Ауыл айшықтары
Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Қазалы ауылы
№100 орта мектебі • І санатты бастауыш сынып мұғалімі Саулебаева Ләззат Шәкиқызы
Мақсаты
а) Туған ауылға сүйіспеншілік
Оқушыларды туған ауылдың тарихымен таныстырып, туған жерге деген ыстық сезімін бөлісуге, әр баланың елін, Отанын қадірлеуге бағыттау.
ә) Еңбекке құрмет
Еңбек түрлерін ұғынып, оны бағалауға; өткенді қастерлеп сақтауға; еңбек ардагерлерін сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
б) Білімді ұрпақ
Халқымыз болашағынан үміт күтетін білімді ұрпақ қажет екенін оқушыларға ұғындыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Тәрбие сағатымызға қадірлі қонақтар келіп отыр: ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар — Молдабек ағай, Қойтанбай ағай, Өмірбек ағай.
II. Кіріспе
Ауыл — қазақтың алтын бесігі, күре тамыры. Ауыл — адамзаттың кең дүниеге есік ашқан киелі мекені: бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған қасиетті қоныс.
Ана әлдиі мен алғашқы қадам секілді, әр адамның жүрегінде туған жерге деген ерекше сағыныш пен құрмет тұрады. Сондықтан да ет пен сүйектен жаралған әрбір жан өз ауылын сүйетіні сөзсіз.
Түйін: Туған жер — алтын бесік. Өз бесігін сыйламаған, құрметтемеген жаннан жақсылық күту қиын. Туған жердің тарихын білмеу — ұят.
Бүгін біз туған ауылымыз — Қазалы ауылы жайлы ой қозғап, жүрекке жақын естеліктермен бөлісеміз.
Музыкалық үзінді
«Ауылым» әні орындалады.
III. Бұл ауыл қалай құрылған?
- 1942 жылы Ақтөбеден Қазалы совхозына 6011 бас қой, 30 бас сиыр, 5 ат және 35 жанұя қоныс аударып келеді.
- 1943 жылы «Комсомол» және «Бірлік» колхоздары бірігіп, Қазалы асыл тұқымды қой совхозы болып құрылады.
- 1943–1947 жылдары совхозды Сәбила Батырова басқарады.
- 1948 жылы совхозға Дүйсенбай Маханов жетекшілік етіп, келесі 13 жылда ауылды көркейтуге ерекше мән беріледі.
Инфрақұрылымның дамуы
Стандартты тұрғын үйлер, клуб, тұрақты киноқондырғы, кітапхана, орта мектеп, ауылдық аурухана, монша, электр станциясы, қуатты радиоторап салынды. Үлгілі жоба бойынша қора-жайлар және өзге өндірістік нысандар бой көтерді.
Шаруашылық жетістігі
Мемлекеттік жоспарлар негізгі көрсеткіштер бойынша артығымен орындалды. Қой жүнінің орташа түсімі 4,8 кг-ға жетті. Басшылық еңбегі жоғары бағаланды.
1958 жылы Арал маңындағы биязы жүнді қой өсіру бағытындағы көпжылдық ғылыми ізденістер қорытындысы бойынша Қазалы совхозы асыл тұқымды мал совхозы мәртебесіне жатқызылады. Директордың ұйытқысымен ғалымдар тартылып, жергілікті ортаға төзімді жаңа тұқым шығару жұмыстары нәтижелі аяқталады.
IV. Бүгінгі ауыл келбеті
Аумағы
467,881 км²
Халық саны
660 тұрғын
Елді мекен
15 елді мекен
Қазіргі таңда ауылымызда 704 орындық, 3 қабатты жаңа мектеп бой көтерген. Онда 278 оқушы білім алады. Ауыл орталығында жанұялық емхана, мектеп-интернат, мәдениет үйі, кітапхана және балабақша тұрақты қызмет көрсетеді.
V. Өз қолымен қалаған іргетасын: атам, әжем — еңбектің ардагері
Тәрбие сағатында еңбек майталмандары мен елге еңбегі сіңген азаматтардың еңбегі үлгі етіледі. Көрсетілетін материалдар қатарында: С. Батырова, Д. Маханов, К. Шораева, Ө. Садықов, Ж. Сүттібаев, Е. Есіркеев, Е. Теңізбаев туралы суреттер мен деректер бар.
VI. Шежіре: қарттар сыр шертеді
Бұл бөлімде ауылдың өткені мен өнегесі сөз болады. Қадірлі қонағымыз Молдабек ағайға сөз беріліп, ауыл тарихынан көрген-білгенін оқушыларға әңгімелеп береді.
VII. Ауыл айшықтары
Қолдары бүгін ұзарып,
Еншісіне тиді жер.
Жер кіндігі — мол байлық,
Тұрмыстарын түзетер.
Уақыт өте ауыл шаруашылығы еңбегі жаңаша ұйымдастырылып, фермерлер мен шаруа қожалықтары қалыптасты. Бұрын көптеген мәселені басшы шешсе, қазір әр азаматтың өз таңдауын жасап, шешім қабылдауға мүмкіндігі артты. Отбасы мердігерлігі нығайып, кәсіпкерлік пен бизнес қанат жайды.
Сұрақ-жауап (болашақ журналистер)
- Ауылымыздың кәсіпкерлері туралы не білеміз?
- Қазіргі ауыл жағдайы мен бұрынғы жағдайдың айырмашылығы қандай?
- Ауылды құру барысында қандай қиындықтар кездесті?
- Болашақ ауыл қандай болса деп ойлайсыз?
VIII. Ауылымның келешегі — менің болашағым!
Оқушыларға ой салатын тапсырма: «Сен ауылың үшін не істер едің?»
Рөлдік ой-толғау
- Егер сен әкім болсаң…
- Егер сен дәрігер болсаң…
- Егер сен кәсіпкер болсаң…
- Егер сен бай болсаң…
- Егер сен фермер болсаң…
Шығармашылық жұмыс
Оқушылардың жазып келген шығарма, әңгіме, өлеңдері оқылады.
- Сәнім — әңгіме
- Оңталап — өлең
- Ғарифолла — өлең
IX. Ән шашу
Ән мен күйді төгілтіп,
Інжу-маржан шашайық.
Қонақтарды тәнті етіп,
Өнерден күмбез жасайық.
Тақпақ оқитындар
Перизат, Альбина, Сәнім, Айдос, Назерке, Дамир, Оңталап, Ислам, Нұржан.
Нөмірлер
- «Ауылым» әні — Ғарифолла
- Күй — Нұржан
- «Солдат болам мен ертең» — Амантай, Нұрсұлтан, Ислам
- «Қошақаным» әні — Аян, Дамир
- «Қара жорға» биі — оқушылар тобы
X. Ақ бата
Сенімді жолмен әрдайым,
Халқымның алып батасын.
Аттаған жаңа заманға,
Ауылым менің жасасын!
Осы тілекпен Молдабек атамыздың ақ батасын алайық.
XI. Қорытынды сөз
Тектіліктің тамыры тереңде екенін ойлайтын халықпыз. Өткенімізден өнеге алып, естелігін тыңдап, тағылымын ұғынып өсуге арналған бұл тәрбие сағатының мәні зор.
Негізгі ой: Елдің еңсесін көтеру — жастардың мойнындағы міндет. Бабалардан қалған арман-тілекті алға апарушы да — бүгінгі жас ұрпақ.
Құрметті қонақтар мен оқушылар! Аманаттың ақ ордасы — ауыл. Ауыл мәдениетін өркендетіп, аманаттың ақ жолына қанат қағайық.
Тәрбие сағатын қорытындылау үшін сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б. Карчалова апайға береміз.
Осымен «Кіндігімнің жас қаны, тамған жерім — ауылым!» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Келіп, тамашалағандарыңызға рахмет!