Оқулықтағы суретпен жұмыс

Сабақ туралы мәлімет

Мекеме

Астана қаласы, №53 мектеп-лицей

Мұғалім

Музыка пәні мұғалімі Қаракеева Зәкира Құрманбекқызы

Пән / Сынып

Музыка, 2-сынып

Тақырып

«Бояу мен дыбыстар»

Сабақ түрі

Жаңа білімді меңгерту

Пәнаралық байланыс

Өзін-өзі тану, бейнелеу өнері

Мақсат, міндет, тәрбиелік бағыты

Сабақтың мақсаты

Балалардың қоршаған орта мен өмір құбылыстары туралы түсінігін кеңейту. Музыка мен бейнелеу сабақтарын байланыстыра отырып, тақырыпты толық меңгертуге көмектесу.

Міндеттері

  • Оқушының танымдық деңгейін дамыту.
  • Ән айту, мәнерлеп орындау шеберлігін арттыру.

Тәрбиелік бағыты

Білімді, дарынды, алғыр, өнерлі, адамгершілігі жоғары, өз Отанын сүйетін сезімтал бала тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, ойын әдістері.

Көрнекілік құралдар

Слайд көрсетілімдері, суреттер, сөзжұмбақтар, үнтаспа, музыкалық аспаптар.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Сыныпта жоқ оқушыларды түгендеу.
  • Сабақта тыныштық сақтау ережесін еске салу.

II. Үй тапсырмасын қайталау

Тақырып: «Сурет және дыбыс». Оқулықтағы суретпен жұмыс жүргізіледі. Өткен сабақтағы білім «Ойлан, тап» дидактикалық ойыны арқылы қайталанады.

Ойынға мысалдар

  • Күй: «Балбырауын».
  • Машинаның суреті.
  • Р. Рымбаеваның орындауындағы ән.
  • Балғаның суреті.

Оқулықтағы сурет бойынша әңгіме

  • Балаға ат қою: Мақсат.
  • Ол қайда отыр? Атасының жұмыс бөлмесінде.
  • Оның атасы кім? Етікші.
  • Атасының қандай заттары бар? (Оқушылар жауап береді.)

III. Жаңа тақырып: «Бояу мен дыбыстар»

Жаңа тақырыпты ашу үшін мұғалім балаларды айналаға зер салуға жетелейді: егер бояу болмаса, өмір қандай болар еді? Әңгіме табиғат түстерін байқатудан басталады.

Сұрақтар

  • Аспанның түсі қандай?
  • Күннің түсі қандай?
  • Ормандағы ағаштың түсі қандай?
  • Орманда қандай жануарлар бар? (Аю, қоян, түлкі т.б.)
  • Оқулықтағы қоян мен қолындағы сәбізді қандай бояумен бояр едің?

Қызықтыру тәсілі

Балалардың көңіл-күйін көтеру және қызығушылығын арттыру үшін жұмсақ қоян ойыншығы көрсетіледі.

Серігу сәті: «Сұр қоян» қимыл-қозғалыс ойыны

Құлағы мортабан, анам қоян әперді.

Сүп-сүйкімді әдемі, жейді екен ол сәбізді.

Әй, сұр қоян, сұр қоян, қашпа менен тұр қоян.

Сәбіз берсем жейсің бе? Дос болайық, сұр қоян!

Ойын: «Қандай аспап?» (тембрді ажырату)

Оқушылар музыкалық аспаптардың дыбысын тыңдап, тембрі бойынша ажыратады. Мақсат — есту қабілетін оятып, дыбыстың «бояуын» сезіндіру.

Кел, балалар, ойнайық,

Ойнайық та ойлайық.

Қандай аспап тембрін

Ажыратып алайық.

Ән үйрену: «Сурет сабағы» (К. Қуатбаев)

Оқулықтағы сурет бойынша әңгіме ұйымдастырылып, оқушының туған ауылының әсем табиғатын, жасыл жайлауын еске түсіріп, оны ән арқылы жеткізуге ынталандырылады.

  • Ән ырғағын сурет мазмұнымен байланыстыра сезіну.
  • Шулы аспаптармен ырғақты ұрып ойнау арқылы іс-қимылға баулу.
  • Сүйемелдеусіз, өзіне ыңғайлы дауыс мәнерімен орындауға мүмкіндік беру.
  • Қимылды оқушылардың өздеріне ойлап табуды ұсыну.

Музыкалық сауаттылық

Негізгі ұғым

Тембр — музыкалық дыбыстың бояуы, яғни дыбыстың өзіндік реңкі мен сипаты.

Шығармашылық жұмыс

Сабақ соңында көңілді музыка қосылып, оқушылар өз қалауы бойынша әртүрлі гүлдердің суретін салады. Бұл тапсырма бояу мен дыбыстың байланысын сезінуге бағытталған.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Қорытындылау

Сұрақ-жауап арқылы сабақ мазмұны бекітіледі.

Бағалау

Белсенді қатысып, нақты жауап берген оқушылар бағаланады.

Үй тапсырмасы

Өтілген тақырыпты қайталау (мұғалімнің нұсқауы бойынша).