Білімге шақырып келді күз, Мектепке көңілді оралдық

Салтанатты жиынның ашылуы

1-жүргізуші: Сап түзеп, тік тұрыңыздар! Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілсін!

(Ту көтеріледі, Әнұран орындалады.)

2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Қадірлі ата-аналар! Арнайы келіп отырған қонақтар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен және Білім күнімен құттықтаймыз!

Білім есігін алғаш ашатын жас бүлдіршіндер, алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын!

Білімнің үні және рухани сабақтастық

1-жүргізуші: Дархан даламызға білім нұрын таратқан Ыбырай Алтынсариннің қоңырауы бүгінде жүздеген, мыңдаған қоңырауға қосылып, кәусар бұлақтай сыңғырлайды.

2015 жыл: маңызды белестер

Мерейтойлар

  • Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы
  • Қазақ хандығының 550 жылдығы
  • Ұлы Жеңістің 70 жылдығы
  • Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы

Ортақ құндылық

2-жүргізуші: Ассамблеяның басты міндеті — еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту. Қиын кезеңдерде қазақ халқы құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Қазақстан — біртұтас халық, біртұтас болашақ. Сондықтан біз бір халықпыз, бір елміз, бір тағдырмыз.

Конституция — мемлекеттіліктің берік тірегі

1-жүргізуші: Биыл — Конституциямыздың 20 жылдығы. Конституция — қазіргі заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің негізгі саяси-құқықтық құжаты.

2-жүргізуші: 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы — конституциялық қағидаларды бір арнаға тоғыстырған Ата Заң. Ол кіріспеден және 9 бөлімнен (98 бап) тұрады.

Конституция — саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі.

1-жүргізуші: Барша қазақстандықтарды 30 тамыздағы атаулы мерекемен — Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, ұзақ өмір, таусылмас бақыт, бейбітшілік, ашық аспан, отбасыларыңызға татулық, еңбектеріңізге береке тілейміз. Әрдайым құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңіз қорғала берсін!

Мерекелік жыр жолдары

2-жүргізуші
Ерекше бүгінгі күн — салтанат сән,
Тербетер әр жүректі бір әсем ән.
Құлпырып шәкірттер тұр, мектеп — ұстаз,
Сағынып, жыл құсындай қайта оралған.
1-жүргізуші
Мереке — зор қуаныш, Білім күні,
Сыңғырла, қоңыраудың алғашқы үні.
Қош келдің, құтты болсын қадамдарың,
Балдырған, балғын жандар — өмір гүлі.

2-жүргізуші: Бүгінгі сағынышпен күткен мерекелеріңіз құтты болсын! «Армысың, алтын ұя — мектебім!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз.

1-жүргізуші: Шарықтасын шат көңілдің алауы, шат жүрекке ақ тілектер қонады. Дархан көңілді, қонақжай халықпыз — әрдайым төріміз қонаққа дайын!

Қонақтармен таныстыру

1-жүргізуші: Салтанатты жиынға келген қонақтарымызбен танысыңыздар:

  1. ____________________________
  2. ____________________________
  3. ____________________________
  4. ____________________________

Алғашқы ұстаз және шәкірттер

2-жүргізуші: Сусындатқан нәріменен білімнің, үлгі тұтам ұстаздардың ілімін. Ұлағатты ұстаздар қашан да оқушының білімін көтереді. Осы орайда 1-сынып жетекшісі Бибігүл Ғизатқызын шәкірттерімен бірге ортаға шақырамыз.

Амантаева Дарина

Бақыткереева Саяжан

Сағадатова Айым

Сламғали Еркеғали

Төлегенов Тамерлан

Жаулыбай Әлихан

(Оқушылар әуен ырғағымен гүл шоқтарын ұсынады.)

Құттықтау сөздер және өнер көрсетілімдері

2-жүргізуші: Дәм жазса жақсылыққа кез келерміз, күн сайын өркендерміз, өсерміз. Бүгінгі салтанатты жиында құрметпен сөз береміз.

Алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Нұрғалиев Кәдіржан Нұрбаулыұлына және оқу ісінің орынбасары Қорғамбекова Ардақ Рамазанқызына беріледі.

1-жүргізуші: Биіктерде, төрлерде шалқи берсін туымыз! Арналады сіздерге әніміз бен сәніміз.

(2-сынып оқушысы Сламғали Толғанай және 8-сынып оқушысы Ізбасқанова Айдананың орындауында «Ұстазым» әні.)

2-жүргізуші: Бүгін мектебіміздің табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндеріміздің өнерін тамашалайық.

(1-сынып оқушыларының тақпақтары.)

Бірінші сынып оқушыларының тақпақтары

1-оқушы (Әлихан)
Абзал жандар, биік тұлға, байсалды,
Құшақ жая төл мерекең қарсы алды.
Қуанышпен жарқын тілек білдіріп,
Құттықтайды бірінші сынып баршаңды.
2-оқушы (Айым)
Білім үшін оқу іздеп келгендер,
Қанат қағып әр қияға өрлеңдер.
Білім алу — ең бірінші парызың,
Оқу үшін аянбай бір терлеңдер.
Кел, балалар, оқылық!
3-оқушы (Еркеғали)
Мен тәртіпті баламын,
Түгел қағаз-қаламым.
Бір күн қалмай сабақтан,
Кілең бестік аламын.

Кіп-кішкентай болсам да,
Келдім саған, мектебім.
Жетіге енді толсам да,
Жетілемін, мектебім.
4-оқушы (Тамерлан)
Мен намысшыл баламын,
Тек үлгілі боламын.
Білім іздеп жалықпай,
Кең дүниені шаламын.
Еркелікті қоямын,
Үлкен жігіт боламын.
Көп оқимын кітапты,
Мен білімді боламын.
5-оқушы (Дарина)
Алдыңа кеп, ұстазым,
Тұңғыш қалам ұстадым.
Күлімдеген көзіңнен
Мейірімің сезілді.
6-оқушы (Саяжан)
Аралап көрікті жерлерді,
Жаз бойы тынығып демалдық.
Білімге шақырып келді күз,
Мектепке көңілді оралдық.

Бірінші қыркүйек күнімен,
Аңқыған жұпары гүліммен.
Келіп ем, қарсы алды мектебім,
Сүйікті қоңырау үнімен.

(5-сынып оқушыларының биі.)

Жас мамандардың ант беруі

1-жүргізуші: 2015–2016 оқу жылына жолдама алған жас мамандарымызды ант қабылдауға шақырамыз.

Ант мәтіні

Біз, педагог мамандарды даярлайтын оқу орнының түлектеріміз, 2015 жылдың ең жауапты жолдамасын алып, осы ауылға, осы жерге мемлекеттік бағдарламаға сай міндеттерді орындауға келдік.

Негізгі мақсатымыз — жас ұрпаққа заманға сай тәлім-тәрбие беру, оқушы бойында бәсекеге қабілетті білімнің берік негізін қалыптастыру.

Туған Республикамыз, сүйікті Отанымыз Қазақстанның әлемдік деңгейде алдыңғы қатарлы болуы үшін сапалы білім беруге күш саламыз.

Тәуелсіз еліме, киелі жеріме адал қызмет етуге ант беремін!

2-жүргізуші: Жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар көрсетіп, ақ батасын беру рәсімі мектептің ардагер ұстазы Нұрышева Клара апайға беріледі.

(Тілек хат табыстау.)

(«Ата заңым» — Нұрасылдың орындауында.)

Ата-аналарға сөз

1-жүргізуші: Бүгінгі қуанышты күн — тек оқушылар мен ұстаздар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де мереке. Қолдарынан жетектеп әкелген кішкентай балапандардың қадамына ақ жол тілей отырып, сөз кезегін ата-аналарға береміз.

(Ата-аналар құттықтау сөз сөйлейді.)

(Сламғали Толғанайдың орындауында «Оқуда озат боламын» әні.)

Алғашқы қоңырау

2-жүргізуші: Қоңыраудың сыңғырлы үні — жүрегімнің соғысы. Қоңыраудың сыңғыры — тағдырлардың тоғысы.

Алғашқы қоңырау соғу салтанаты 1-сыныпқа қабылданған жас бүлдіршіндер Жаулыбай Әлихан мен Сағадатова Айымға тапсырылады.

Жиынның жабылуы

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде әкету рәсіміне орнымыздан тұрып, құрмет көрсетейік!

2-жүргізуші: Оқушылар, сендерге артылар міндет көп. Мектептің атын құрметтеп, білімнің көзін тереңнен аша білсеңдер, бұл мектеп сендерді армандарыңа жетелейді.

Білім күніне арналған мерекелік шарамызды жабық деп жариялаймыз!