Үйшіктің іші қандай әдемі
Ертеңгілік сценарийі
«Қош, сүйікті бақшамыз!» — балабақшамен қоштасу мерекесіне арналған әсерлі ертеңгілік. Балалар музыка ырғағымен залға кіреді.
Жүргізушінің құттықтауы
Келе берсін нұрланып көктен,
Күн күлімдеп шуағын төккен.
Балалардың қоштасу тойы —
Біз талайдан толғанып күткен.
Демекші, қадірлі ата-аналар, балабақша қызметкерлері, сүйікті балалар! Бүгін сіздерді балғын бүлдіршіндеріміздің балабақшамен қоштасу мерекесімен құттықтаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ашық аспан тілейміз. «Қош, сүйікті бақшамыз!» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз!
Ертегі желісі
Баланың балалығы ертегіден басталады. Ендеше, мына бір тамаша ертегіге көз жүгіртіп, құлақ асып тыңдайық.
Автор
Жасыл орманның шетінде күнге бетін беріп, ойып жасалған үйшік тұр. Оны кім салғаны қазір ешкімнің есінде жоқ. Бірде қасынан тышқан өтіп бара жатып:
Тышқан
Қандай әдемі үйшік!
Әй, мұнда кім тұрады?
Ешкім жауап бермеді. Тышқан ішіне кіріп, жан-жағына қарады:
Үйшіктің іші қандай әдемі! Енді мен осында тұрамын. Мұнда тұруға өнерім жетеді.
Автор
Сөйтіп, тышқан үйшікте тұрып жатты. Бір күні қасынан бақа өтіп бара жатты:
Бақа
Ой, қандай әдемі үйшік!
Үйшікте кім тұрады?
Тышқан
Мен шиқылдауық тышқанмын. Ал сен кімсің?
Бақа
Мен бақылдауық бақамын. Сенімен бірге тұруыма бола ма?
Тышқан
Бақа, сенің қандай өнерің бар?
Бақа
Менің сиқырлы дүрбім бар. Осы дүрбімен қарасаң, мектепке баратын балалардың өнерін көре аласың.
Тышқан
Кәне, көрсетші!
Оқу-танымдық тапсырма
Жүргізуші
Балалар, кім маған тақтаға «Отан», «мектеп», «бала» сөздерін жазып береді? Осы сөздердің әрқайсысы неше буыннан тұрады?
Жарайсыңдар, балалар!
Өнер бөлімі
Би
«Ата толғауы»
Ән
«Біріншіге барамын»
Балалардың тақпақтары
1-бала
Балабақша — бесігім,
Тағы бір той жасайық!
Ашып мектеп есігін,
Өзіңмен қоштасайық!
2-бала
Талай қызық той өткіздік,
Бірақ орны бөлекше.
Бақшамызбен қоштасатын,
Бүгінгі той ерекше.
3-бала
Өтті қызық көп күндер,
Жеті жасқа жеттіңдер.
Барасыңдар мектепке,
Бір белестен өттіңдер.
Өсті ақыл-ойларың,
Өсті, міне, бойларың.
Қуанышқа ортақпыз,
Құтты болсын тойларың!
4-бала
Жеті жасқа толамыз,
Әдепті бала боламыз.
Қуантып ата-ананы,
Мектепке кетіп барамыз.
Сезімді туған баламыз,
Оянды ақыл-санамыз.
Адамдықтың бастауын,
Өзіңнен алып барамыз.