Елбасы жайлы пікірлер

Сабақтың оқу-әдістемелік жоспары

Ақмола облысы, Бурабай ауданы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Мадиева Айман Кәрібайқызы Қазақстан Республикасы Президенті күніне арналған «Даңқы шыққан дара тұлға» ашық сабағының оқу-әдістемелік жоспарын ұсынады.

Сабақтың тақырыбы

Даңқы шыққан дара тұлға

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Көрнекілігі

  • Техникалық құралдар
  • Оқулық, парақшалар
  • Бейнематериал
  • Тапсырмалар

Сабақтың әдістері

коммуникативтік сөйлесу шығармашылық түсіндіру ойын оқылым тыңдалым айтылым жазылым

Сабақтың эпиграфы

«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман».

Н. Ә. Назарбаев

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік мақсат

Өткен тақырыптарға шолу жасап, жаңа тақырып бойынша жаттығу жұмыстарын орындау; бұрынғы және жаңа білімді байланыстыра отырып, тапсырмалар арқылы бекіту.

2) Дамытушылық мақсат

Тыңдаушылардың сөздік қорын кеңейту; мемлекеттік тілде еркін сөйлесу, сөздерді дұрыс қолдану, сұраққа жауап беру және баяндау дағдыларын дамыту.

3) Тәрбиелік мақсат

Мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылықты арттыру, үйренген білімді өмірде қолдануға ынталандыру; патриоттық сезімді тереңдету және болашаққа сенімді күшейту.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Қатысушыларды тізім бойынша тексеру.
  • Коммуникативтік тренинг: қойылған сұрақтарға белгілі бір әріптен басталатын сөздермен жауап беру.

II. Кіріспе бөлім

Ежелгі қолбасшы Атилла: «Көреген көсем сәттілікті ешқашан арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды» — деп, ел басқарудың ауыр жолын айқындай түседі. Мұны түсініп, жүзеге асыру оңай іс емес.

Бүгінгі сабақ ел басқарудың осы қағидатын терең түсінген, Қазақстан тарихына есімі алтын әріппен жазылған даңқты тұлға — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев туралы.

Тақырыпты ашу тапсырмасы

«Даңқы шыққан дара тұлға — …» тіркесін жалғастыру үшін кроссворд сұрақтарына жауап беріп, қажетті сөзді табыңыз.

  1. 1) Н. Назарбаевтың еңбек жолы қай қалада басталды?
  2. 2) Анасының аты кім?
  3. 3) Сара Назарбаева негізін қалаған балаларға арналған қайырымдылық қоры қалай аталады?
  4. 4) Н. Назарбаевтың туған ауылы қалай аталады?
  5. 5) Балалық шағында отбасы болашақ қайраткерді қалай атаған?
  6. 6) Немересінің атын қойған әжесінің аты кім?

III. Жаңа сөздер

Сөздік

көшбасшы
лидер
leader
атақ, даңқ
слава, известность
fame
дара
особый, индивидуальный
unique
тұлға
личность
personality
көреген
дальновидный
far-sighted
саясаткер
политик
politician
беделді
авторитетный
authoritative
тұрақты
стабильный
stable

Сөздермен жұмыс

Жаңа сөздерді пайдаланып, бірнеше сөз тіркесі немесе сөйлем құрастырыңыз.

Сабақтың тақырыбы атақ пен даңқ ұғымдарымен тығыз байланысты. Біздің басшымызды еліміз ғана емес, әлем де таныды. Көп жағдайда дүниежүзі «Қазақстан» деген сөзді Н. Назарбаев есімімен қатар айтады. Осыны дәлелдеу үшін әлемге танымал тұлғалардың пікірлерімен танысайық.

IV. Тыңдалым

Бейнероликтен Елбасы туралы пікірлер тыңдалады. Тыңдалым бойынша тест тапсырмалары орындалады.

1) Сөйлемді толықтырыңыз: «Қазақстан — …»

  • А) сындарлы мемлекет
  • В) әдемі мемлекет
  • С) болашағы айқын мемлекет
  • Д) көшбасшы мемлекет

2) Бірінші пікірге сәйкес ойды табыңыз

  • А) Н. Назарбаев — қонақжай адам
  • В) «Сындарлы он жыл» кітабын оқығым келеді
  • С) Н. Назарбаев — зерек, табанды, қарапайым адам
  • Д) Қазақстан — тәуелсіз мемлекет

3) Ойды аяқтаңыз: АҚШ конгрессмені Крис Кэннонның айтуынша, Елбасы — …

  • А) алысты болжай алатын көреген саясаткер
  • В) саяси тұрақты адам
  • С) барлығын бақылап отырады
  • Д) тәуелсіз елдің басшысы

4) Үшінші пікір бойынша толық әрі нақты ойды табыңыз

  • А) Қазақстан халқы бірлік пен татулықта өмір сүруде
  • В) Қазақстан — толеранттықтың эталоны
  • С) Қазақстанның үлкен жетістіктерге жетуіне Елбасы көп еңбек сіңірді
  • Д) Қазақстан — ел мен Елбасының қажыр-қайратының, бірлік пен толеранттықтың арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізген мемлекет

V. Оқылым: әлем көшбасшыларының пікірі

«Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы — Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды».
Абдулла Гүл, Түрік Республикасының Президенті
«Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді. Ұлтаралық және діни төзімділікті ілгерілету жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын».
Барак Обама, АҚШ Президенті
«Қазақстан халқы өзінің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік құрылыста қол жеткізген табыстарын орынды мақтан ете алады. Республиканың халықаралық беделі жылдан-жылға артып келеді».
Владимир Путин, Ресей Президенті
«Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру бастамаңыз туралы зор ризашылықпен айта аламын».
Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы

Ой шоғырландыру

Әр пікір бойынша қорытынды сөз шығарып, сөйлемді толықтырыңыз. Таңдалған сөздер «қандай?» сұрағына жауап беруі керек.

Қазақстан — __________, __________, __________, __________ мемлекет.

VI. Өмірбаяны туралы мәлімет

Елбасының жан-жақтылығын айқындай түсу үшін өмірбаянына шолу жасалады (өмірбаян туралы бейнеролик).

VII. Өткен тақырыптарды еске түсіру

Тамашаланған бейнероликті негізге алып, бұрынғы лексикалық тақырыптарды еске түсіру үшін төмендегі шағын мәтінмен жұмыс жүргізіледі.

Мәтін

Тапсырма: мәтінді тізбектей оқыңыз.

Мемлекеттік жоғары лауазымдағы қызмет бос уақыт қалдыра бермейді. Алайда жұмыс арасындағы сирек үзілістерді Нұрсұлтан Назарбаев өзі үшін әрі демалыс, әрі көңіл сергіту саналатын сүйікті істеріне арнауға тырысады. Ол — табиғат аясында болу, спортпен шұғылдану, музыка тыңдау және кітап оқу.

Спортпен айналысу немесе үздіксіз оқу адамды кейде едәуір күш пен бар зейінін жұмсауға мәжбүр етсе де, біз оларды да әуестік пен демалыс айдарына қосамыз. Әлдебір ойшыл айтқандай: «Толыққанды тұлға үшін демалыс — өзі айналысатын істің түрін өзгерту ғана».

Сұрақ

Мәтін өткен тақырыптардың қайсысын еске түсіреді?

Әуесқойлық

Сұрақ

Осы тақырыпқа байланысты қандай сөздерді атай аласыз?

шұғылдану айналысу әуестік

Сергіту сәті: «Түсін мені» ойыны

Шарты: қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әр топтан бір адам ортаға шығып, берілген сөзді қимылмен көрсетеді. Кезекпен ойнайды (әр топтан 3 адамға дейін). Сөзді таба алмаған топ жеңіледі.

даяшы көйлек жапсырма дәрігер ащы тамақ ғаламтор

VIII. Елбасының қанатты сөздерімен жұмыс

«Біздің Елбасымыз қандай адам? Оны атақты адам деп айта аламыз ба?» Әрбір танымал тұлғаның артында қалатын рухани мұрасының бірі — нақыл сөздер. Төменде Елбасының қанатты сөздері ұсынылады: оқып, талдап көрейік.

  1. 1) Өзіне-өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды.

  2. 2) Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман.

  3. 3) Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты.

  4. 4) Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады.

  5. 5) Кез келген ел өз келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады.

  6. 6) Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін.

  7. 7) Еңсесін енді көтеріп келе жатқан еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны бөлек.

  8. 8) Ту, Әнұран және Елтаңба сияқты, мемлекеттік тіл де — біздің символымыз. Осындай символдардан Отан басталады!

  9. 9) Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да кейінге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі.

  10. 10) Біз басқа ел болдық, жаңа жұрт болдық! Бұрынғы заман жоқ! Сана жаңаратын уақыт баяғыда туды!

  11. 11) Ең асыл қазына — бірлік.

  12. 12) Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде.

  13. 13) Өзіне-өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды.

  14. 14) Мемлекеттік қызметтің негізгі принциптерінің бірі — патриотизм. Мемлекеттік тілді білмей, патриотизм туралы сөз қозғау қиын.

Тапсырмалар: сызбаны толтырыңыз

1) Мемлекеттік тіл туралы ойларды табыңыз

  • «Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты»
  • «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін»
  • «Ту, Әнұран және Елтаңба сияқты, мемлекеттік тіл де — біздің символымыз…»
  • «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде»
  • «Мемлекеттік тілді білмей, патриотизм туралы сөз қозғау қиын»

Осы ойларға сүйене отырып, мемлекеттік тілді үйренудің маңызы туралы пікір білдіріңіз.

2) Бірлік туралы нақыл сөздер

Сәйкес нөмірлер: 3, 11

3) Қазіргі заман, заман талабы туралы

Сәйкес нөмірлер: 2, 10

4) Болашақ, ұрпақ туралы ойлар

Сәйкес нөмірлер: 1, 4, 5, 7, 9, 13

IX. Қорытынды

Байқағанымыздай, қанатты сөздердің басым бөлігі болашақ тақырыбына арналды. Болашақ — бәрімізді толғандыратын ортақ ұғым. Ешбір адам тек бүгінгі күнмен шектеліп өмір сүрмейді: кем дегенде бір жылдық жоспарын құрып, арманын алға жетелейді. Арманға көлеңке түскенін ешкім қаламайды.

Сабақ соңында Елбасының мына сөзін тағы бір мәрте еске түсірейік:

«Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады».

Еліміз — өсетін ел. Болашағымыз зор. Сондықтан арманшыл жастардың жарқын өмірін көреміз деген сенімді нығайтып, келешекке нық қадам басайық. Халық даналығы да осыған үндейді: «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең». Арманымыз көбейе берсін, қанатымыз қайырылмасын. Арманның басты кейіпкері — біздің балаларымыз, келешек ұрпақ. Ендеше болашағымыз жарқын болсын.

Сабақ «Армансыз күнім болмайды» әні және «Менің Қазақстаным» бейнеролигімен аяқталады.

Сабақ аяқталды. Назарларыңызға рақмет!