Сый қонақ - арнайы шақырылған қонақ
Мақсаты
- Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары туралы білімді тереңдету; ата-аналардың шығармашылығын қолдау; балалардың өнері мен дарындылығын дамыту.
- Балабақша мен ата-ана бірлігін нығайту.
- Отбасы — Отанның бір бөлшегі екенін ұғындырып, балаларды ынтымаққа, бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу; ата-ананың шексіз еңбегін бағалауға баулу.
Барысы
I. Ұйымдастыру
Жүргізуші
Жиналыппыз бүгін міне бәріміз де, Үлкен-кіші — жасымыз, кәріміз де. Төрлетіңдер, қадірменді қонақтар, Гүл жайнаған біздің мына төрімізге.
1-бала
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Босқа қарап тұрмаңыздар. Отбасы тойы басталды, Қызықтан тыс қалмаңыздар!
2-бала
Қастерлейміз халық боп, Салт-дәстүрді дәріптеп. Айтып кеткен бабалар: «Дәстүріңді таныт!» — деп.
Жүргізуші
Қадірменді қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! «Мен және менің отбасым» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Отбасыларымыздың қадамдары құтты болып, мәртебесі биік болсын! Мәре төрінен көріне берулеріне тілектестік білдіре отырып, ортаға сайысқа қатысушы отбасыларды шақырайық.
Қатысушы отбасыларды шақыру
Жұмысты терең меңгерген, Жақсылықты жөн көрген. Отбасы тұр құлшынып, Қалмайын деп сендерден.
Ортаға ____________________ отбасын шақырамыз.
Әділдік іздеп талпынып, Тынбайтұғын шарқ ұрып, Бұл отбасы жарыста Озам дейді талпынып.
Ортаға ____________________ отбасын шақырамыз.
Мінезге бай, салмақты, Байыптайтын жан-жақты. Мерейлі бүгін сайыста Жеңімпаз боп қалмақшы.
Ортаға ____________________ отбасын шақырамыз.
Отбасыларды ортаға шақырамыз. Әділқазылар алқасымен таныстырамыз.
II. Негізгі бөлім
Ақыл-көрік бойларыңа жетеді, Әлі талай сынақтардан өтеді. Мына отырған баршаңызға ізетпен, Отбасылар таныстырып өтеді.
1-кезең. «Тегімді менің сұрасаң»
Отбасылар ортаға шығып, өздерін таныстырады.
2-кезең. «Өнерлінің өрісі кең»
«Кедеймін» деп қысылма, Өнерің болса қолыңда. Өнерлінің ырысы Жарқырап жатар жолында.
Қатысушылардың өнерін тамашалау (ән, би және т.б.).
3-кезең. «Ата мұраң — асыл қазынаң»
Қазақтың салт-дәстүрлері бойынша сұрақтар қойылады.
Қонақ түрлері
«Қонақ — Құдайдың елшісі», «Қонақ келсе — құт» деген мақалдар халқымыздың қонақжайлылығын айқындайды. Қонақ жөн-жосығына қарай бірнеше түрге бөлінеді:
- Құдайы қонақ — жолда қалып, көлік күтіп кешігіп келген қонақ; мұндай қонақты қабылдамауға болмайды.
- Сый қонақ — арнайы шақырылған қонақ.
- Қыдырма қонақ — ауыл-үй аралап келетін қонақ.
Сұрақтар топтамасы
- 1 «Жасау» мен «енші» салттарының айырмашылығы қандай?
- 2 Бала дүниеге келгеннен бастап, ер жеткенге дейін орындалатын салт-жоралардың түрлері қандай?
- 3 Қазақтың ұлттық ойындарын атаңыз.
- 4 Малайсары қарияның Сырымға берген батасын қалай түсінесіз?
Бата мәні
Малайсары қария Сырымға: «Кеудең тола бауыр болсын, арқаң қара нардай жауыр болсын, үйіңнің сыртынан дүбір, құлағыңның сыртынан сыбыр кетпесін» — деп бата берген екен. Түсіндірмесі: — «Кеудең тола бауыр болсын» — өкпешіл болма, кешірімді бол. — «Арқаң қара нардай жауыр болсын» — ел жүгін көтер, шыдамды бол. — «Сыртыңнан дүбір, құлағыңның сыртынан сыбыр кетпесін» — жора-жолдасың көп болсын, ортаң берекелі болсын.
Күйді тану
«Домбыра, сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң — тіл бар ма. Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден артық үн барда. Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда», — деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, күйді тыңдағанда жан дүниеңе қуаныш пен терең толғаныс ұялайды. Ендеше, күй тыңдап, оның атауын (мүмкін болса, авторын да) табайық.
Осы жерде күй қойылады.
4-кезең. «Ептілер сайысы»
Өнерлінің өнерін тағы да байқап көрейік, Жүйрік аттай желейік. Ептілерге кезек берейік!
Ойын шарты
Топ басшысының қолында 5 көкөніс салынған қорап болады. Топтағы сайыскердің біреуі «егеді», екіншісі «жинайды». Қай топ көкөністерді ұқыпты отырғызып, тез жинап шықса — сол отбасы жеңімпаз атанады.
5-кезең. «Тіл өнері»
Жұмбақ жасырылады, жауабын екі тілде айту керек: қазақша және орысша. Бір тілдегі жауап — 5 ұпай, екі тілдегі жауап — 10 ұпай.
Жұмбақ
Жауабы
Жұпар исі еседі, жайнап бақта өседі. Аты не, кім шешеді?
гүл — цветок
Суда қалқиды, жылыда балқиды.
мұз — лёд
Жылт-жылт еткен, жылғадан өткен.
су — вода
Ашылып-жабылады, әр үйден табылады.
есік — дверь
Желден желігеді, судан шегінеді.
от — огонь
Шеберлерім, өнер тамып қолынан, Жаңылмаған ата-баба жолынан. Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін, Біз айтайық төрелігін соңынан.
6-кезең. Үй тапсырмасы
Сайыскерлер өз шығармашылықтары бойынша дайындалған жұмыстарын көрсетеді.
Қорытынды
Жүргізуші
Жеңістер мен жеңілістен тұратын, Өмір — күрес, жеткізе ме мұратын. «Жеңбедім, жеңілдім» деп ренжімегін, Қатысу да — бір жеңіс, жан болсаң сен ұғатын.
Кезекті әділқазылар алқасына береміз.
Ата салтым — асыл мұрам, ардағым, Бабалардың жалғастырар арманын. Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірін, Өткенімді бүгініммен жалғадым!
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар!
Сіздер бүгін отбасы сайысын тамашаладыңыздар. Балабақша тәрбиеленушілерінің, өз ұл-қыздарыңыздың білімі мен өнерін байқап, бағамдадыңыздар.
Сіздерге әрқашан сәттілік тілей отырып, отбасыларыңызға береке мен ынтымақ тілейміз. Балабақшамен жиі байланыста болыңыздар!