Сақ ордасы

Ақтөбе қаласы • №21 орта мектеп-гимназиясы • Тарих пәні • 6-сыныпқа ықшамдалған

«Сақтардың тәуелсіздік үшін күресі» тақырыбы бойынша сахналық көрініс: «Томирис патшайым»

Автор: үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі — Сәрсенбаева Сәулет Жамаладинқызы.

Негізгі идея

Ел тәуелсіздігін сақтау үшін бірлік, табандылық және айла-тәсіл қатар қажет.

Оқиға өзегі

Парсы патшасы Кирдің жорығы, сатқындық, ханзаданың қазасы және Томиристің шешуші қарсы соққысы.

Кейіпкерлер

Томирис, Зарлық қария, Рүстем батыр, Кир, Мардан елші, Сыпатай, Сапар.

1-көрініс

Сақ ордасы

Томирис

Сақтардың бір ел болып біріккенін аңсаймын. Бірақ бақталастар кедергі келтіріп, мүмкіндік берер емес. Әр тайпаның көсемі өз алдына би болып, бағынғысы келмейді. Қалай ел боламыз, қалай бірігеміз, Зарлық қария?

Зарлық қария

Елің үшін отқа түсіп, күйіп жүрсің, патшайым. Білемін, бар ойың — сақтардың басын біріктіріп, ел ету. Сақтарды бөлшектеп жүрген — өзара келісімге келмеген тайпа көсемдері. Шыдайық, патшайым. Шаршамайық, ел болу мақсатымыздан таймайық.

Сақшы

Патшайым, Рүстем батыр келді. Кіруге рұқсат сұрайды.

Томирис

Рүстемді осыдан бес жыл бұрын алыс елдерге барлаушы етіп жіберген едім. Оралған екен — тыңдайық. Кірсін!

Рүстем

Армысың, падишам!

Томирис

Төрлет, Рүстем батыр. Аман-есен оралдың ба? Қай жерлерге бардың, не көрдің — айта отыр, батырым.

Рүстем

Көп елді араладым, көп жерді көрдім. Грек қалаларын да, Египет сарайларын да көрдім. Бірақ, патшайым, осы елдердің бәрі бір патшаны жеңуге жарамады.

Томирис

Не болды? Түсінбедім. Кеңірек айтшы, Рүстем.

Рүстем

Парсы елінде Кир деген патша бар. Әскері өте көп, жер қайысады, әрі жақсы қаруланған. Ол маңайындағы талай елді бағындырды. Енді бізге соғыс ашпақ. Қазір соғысқа дайындалып жатыр.

Томирис

Сақ елі ешқашан жаудан қорқып көрмеген. Келсін Кир! Қанша әскері болса да, көрейік! Ертең барлық тайпа көсемдерін жинайық. Соғыс жайын талдаймыз.

Зарлық қария

Жауға қарсы тұру үшін тайпалар бірікпесе болмайды. Жаушылар аттандырыңдар — елімізге қауіп төнді.

Томирис

Сақшы! Ертең барлық тайпа көсемдері жиналсын.

Сақшы

Құп, әміршім!

2-көрініс

Парсы ордасы

Кир

Сенің қасымда ақылшы, елші болып жүргеніңе көп болды. Мен сақтардың еліне жорық жасамақпын. Жорыққа шығар алдында саған бір тапсырма: сақ еліне елші болып барасың.

Мардан

Көп елге елші етіп бұрын да жібердіңіз, падишам. Бұл жолы да барамын. Томирис ханымның еліне барып, әскерін байқап, сәлеміңізді жеткізіп, қанша күші барын біліп қайтайын.

Кир

Құр сәлем жеткізіп қоймай, дұшпанның күшін санап кел. Бізге жақтас адам табылса, сөйлес. Алтын-күмісті молынан ал да, аттан.

Мардан

Әміріңізге құлдық!

3-көрініс

Сақ ордасы: елшінің талабы

Томирис

Айта бер, елші.

Мардан

Мен парсы патшасы Кир жіберген елшімін. Кир патшам сізге бағынуды бұйырады. Әскеріміз көп әрі өте жақсы қаруланған. Келіссеңіз, сізді лайықты сый-сияпат күтіп тұр.

Сыпатай

Мына елші не дейді өзі?

Томирис

Отыр, Сыпатай. Елшіге тиісуге болмайды. Мардан, патшаңа айта бар: біз соғысқа дайынбыз. Соғысатын жерін айтсын!

Мардан

Көнбесең, Томирис, соғысты бастаймыз. Соғысатын жер — Яксарт, Сырдың жағасы. Кир сақтардың түбіне жетеді!

Томирис

Ендеше Кирмен соғысты талқылайық. Үш күннен соң майданға шығамыз. Сыпатай, барлау әскерін сен басқарасың.

4-көрініс

Оңаша әңгіме: азғыру мен сатқындық

Сапар

Уа, елші, менімен неге сөйлеспек болдың?

Мардан

Сен сияқты батырдың ерлігін көп естідім. Бірақ таң қалғаным — ер басыңмен әйел патша Томириске қалай бағынып жүрсің? Өзің неге патша болмайсың?

Сапар

Иә, патша тағына отыру — арманым. Кедергі болып жүрген — Томирис.

Мардан

Ақша жағынан қиналмайсың. Бізге көмектессең, жәрдем береміз. Томиристі жеңсек, сақтарға сен патша боласың!

Сапар

Онда мен де бір сыр ашайын: Томиристің жалғыз ұлы — Сыпатай. Ол сендердің соңдарыңнан еріп, барлау әскерін бастап шықпақ.

Мардан

Құпияңа көп рақмет. Келістік.

5-көрініс

Кир ордасы: тұтқын

Мардан

Әміршім, алдыңызға сақ ханзадасы Сыпатайды әкеліп тұрмын. Тұтқынға алдық. Сапар көмектесті.

Кир

Әкеліңдер, сақ ханзадасын көрейік.

Кир

Сақтың батыр ханзадасы, егер ержүрек болсаң, сені әскербасы етіп тағайындаймын. Маған қолбасшы бол.

Сыпатай

Мен елімді ешқашан сатпаймын. Саған қызмет етпеймін.

Кир

Онда өлтіріп, шешесіне хабарын жеткізіңдер.

6-көрініс

Сақ ордасы: ант пен қарсы соққы

Томирис

Кир патша менің жалғыз ұлымды өлтіріп, мені сындырмақ болған екен. Ұлымның қазасы жаныма батады. Бірақ елімнің тәуелсіздігі бәрінен де жоғары. Атқа қоныңдар! Сақ азаттығы үшін күреске дайындалыңдар!

Автор баяндауы

Жалғыз ұлынан айырылған Томирис бұл қазаға көз жасымен емес, кек қайтарумен жауап беруге бел байлайды. Ол айлаға көшіп, қорқып қашқандай әрекет жасайды да, Кирдің әскерін жасырынған тау шатқалына жетелейді. Сол жерде қиян-кескі шайқас болып, Кир патшамен бірге парсының 200 мың әскері жойылады. Жеңілісті жеткізер жаушы да қалмайды. Томирис сақтарды парсы жаулап алуынан сақтап қалады. Осылайша сақтар тәуелсіздігін сақтап қалады.

7-көрініс

Қорытынды: ел бірлігі

Томирис

Қауіпті жаудың бетін қайтардық. Еліміздің азаттығын сақтап қалдық, солай емес пе, Зарлық қария?

Зарлық қария

Иә, патшайым. Халқыңызды дер кезінде біріктіріп, сақтап қалдыңыз. Қайғыға берілмей, күш-жігеріңізді жинай білдіңіз. Ел бірлігі мықты болса, ешқандай жау ала алмайды:

Ел бірлігі мықты болса,
Ешқандай жау ала алмас.
Таптаймын деп келген жау,
Табанына сала алмас.

Барлығы орнынан тұрып, жайлап шығып кетеді.