Құрметті балалар
Сабақ туралы мәлімет
Білім беру ұйымы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққұм бекеті, №221 Аққұм негізгі білім беретін мектебі
Пән / сынып
Өзін-өзі тану, 7-сынып
Педагог-психолог
Сейітова Гүлзада Пернебековна
Тақырып
Тамырын жайып тереңге (слайдпен)
Құндылық
- Адамгершілік
- Отбасы татулығы
Қасиеттер
- Сүйіспеншілік
- Құрмет
- Қайырымдылық
- Сыйластық
Мақсаты
Оқушыларға отбасы құндылықтары, ата-баба дәстүрі және ұрпақтар сабақтастығы туралы түсіндіру.
Міндеттері
- Отбасы құндылығы, отбасы бақыты және ұрпақтар сабақтастығы туралы білім қалыптастыру.
- Өз үйі мен отбасына деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыру.
- Өз үйі мен отбасын құрметтеуге, бағалай білуге, сыйластыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Сабақтың барысы
Тыныштық сәті
Сабақ басталарда оқушылардың назарын ішкі тыныштыққа аударып, ойды жинақтау ұсынылады.
«Тілек шамы» ойыны
Мақсаты — отбасы туралы ой-пікірлерді ортаға салу және жылы тілектер арқылы ортада сенім мен жақындық орнату.
Құрметті балалар, бүгін біз жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың әртүрлі қырларын танып, жан-жақты талқылаймыз. Отбасы — ұшқан ұя, жылылық пен мейірімнің мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілсек, «от» ұғымының да ерекше маңызы барын байқаймыз. Ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге ізгі тілек айтып орындайық: шамды кезекпен ұсынып, жүрекжарды тілектерімізді арнайық.
Топқа бөлу
«Шашылған сөздер» ойыны арқылы оқушылар үш топқа бөлінеді. Топ атаулары:
- Сүйіспеншілік
- Татулық
- Сыйластық
Үй тапсырмасын тексеру
Мәтін: «Боз орамал» (П. Джон)
Тапсырма: әңгімені оқып, негізгі идеясын анықтап келу.
Талқылау сұрақтары
- 1.Әңгімені оқығанда қандай сезімде болдыңдар?
- 2.Жасөспірімдердің ата-анасынан алыстап кетуінің себебін қалай түсіндірер едіңдер?
- 3.Кейіпкердің сағынышының себебі неде?
- 4.Ата-ананың баласына деген сезімін қалай сипаттап берер едіңдер?
Топтық жұмыс: постер қорғау
Әр топ постер дайындап, қорғайды. Бағалау алдын ала белгіленген критерийлер арқылы жүргізіледі.
1-топ
«Отбасы дегеніміз не?»
2-топ
«Отбасындағы құндылықтар дегеніміз не?»
3-топ
«Отбасы жарастығы дегеніміз не?»
Шығармашылық тапсырма: жұптық жұмыс
Берілген мақал-мәтелдерге сүйеніп, шағын әңгіме құрастыру. Жұмысты «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісімен бағалау.
1) Ата — асқар тау, Ана — бауырындағы бұлақ, Бала — жағасындағы құрақ.
2) Ата — бәйтерек, Бала — жапырақ.
3) Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың.
4) Қазақ «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу — ата дәстүріміз.
5) Адамға өмірде ең қымбаты — отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық болғанда бірлік болады.
6) Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік. (Абай)
Жеке жұмыс: түйіндеме
«Өлеңді жалғастыр» тапсырмасы:
Отбасы: ... сезінуге үйретеді;
... жетелейді;
... алуға көмектеседі;
... құрметтеуге, ... болуға тәрбиелейді.
Мұғалім сыйы
«Баланың ата-ананың алдындағы міндеті» тақырыбы бойынша аудиожазбаны тыңдау.
Дәйексөз
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» — халық мақалы. Оқушылар өз пайымдауларын айтып, отбасы тәрбиенің алғашқы баспалдағы екенін түсінеді.
Жаңа ақпарат
Құран Кәрімнен
Алла тағала былай дейді: «Раббың Өзiне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуіне де жандарыңда кәрілік жетсе: “Туһ” деме (кейіс білдірме), сыпайы сөйле». (Исра сүресі, 23-аят)
Хадистерден
- «Ата-анаға жақсылық жасаңдар, сонда балаларың да сендерге жақсылық жасап, бағынсын».
- «Жәннаттың хош иісі 500 жылдық жерге дейін тарайды. Ата-анасына бойұсынбаған, туыстық қатынасты үзгендер оның иісін де сезбейді».
Бағалау және мадақтау
Оқушылардың белсенділігін байқап, ынталандыру және топ ішінен көшбасшыны анықтау мақсатында төмендегі аталымдармен марапаттау ұсынылады:
Үйге тапсырма
Мәтін: «Ана махаббаты» (Р. Ақдемір)
Тапсырма: мәтінді оқып, түйінді сәттерін сызба, кесте немесе тізім түрінде дайындап келу.
Соңғы тыныштық сәті
Еркін Нұржанның «Ана қадірі» өлеңін аудиожазбадан тыңдау.