ. Қайсеновтің бойынан қандай құнды қасиеттерді байқадыңдар?
  • Қ. Қайсеновтің балаларға ризашылық білдіруінің себебі неде?
  • Қ. Қайсеновтің қай қасиеттерін үлгі етесіңдер?

3) Дәйексөз

Шамамен: 6 минут
«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады: олар — адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек.»
Ш. Құдайбердіұлы

Нақыл сөз адамға жақсы өмір сүру үшін қажет қасиеттердің мәнін ұғындырады және оқушылардың бойында адамгершілік құндылықтарды дамытуға ықпал етеді. Дәйексөзді 1–2 рет қайталап, жатқа айтқызып, дәптерге көшіріп жаздыру ұсынылады.

4) Әңгімелеу: «Екі қасқыр» (аңыз)

Шамамен: 10 минут

Ертеректе қариялар ес біліп келе жатқан немерелерін алдына алып, өнегелі өсиеттерін ақылды аңыз, есті ертегі арқылы жастайынан құлағына сіңіріп отырған. Сондай кемеңгер қариялардың бірі немересіне өмір сырын былай деп айтыпты:

Әр адамның ішінде екі қасқырдың тайталасына ұқсас тартыс жүреді. Бірі — күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жағымсыз қасиеттерді бейнелейді. Екіншісі — сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді.

Бұл екі қасқыр әр сәтте, әр қадамда айқасып, өмір бойы күресумен болады. Сонда немересі: «Ата, ең соңында қай қасқыр жеңеді?» — деп сұрапты.

Қария сәл ойланып: «Қайсысын көбірек қоректендірсең — сонысы жеңеді», — деп жауап беріпті.

Талдау сұрақтары

  • Қарттардың немерелеріне айтқан өсиетінен не түсіндіңдер?
  • Екі қасқырдың айқасын қалай түсінуге болады?
  • Адам бойындағы жақсы қасиеттерді атаңдар.
  • Жағымсыз қасиеттерге нені жатқызуға болады?
  • Немеренің пайымдылығын неден аңғаруға болады?
  • Қарияның жауабын өзің қалай түсіндірер едің?

5) Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)

Шамамен: 12 минут

Сынып үш топқа бөлінеді. «Сіздердің өмірлеріңізді өзгертеді» тақырыбындағы өмір жайлы бейнефильмді көріп, түйінді ойға сүйене отырып, «Өмір» тақырыбына өлең шумағын құрастырады.

6) Топпен ән айту

Әуені: «Ұстазым менің»

«Жасамайық өмірге біз қиянат»

Арамызда өкпе, реніш болмасын,
Әрқашанда әділдікті қолдасын.
Адамдарға түсінікпен қарасақ,
Сонда ғана гүлденеді болашақ.

Жасамайық адамзатқа қиянат,
Осының бәрін санаңызға ұялат.
Ізгіліктің жолында біз жүрейік,
Бәрін естен шығармайық, білейік.

Мейірім сізбен, бас қосып бізбен,
Нұр төгіп барлық адамға.
Жүрегің тасқан, пейілі дархан,
Нұр төгіп барлық ғаламға.

Қиянат жасамайық өмірге,
Қиянат жасамайық табиғатқа.
Қиянат жасамайық ата-анаға,
Қиянат жасамайық туған Отанға.

Үй тапсырмасы

  • Оқулықтың 95-бетіндегі Б. Адамбаевтың «Сөздің атасы мен анасы» мәтінін оқу.
  • Ф. Оңғарсынованың «Шындық» өлеңін жаттау.

Соңғы тыныштық сәті

Жай, әсем музыка қойылады. Көзімізді жұмып, сабақтағы жақсы көңіл күйді еске түсіріп, жүрекке түйіп қоямыз.

Мен өмірді сүйемін. Өзімнің адамгершілік асыл қасиеттерімді жүзеге асыруға дайынмын. Өмірімнен, өз ортамнан үйреніп, жақсы адамға айналамын.

Рахмет!