Махаббат - сүйіспеншілік

Кіріспе: «Рухани-адамгершілік — ізгілік нұры»

Ешкім адамгершілігі мол азамат болып тумайды. Басында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағатыны сияқты, өнегелі ата-ананың тәліміне сусындап, адалдық, еңбексүйгіштік, бауырмалдық рухта ержеткен бала мектеп пен қоғам тәрбиесін де бойына жақсы сіңіреді.

Бауырмалдық ұғымының кең мағынасы — халықаралық достық пен ынтымақ. Азаматтықтың да, батырлықтың да бір негізі осы бауырмалдықтан бастау алады. Ерлік аспаннан түспейді — Отанды сүюден туады. Ал Отанды сүю үй ішінен, отбасынан өседі: ата-ананы, апа-қарындасты, аға-ініні сыйлап, құрметтеген адам халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген сын сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады.

«Ерлік білекте емес, елін сүйе білген адал жүректе...»
— Бауыржан Момышұлы

Адам бойына ең әуелі керек қасиет — адамгершілік деп білемін. Өйткені оның өзегінде сүйіспеншілік, мейірім, ізгілік, махаббат, жақсы ойлау секілді әрекеттер тізбегі жатыр. Адамгершілігі мол адам — арам пиғылдан аулақ азамат. Жақсы адам айналасына нұр шашып қана қоймай, жетімге жұбаныш, әлсізге демеу болады. Дүниедегі игі нәрсенің бәрі адамгершілік ұғымы арқылы жүзеге асады.

Тақырып
Адамгершілік — азаматтық тұлға
Мақсат
Адам бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерді ашу.
Өзектілік
Болашақта адамгершілікті басты ұстаным ететін азаматтардың көп болуы.

Негізгі ұстаным

Адамгершілік қағидаларды әрдайым назарда ұстап, айналамдағы адамдарға, әсіресе достарыма, үлгі етуге және насихаттауға ұмтылу.

Адамгершіліктің 7 қағидасы

  1. Ақиқатқа сену, адал болу.
  2. Жақсы мінез бен көрікті ақылды қалыптастыру.
  3. Дұрыс әрекет ету және ойлану.
  4. Жүректе имандылықты сезіну.
  5. Тәртіпке бағыну, жақсы тәрбие алу.
  6. Ата-анаңа және бауырларыңа қорған болу, халқың үшін еңбек ету.
  7. Зорлық-зомбылық көрсетпеу, әлсіздерге көмек беру.

Адамға берілген 7 қасиет

Бұл қасиеттер — Жаратқанның адам баласына берген сыйы. Олар игі істерге бағытталса, адамның болмысы биіктей түседі.

Көру
Әлемнің сұлулығын көзбен тамашалау.
Есту
Әлемдегі әуезді, мағыналы дыбыстарды есту.
Сезіну
Ізгілікті жүрекпен ұғыну.
Дәм сезу
Тәттінің де, ащының да дәмін тату.
Ұстау
Екі қолмен жақсылық жасау.
Аялау
Қолда бардың қадірін білу.
Махаббат
Сүйіспеншілік пен мейірімге негізделген асыл сезім.

Жер бетінде осы қасиеттердің бәрі толық берілген тірі иесі жоқ деуге болады; бұл — адам деген атқа лайық пендеге бұйырған ерекше мүмкіндік. Сондықтан адамгершілігі мол азамат боламын деген жан осы қасиеттерін тек жақсы ниетпен іске асырғаны жөн.

Қай нәрсе адамгершілікті әлсіретеді?

Дененің 3 жауы

  • Сатқындық
  • Ашкөздік
  • Қасақана ауырту (зиян келтіру)

Сөйлеудің 3 жауы

  • Дүрбелең таратуға құмарлық
  • Өтірік сөз
  • Өсек

Ақылдың 3 жауы

  • Басқаның дүниесіне қызығу
  • Көреалмаушылық
  • Мысқылшылдық (цинизм)

Не істеу керек?

Өз қалауларыңызға шек қойыңыз: тағамға, ақшаға, билікке, уақытқа қатысты әдеттеріңізді реттеп отырыңыз. Шек қою — шектеу емес, тәртіпке келтіру.

Тағам Ақша Билік Уақыт

Адамгершіліктің бес құндылығы

1) Сүйіспеншілік

Сүйіспеншілік — адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры; риясыз, нәзік әрі терең сезім. Махаббат адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең биік сүйіспеншілік.

2) Дұрыс іс-әрекет

Дұрыс іс-әрекет алдымен жүректе туады, кейін сөз арқылы өріліп, соңында нақты әрекет ретінде жүзеге асады. Бұл қағида — өзіңе де, өзгеге де, табиғатқа да зиян келтірмеу.

3) Қиянат жасамау

Қиянат жасамау — ақиқатпен өмір сүру, мінез-құлықты тәрбиелеу және жан тыныштығын сақтау. Бұл құндылықтың тамыры да сүйіспеншілікке барып тіреледі.

«Рақымдылық, мейірбандық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек — бұлар жүрек ісі. Асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды».
— Абай

4) Жан тыныштығы

Адамның ішкі жан дүниесі тынышталса, отбасында да тыныштық орнайды. Отбасында тыныштық болса, қоғамда да тыныштық болады. Қоғам тыныш болса, мемлекет те берекеге келеді.

5) Ақиқатты тану

Рухани кәусар бұлақтың көзін табуға жол іздеу — дәл қазір өмір сүріп жатқан әрбір адам үшін де, өмірге жаңа қадам басқан ұрпақ үшін де ең маңызды міндеттердің бірі.

Қорытынды

Адам өмірін түзеудің, адамдардың тату тұруының негізгі шарты — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл. Бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүру қиын.

Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық — ақ жүректен шығады. Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді әрі соған бармайды.

Осы үш қасиет біріксе, адамның жақсы өмір сүруі де, бір-бірімен тату тұруы да сөзсіз.