Қазақтың қанатты қызы - Хиуаз Доспанова Сабақтың мақсаты

Сабақтың тақырыбы

Қазақтың қанатты қызы – Хиуаз Доспанова

Сабақтың түрі

Ауызша бейне-журнал сабағы

Көрнекілігі

  • Слайдтар
  • Бейнефильм
  • Фотосуреттер
  • Суреттер

Техникалық құрал-жабдықтар

Интербелсенді тақта, медиапроектор, компьютер

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Сұрапыл соғыс жылдарында ер азаматтардан кем түспей ерлікке барған қаракөз қазақ қыздарының батылдығы мен қаһармандығын таныту, батырлардың ерлікке толы өмірін үлгі ету арқылы тәрбиелеу.

2) Тәрбиелік

Ұлы Отан соғысында от кешкен қаһарман жауынгерлердің теңдессіз жанқиярлық ерліктерін әрдайым ардақтауға, өшпес рухына тағзым етіп, оларды мәңгі есте сақтауға және патриотизмге баулу.

3) Дамытушылық

Қазақ халқынан шыққан сан мыңдаған батыр ұл-қыздың ішінде есімі елге ерекше таныс қаһарман арулардың бірі — қазақтың тұңғыш әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы кеңінен таныстыру.

Сабақтың жоспары

1-бет

Қазақ қыздары – отты жылдарда

2-бет

Өр мінезді қайсар қыз – Хиуаз

3-бет

Қаһарман қыз Хиуаз

4-бет

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Сабақтың барысы • 1-бет (5–7-слайд)

Қазақ қыздары отты жылдарда

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Тарих көші үнемі жаңарып отырады. Дегенмен, ұмытылмайтын, ескірмейтін оқиғалар бар. Солардың бірі — адамзатқа ауыр қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс және Ұлы Жеңістің қасиеті. Батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашан да ұмытпайды.

Фашистік Германия бастаған соғыс 1941 жылғы 22 маусымда тұтанды. Ал Кеңес елінің бірлігі мен татулығының арқасында 1945 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды. Содан бері ұзақ жылдар өтті, алайда соғыс сабағы мен жауынгерлік рухтың мәні көмескіленген жоқ.

Майдандағы қазақ қыздарының ерлігі

Соғыс жылдарының шежіресіне үңілсек, қазақ қыздарының ерлігі ерекше таңғалдырады. Оларды майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың сан алуан түрінен кездестіруге болатын. Қазақ қыздарының арасынан ұшқыш та, танкист те, барлаушы да, партизан да шықты.

Етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен ауыр кезеңде азамат жүгін арқалаған мыңдаған қазақ қыз-келіншек уақыт тезінен, тарих талқысынан сүрінбей өтті. Олар солдаттың керзі етігін киіп, Мәскеуден Берлинге дейін сап түзеді.

Қазақ әйелі соғыстың зардабы мен салмағын өзгелермен қатар көтере білді. Арайлы таңы алда тұрса да, сұрапыл соғыс өз ортасынан жұлып әкеткен талай ер-азаматтың орнын жоқтатпай, елдікке қызмет етті.