Сөз мағынасын ашу
Ұйымдастыру кезеңі
Бұл сабақ «Қазақ тілі — жүрек тілімен» деген тұжырымға сүйеніп, тілдің мәнін тек ереже ретінде емес, адамгершілік пен ой мәдениетінің құралы ретінде түсінуге бағытталады.
Тыныштық сәті: «Күзгі нұр»
Әуен баяу ойнайды. Денені тік ұстап, орындықта еркін отырамыз. 1, 2, 3 — көзімізді жұмып, терең тыныс аламыз.
Көз алдымызға күзгі дала елестейді. Жұмсақ самал еседі. Біз барша тіршілікке жылуы мен жарық шашқан күнге айналамыз.
- Басымыз тек жақсылық ойлайды.
- Қолымыз тек жақсы іс жасайды.
- Аяғымыз тек дұрыс жолмен жүреді.
- Ауызымыз тек шындықты айтады.
- Құлағымыз жақсы сөздерді естиді.
Енді ішімізден ең сүйікті адамдарымызға, отбасымызға, әлемге, жануарларға және табиғатқа жылы сәулемізді жолдап, жақсы тілек тілейміз.
1, 2, 3 — көзімізді ашамыз. Кім әсерімен бөліскісі келеді? Қандай тілек тіледік?
Сабақтың өзегі: «Жетелi жеті сөз»
Бүгінгі сабағымыздың жетекші идеясы — «Жетелi жеті сөз». Осы ұғымдардың мәнін аша отырып, тілді де, ойды да тереңдетеміз.
I. Саналы ой
Жақсы ой адамды жақсылыққа жетелейді. Ой — әрекеттің бастауы, сондықтан ойымыз саналы болуы керек.
II. Нағыз дос
Нағыз достыққа тән қасиеттерді тану — өз бойымызда сол қасиеттерді қалыптастыруға жол ашады.
III. Талап
Абай айтқандай, талап — асыл қасиет. Талапты бала талпынған құстай, әрдайым алға ұмтылады.
Өткенді қайталау
Оқушылардың алдыңғы тақырыптарды қаншалықты меңгергенін анықтау үшін сұрақ-жауап ұйымдастырылады.
Негізгі сұрақтар
- Сөз таптарын ата.
- Құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Сөйлем мүшелері туралы не білеміз?
- Тұрлаусыз мүшелердің сұрақтарын ата.
- Жайылма сөйлем дегеніміз не?
- Мәтін қандай бөліктерден тұрады?
Сөз тіркесі бойынша
- Сөз тіркесінің бірінші сыңары қалай жасалады?
- Сөз тіркесінің екінші сыңары қалай жасалады?
Үй тапсырмасын тексеру барысында: «Сөз мағынасы туралы не білеміз?» және «Семасиология деген не?» сұрақтары талқыланады.
Жаңа тақырып: мағынасы қарама-қарсы сөздер
Антоним ұғымы
Антоним сөзі ежелгі грек тілінен шыққан: анти — «қарсы», оним — «есім».
Нақыл сөз арқылы түсіну
«Адалдық жолы жанған шамдай, арамдық жолы көк ала шаңдай.»
Тапсырма
Сөздердің мағынасын ашып, қарама-қарсы мағыналы сөздерді тап.
Ойлан
Қай қасиетті үлгі етеміз? Қайсысынан сақ боламыз?
«Қуаныш» және «реніш»
Біреуге қуаныш сыйлай білу — бақыт. «Қуаныш» сөзіне мағынасы қарама-қарсы сөз — «реніш».
Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды. — Ж. Баласағұни
Адамды қуанта білу — бір бақыт. Ендеше бір-бірімізге қуаныш сыйлауға асығайық.
«Жақсы» және «жаман»
«Жақсы» сөзіне мағынасы қарама-қарсы сөз — «жаман».
Жақсылыққа жақсылық ету — парыз.
Жамандыққа жақсылық ету — адамгершілік.
— Амандық шешен
Көмек беру, жақсылық жасау — адамгершілік белгісі. Адамгершілігі бар адамды нағыз адам деуге болады. Ендеше нағыз адам болуға тырысайық.
Терең ой: есте сақта
Маңызды байқау
- Антонимдер көбінесе сын есімдерден жасалады.
- Басқа сөз таптарынан да кездеседі, бірақ ол сиректеу.
- Сөздердің бәрі бірдей антоним бола бермейді.
Қате түсінікке мысал
Мына жұптар антоним бола алмайды, өйткені бір ұғымның «жоқтығын» ғана білдіреді:
- көк — көк емес
- таулы жер — таусыз жер
Антонимдердің қызметі
Антонимдер мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерде жиі кездеседі. Олар ойды әсерлі әрі бейнелі жеткізудің тиімді құралы.
Анықтама
Мағынасы қарама-қарсы сөздерді антонимдер дейміз.