Жолға шығайық балалар

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: «Сауат ашу»

Білім беру саласы

Қатынас

Тақырып

Ш, ш дыбысы мен әрпі

Мақсат

Балаларды Ш, ш дыбысы және әріп таңбасымен таныстыру; мысал келтіру арқылы сөздік қорын толықтыру; байланыстырып сөйлеуге үйрету.

Міндеттер

Білімділік

  • Ш дыбысы бар сөздерді ойлап табуға дағдыландыру.
  • Дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратуға үйрету.
  • Баспа түрде жазуға жаттықтыру.

Дамытушылық

  • Ойын арқылы тілін, ой-өрісін және сөздік қорын дамыту.
  • Есте сақтау қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Өз ойын еркін, анық жеткізуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын, қорытындылау.

Сөздік жұмыс

Ш дыбысы кездесетін сөздер.

Көрнекіліктер

Ш әрпінің баспа түрлері, суреттер, текшелер, карточкалар, сауат ашу «Әліппе-дәптері».

Мотивациялық-қозғаушы бөлім

«Жылулық шеңбері»

Балалар, бүгінгі оқу іс-әрекетімізді бастамас бұрын бір-бірімізге жылы лебіз айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайық.

Мынау аспан астында,

Жақсы дос көп табылар.

Біз де соның біріміз,

Сыйлығымызды қабыл ал.

Мұғалім балаларға сурет көрсетеді: түлкі. Түлкі көмек сұрап келіпті. Ол ормандағы аңдарды алдап кеткен екен, енді сол аңдар жолын жауып қойыпты.

Сюжеттік тапсырма:

«Түлкіге шатасқан жолдар арқылы үйіне жетуге көмектесейік. Ол үшін жолда кездесетін аңдардың тапсырмаларын орындаймыз».

Саяхат тапсырмалары (ойын арқылы бекіту)

1) Арыстанның тапсырмасы

Ағашта қалған жапырақтарды жинаймыз. Әр жапырақтың артында дыбыстар жасырылған.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Неге себеттердің түстері әртүрлі болуы мүмкін?
  • Дыбыс пен әріптің айырмашылығы қандай?
  • Дауысты және дауыссыз дыбыстар дегеніміз не?

Қорытынды: арыстанның тапсырмасы орындалды, жолымыз ашылды.

2) Аюдың тапсырмасы

Жолды аю жауып тастапты. Алға жылжу үшін мына сұрақтарға жауап береміз және оқу тапсырмаларын орындаймыз.

Сұрақтар

  • Сөз неден құралады?
  • Сөйлем дегеніміз не?

Оқу тапсырмасы

Буындарды және сөздерді оқимыз.

Балалар тапсырманы орындап, түлкіні жолдан өткізеді. Түлкі үйіне жетеді.

«Алтын сандық» және жаңа дыбыс

Түлкінің хаты

«Балалар, сендерге көп рақмет! Маған көмектестіңдер. Мен енді ешқашан ешкімді алдамауға уәде беремін. Сау болыңдар!»

Жұмбақ

Тікен, тікен, тік пісте,

Қысы-жазы бір түсте.

Жауабы: шырша.

Дыбысты анықтау

  • «Шырша» сөзінде қандай дыбыс естіп тұрмыз?
  • Ш дыбысы кедергімен айтыла ма, әлде кедергісіз бе?
  • Олай болса, Ш дыбысы қандай дыбыс?

Қорытынды: Ш дыбысы кедергі арқылы жасалады, яғни ол дауыссыз дыбыс.

Артикуляция (қалай айтылады?)

Ерніміз дөңгеленеді, тістеріміз бір-біріне жақындайды, тіліміз жоғары көтеріледі (бірақ таңдайға тірелмейді). Дауыс шымылдығы дірілдемейді. Іштен шыққан ауа ағысы жылы сезіледі.

Әріп таңбасы

Түлкінің сыйлығы: Ш (бас әріп) және ш (кіші әріп).

Ш әрпі неге ұқсайды?

Айырға аздап ұқсайтын,

Сабы жоқ, бірақ ұстайтын.

Тарақты еске салатын —

Қайсы әріп, кім табады?

Тіл ұстарту жаттығуы

ША–ША–ША — біз тебеміз шана.

Практикалық тапсырмалар

Суретпен жұмыс

Сурет атауларының қай дыбыстан басталатынын анықтап, тиісті әріпті қоямыз. Шыққан сөздерді оқимыз.

Қорытынды: Ш дыбысы сөздің басында, ортасында және аяғында кездеседі.

1) Дыбыстық талдау

Үстел үстінде дыбыстық талдау жүргіземіз.

2) Сөйлем құрау

Ш дыбысы бар сөздерді қатыстырып сөйлем құраймыз.

3) Буындарды оқу

Буындарды оқимыз және біріктіріп сөз жасаймыз.

4) Жаңылтпаш жаттау

Барлық балалармен жаңылтпашты сыбырлап, орта дауыспен және қатты дауыспен айтамыз.

Шаңқ-шаңқ етіп шағала,

Шабақ ілер жағада.

Сергіту сәті

Бір, екі, үш,

Бір, екі, үш.

Бойға жинап күш.

Қолға қалам аламыз,

Сауатты етіп жазамыз.

5) «Буынға буын қос»

Берілген буындарға жаңа буын қосып, сөз құрастырамыз.

6) «Қай әріп жоғалып қалды?»

Жоғалған әріпті табамыз: ала…а, ша…у, ш…р, ал…а.

Жазылым

  • Ш дыбысын ауада «жазып» көреміз.
  • Дәптермен жұмыс: қаламды дұрыс ұстау және отыру ережесін еске түсіру.
  • Нүктелерді бастырып, баспа түрде жазамыз.

Қорытынды бөлім

«Көңіл күй» әдісімен рефлексия

  • Сабақ ұнады ма?
  • Несімен қызықты болды?

Қоштасу

Біз ақылды баламыз,

Айтқан тілді аламыз.

Бүгінгі келген қонаққа

«Сау болыңыздар!» деп айтамыз.

Күтілетін нәтиже

Білуі керек

Ш, ш дыбысы мен әрпін.

Игеруі

Дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратуды; Ш дыбысының дауыссыз дыбыс екенін.

Меңгеруі

Сұрақтарға жауап беруді және баспа түрде жазуды.