Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі Мазходжаева Рабиға апай
Мақал – сөздің маржаны
Бұл тәрбие сағаты халық ауыз әдебиетінің құндылығын танытып, мақал-мәтел мен жұмбақты орынды қолдануға, көпшілік алдында жүйелі сөйлеуге баулиды.
Мақсаты (білімділік)
Халық ауыз әдебиетін тиімді пайдалануға, шаршы топ алдында ойды жүйелеп, әсерлі жеткізуге үйрету.
Мақсаты (дамытушылық)
Оқушылардың шешендік қабілетін, ойлау мәдениетін, халық мұрасына қызығушылығын дамыту.
Мақсаты (тәрбиелік)
Ана тіліне құрметті күшейту, тіл мәдениетін қалыптастыру, достыққа, тапқырлыққа және ұлттық құндылықты қадірлеуге тәрбиелеу.
Әдісі
Түсіндірмелі, сұрақ-жауап, мадақтау.
Тәсілі
Сайыс.
Көрнекілігі
Ел аузынан әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, нақыл сөздер.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен және қонақтармен сәлемдесу.
- Оқушылардың тәрбие сағатына қатысуын тексеру.
- Кабинет тазалығына назар аудару.
II. Тақырып пен мақсатты хабарлау
Топ жетекшісі тәрбие сағатының тақырыбы мен мақсатын таныстырады. Оқушылар халық ауыз әдебиетінің түрлерімен, соның ішінде мақал-мәтел, жұмбақ және жаңылтпаштың ерекшеліктерімен танысады.
Мақал-мәтелдердің шығу тарихы туралы қысқаша мәлімет беріледі. Негізгі міндет — мақал-мәтелді дұрыс әрі ұтымды қолдануға, сөзді әсерлі, дәл жеткізуге дағдыландыру.
III. Кіріспе сөз (мұғалім)
Армысыздар, құрметті жиналған қауым! Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Бұған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанды мекендейтін барша халық үлес қосуы керек.
Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз танып, дәріптеп, насихаттауымыз қажет. Тіл — әр ұлттың қастерлі қазынасы: ол адамға ана сүтімен бірге еніп, бойға сіңеді.
Тіл — халықтың жаны, болмысы, тұтастай кескін-келбеті. Халықтың тарихта қалуы — тілінің сақталуына байланысты. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім…»
Ана тілі — әр адамға ананың әлдиімен, бесік жырымен құлаққа сіңетін ұлы күш. Ана тілінен безу — ақ сүтін беріп асыраған анаңды ұмытумен бірдей.
Бүгінгі сабағымыздың қадірлі қонағы — мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рабиға апайға құттықтау сөз беріледі.
Ақын Қадыр Мырзалиевтің тұжырымы да тіл қадірін айқындайды:
«Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте»
IV. Сайыс бөлімдері
1-бөлім: Мақал-мәтел айту
Мұғалім бір сөз айтады. Сол сөзге команда мақал құрайды. Мақал ішіндегі келесі сөз арқылы қарсы топ жалғастырады.
Талаптың мініп тұлпарын,
Самғай бер көкке, сұңқарым.
«Талаптыға нұр жауар, талапсыздан қорқамын».
2-бөлім: Мақалмен жауап беру
Мұғалім қойған сұраққа қатысушылар мақал-мәтелмен жауап береді. Мысал: «Жыланды інінен қалай шығарамыз?» — «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады».
-
Қар жана ма?
Қалауын тапсаң, қар жанады.
-
Тастың жеңілі бола ма?
Керек тастың ауырлығы жоқ.
-
Инемен құдық қазуға бола ма?
Білім — инемен құдық қазғандай.
-
Аппақ қарға бола ма?
Қарға баласын «аппағым» дер.
-
Қой мен қасқыр ойлана ма?
Қойдың ойлағаны — амандық, қасқырдың ойлағаны — арамдық.
-
Жігітті «шал» деген жөн бе?
Жаман жігіт жасында шал болады.
-
Ең тәтті не?
Ананың сүті тәтті, баланың тілі тәтті.
-
Адамның қай мүшесі қорқақ?
Көз қорқақ, қол батыр.
-
Етікті қонышынан басып киюге бола ма?
Қолыңнан келсе, қонышынан бас.
-
Кімнен кім жаман?
Олақтан салақ жаман.
-
Шашу мен жинаудың қайсысы оңай?
Шашу оңай, жинау қиын.
-
Тауық түс көре ме?
Тауықтың түсіне тары кіреді.
-
Үлкен көз, үлкен сөз бола ма?
Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен.
-
Ер неше рет, қорқақ неше рет өледі?
Ер бір рет, қорқақ мың рет өледі.
-
«Көрдім», «көрмедім» деген неше сөз?
«Көрдім» деген — көп сөз, «көрмедім» деген — бір сөз.
-
Отан неден ыстық?
Отан — оттан да ыстық.
-
Отқа түсіп күймеуге бола ма?
Отан үшін отқа түс — күймейсің.
-
Шошқа үре ме?
Ит жоқта шошқа үреді.
Осы бөлім бойынша қорытынды сөз әділқазылар тарапынан беріледі.
3-бөлім: Сөздерге мақал-мәтел құрау
Командалар төмендегі сөздерге байланысты мақал-мәтел құрастырады.
Гүл жайнасын жастардың ажары,
Тарқалмасын бүгінгі күн базары.
Болашақтың берік ұстап тұтқасын,
Сайыскердің болсын жарқын жолдары.
4-бөлім: Жұмбақ шешу
Бұл бөлімде оқушылар жұмбақтардың шешуін табады.
1) Сүмбіл теректі, жасыл желекті. Ерден қалмайды, жауға керекті.
Жауабы: Найза
2) Шеңбер жасап өседі, желмен бірге көшеді.
Жауабы: Қаңбақ
3) Жансызда бір жансыз бар, жалғыз аяқ. Беліне қыстырғаны — шиден таяқ…
Жауабы: Ұршық
4) Үлпершекке қан құйып, үріп талға байладым.
Жауабы: Бүлдірген
5) Шидиген ұзын сирағы, тастай керең құлағы… аспалы тор құрады.
Жауабы: Өрмекші
6) Тептім терекке шықтым.
Жауабы: Үзеңгі
7) Көтерейін десем — ауыр кілем, көтермейін десем — тәуір кілем.
Жауабы: Жер шары
8) Тұратын әр үйде жайлы орын сәбиге… тербетеді әрине.
Жауабы: Бесік
9) Аяғы бар — жүрмейді, аузы бар — күлмейді. Айнымайды бөпемнен, тек сөйлеуді білмейді.
Жауабы: Қуыршақ
10) Сөйлесесің әркіммен, естілмейді дыбысың, білінбейді бір ісің.
Жауабы: Көрген түс
11) Алтынмын деп алдайды, алтын бола алмайды.
Жауабы: Жез
12) Емес ол кітап та, дәптер де. Жүреді бірақ портфельде.
Жауабы: Күнделік
13) Таптым-таптым тап жорға, табаны жалпақ боз жорға.
Жауабы: Түйе
14) Аспай піскен, қайнамай түскен.
Жауабы: Жеміс
15) Алаң аяқ, алаң аяқ — жүгірсем жеткізбеді жалаң аяқ.
Жауабы: Көлеңке
16) Жаурағанды күлдірер, өз еркіне жіберсең дүниені бүлдірер.
Жауабы: От
17) Тізіліп тұрған тісі бар, көп тындырған ісі бар.
Жауабы: Орақ
18) Текшелеп тебен арттым тамашаға, тамашам жүгіреді оңаша да.
Жауабы: Кірпік
V. Қорытынды
Тіл туралы түйін
Тіл — ұлтымның тілегі, таңдатпай тағдыр жолдаған.
Тіл — ұлтымның жүрегі, лүпілін Алла қолдаған.
Тіл — Қорқыттың арманы, Асан қайғы өрлеткен,
Тіл — Абай сөз орманы, бұталы тармақ ержеткен.
Тілің тозса — нәр кетер. Өз қолың жетсе өзіңе, тіліңді қорға, қазағым.
Сайыстың қорытынды сөзі тәрбие ісінің орынбасары Анар апайға беріледі. Жеңімпаз топ құттықталады.
Қоштасу сөзі
Ана тілім — бала шағым, өркенім,
Ана тілім — болашағым, ертеңім.
Ана тілім — сайын далам, жер көгім,
Ана тілім — арман ойым, өрнегім.
Ана тілді білмесем, шат-шадыман күлмесем,
Жер бетінде сайраңдап қазақ болып жүрмесем!
Осымен сайысымыз аяқталды. Қатысқандарыңыз үшін рақмет! Жеңісті күндерде жолыққанша!