Сайын Мұратбековтің өмірі, Жусан иісі әңгімесінің мазмұнына дайындалу

Қатысатын категория

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі

Сабақтың тақырыбы

Сайын Мұратбеков — «Жусан иісі»

Сабақтың типі

Жаңа білімді игеру

Сабақтың түрі

Аралас

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың мәтінді түсінуін тереңдетіп, сөйлеу мәдениетін дамыта отырып, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу.

Білімділік

  • Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы мәлімет беру.
  • Шығарманың жалпы мазмұнын, кейіпкерлерін таныту.
  • Кейіпкерлер бастан кешкен оқиғалар арқылы мәтін мазмұнын ашу.

Дамытушылық

  • Жүйелі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.
  • Ой-өрісті кеңейту.
  • Сөздік қор мен тіл байлығын дамыту.

Тәрбиелік

  • Ер мінезділікке баулу.
  • Табандылық, төзімділік, қайраттылық қасиеттерін қалыптастыру.
  • Қарапайымдылық пен адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен әдіс-тәсілдер

Көрнекілік

Жазушының портреті, шығармашылығына қатысты материалдар, сюжетті суреттер, слайд.

Әдіс-тәсілдер

СТО (сын тұрғысынан ойлау) стратегияларының элементтері, топтық жұмыс, талдау, пікірлесу, мәтінмен жұмыс.

Сабақ құрылымы

  1. 1

    Қызығушылықты ояту

    Ұйымдастыру, үй тапсырмасын тексеру, ой шақыру.

  2. 2

    Мағынаны тану және ажырату

    Жаңа сабақ, мәтінмен жұмыс, талдау тапсырмалары.

  3. 3

    Ойтолғаныс

    Қорытынды пікір, салыстыру, рефлексия және бағалау.

1) Қызығушылықты ояту

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу, сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындау.
  • Сыныптың көңіл күйін анықтау, жұмысқа бағыттау.

Үй тапсырмасын тексеру

Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен «Кәрі қыран» өлеңі бойынша тапсырмалар:

  • І топ: ақын туралы қысқаша дерек (хронологиялық кесте немесе естеліктер).
  • ІІ топ: «Поэзия минуты» (өлеңді жатқа, мәнерлеп оқу).
  • ІІІ топ: өлең құрылысына талдау.

Қорыту (дәйексөз)

«Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатқа келеді: бірі — өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі — өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар. … Қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса — бірі, біреу болса — өзі — Қадыр Мырзалиев.»

— Зейнолла Қабдолов

2) Мағынаны тану және ажырату

Алдыңғы білімді өзектендіру

6-сыныпта Сайын Мұратбековтің өмірі мен «Қылау» әңгімесін өткен едік. «Ой шақыру» әдісі арқылы жазушы туралы білімімізді еске түсіреміз.

Сонымен қатар БҮҮ (Білемін — Үйрендім — Үйренгім келеді) сызбасы толтырылады.

Жаңа сабақ: кіріспе

60–90-жылдардағы қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің бірі — жазушы Сайын Мұратбеков. Ол Талдықорған өңірінің Қапал ауданына қарасты Қоңыз ауылында дүниеге келген.

1971 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары курсты тәмамдаған. Бұған дейін ауылында еңбек етіп, мұғалім болған. Алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарияланып, содан бері проза жанрында өнімді жұмыс істеді.

Кітаптары: «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін», «Кәмен-Тоғай», «Жусан иісі» және т.б.

— Мырзатай Серғалиев

«Болжау» әдісі: тақырыпқа шолу

«Жусан иісі» атауы нені меңзейді? Жусан иісі қандай сезім, қандай естелік тудырады? Оқушылар өз болжамдарын айтып, ойларын дәлелдейді.

Повестің мазмұнын сюжетті суреттер арқылы әңгімелеу

  1. 1) Балалық шақты еске түсіру

    Естеліктер арқылы көңіл күй мен уақыт бедері айқындалады.

  2. 2) Балалардың ойыны

    Балалардың бірлігі мен аңғал әлемі көрінеді.

  3. 3) Аянның әжесінің (апасының) қайтыс болуы

    Тағдыр салмағы мен жетімдік қасіреті тереңдейді.

  4. 4) Ертегіші Аян

    Қиял мен рухани қорғаныс ретінде ертегі айту мәдениеті ашылады.

  5. 5) Егіс даласындағы еңбек

    Соғыс жылдарындағы ауыр тірлік пен еңбек көрінісі беріледі.

  6. 6) Қаралы қағаз

    Қайғының қоғамдық әрі отбасылық деңгейде әсері байқалады.

  7. 7) Аян және балалар

    Достық, жанашырлық, төзім мен үміт құндылықтары жинақталады.

Аралық қорытынды

Қазіргі балалар үйінің тұрмыс-тіршілігі мен ҰОС жылдарындағы балалардың жағдайын салыстыруға келмейді. Ол кезеңде соғыс салдарына байланысты тұрмыс ауыр болды, мүмкіндік шектеулі еді.

Мәтінмен жұмыс

  1. Әңгімені оқу.
  2. Сөздікпен жұмыс (слайд арқылы түсіндіру).

Оқулықпен жұмыс: топтық тапсырмалар

Әр топқа бағытталған тапсырмалар арқылы кейіпкер бейнесі талданып, адамгершілік құндылықтар айқындалады.

І топ: Аянға портрет және мінездеме

Портрет

Аян — шолақ жеңді ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бала.

Мінездеме

Аян — ақкөңіл, зерек, өте ақылды. Жайдары жүзі мен жұмсақ мінезі айналасын өзіне тартады. Ең жақсы қасиеті — ешкіммен төбелеспей, сөзге келмей, сабыр сақтай білуі.

ІІ топ: Венн диаграммасы

Аян мен әңгімеші баланың бойындағы адамгершілік қасиеттерді салыстыру:

  • Аян

    Қайырымды, төзімді, қарапайым, адал, жүрекке жақын жан.

  • Әңгімеші бала

    Бауырмал, ақкөңіл, қарапайым, адал дос бола алатын тұлға.

ІІІ топ: «Сауаттылық хаты»

Сәлем, Аян! Денсаулығың қалай? Аяғың жазылып кетті ме? Сен әртүрлі ертегілерді қалай ойлап табасың? Балалармен тез тіл табысып кетуіңе не себеп болды? Маған сенің бойыңдағы қарапайымдылық қасиеті қатты ұнайды. Сау бол!

Хат жазушы: 7 «В» сынып оқушысы

3) Ойтолғаныс және қорытынды

Негізгі түйін

«Жусан иісі» әңгімесінің өзегі — тағдыр талқысына түскен, жастайынан жетімдіктің зарын тартқан Аян бейнесі. Аянның ақылдылығы мен намысшылдығы, сүйкімділігі мен төзімділігі — үлкен адамға тән қасиеттер. Бұл оның ерте есейгенін, өмірдің ауырлығын ерте танығанын аңғартады.

Ер баланың мінез-құлқынан қайраттылық, намысқойлық, төзімділік, қамқорлық айқын көрінуі керек. Сонда ғана ол жақсы азамат болып қалыптасады.

Үй тапсырмасы

  1. Сайын Мұратбековтің өмірі мен «Жусан иісі» әңгімесінің мазмұнына дайындалу.
  2. Аянның ертегісін «Баяғыда бір жетім бала болыпты…» деген тақырыпта жалғастырып, өз ойларыңша атау қою.

Бағалау

Оқушылардың мәтінді түсінуі, талдауы, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық тапсырмалардағы белсенділігі негізінде бағаланады.

Мұғалім туралы мәлімет

Жамбыл облысы, Тараз қаласы, №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Қуатова Ұлжан Аманбайқызы.