Динаның күйлері

Сынып: 6 Сабақ түрі: Жаңа сабақ Технология: Дамыта оқыту

Сабақ мазмұны топтық жұмысқа негізделіп, Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісованың образдарын талдау арқылы оқушылардың отансүйгіштік сезімін, өнер адамын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

Топтық жұмыс арқылы образдарды талдатып, әр образдың ерекшелігін ашу; оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Білімділік

  • Жамбыл мен Динаның өмірі туралы әңгімелеу.
  • Эстетикалық қызығушылықты арттыру.
  • Сөздік қорды молайту, дүниетанымды кеңейту.

Дамытушылық және тәрбиелік

  • Күй тыңдату арқылы есте сақтау, қиялдау, ойлау қабілеттерін дамыту.
  • Өнер адамын құрметтеуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер

Әдістер

Психологиялық тренинг, ой қозғау, қызығушылықты ояту, сергіту, музыка тыңдау, «Кім жылдам?» дидактикалық ойыны.

Көрнекіліктер

Күйшінің портреті, интерактивті тақта, домбыра.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру. Психологиялық тренинг

Армысың, шапағатты күніміз,
Армысың, мейірімді жеріміз.
Жүрегіміз саз әуенді қалаған,
Асыл өнер жанашыры біздерміз!

Жаңа сабаққа кіріспе

  • Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін тыңдату.
  • «Бұлбұл» күйі арқылы ноталық сауаттылыққа назар аударту.

Бүгінгі тақырып

«Халқы ардақтаған екі алып – Жамбыл мен Дина».

Қызығушылықты ояту (сұрақтар)

Күй өнері туралы

  • Күйші деген кім?
  • Кімнің суретін көріп тұрсыңдар?
  • Неліктен Динаны «Күй анасы» деп атаймыз?
  • Дина Нұрпейісова атындағы оркестр қай қалада?
  • Қандай күйлерін білесіңдер?

Жыр өнері туралы

  • Жамбыл Жабаев кім?
  • Қандай өлеңдерін білесіңдер?

Топтастыру (негізгі ұғымдар)

Дина

Ана Ардақты әже Күй анасы

Жамбыл

Ақын Айтыскер

Екі тұлға: өмірі мен мұрасы

Жамбыл Жабаев

1846–1945

Интерактивті тақтамен жұмыс

Жамбыл Жабаев 1846 жылдың ақпан айында қазіргі Жамбыл облысында, Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Әкесі Жапа кедей шаруа болған. Жамбыл жоқшылық жағдайда өседі.

Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Сол кезеңдегі оқу көбіне діни насихатпен қатар қаталдыққа, жазалауға негізделген еді. Жамбыл мұндай қорлыққа төзбей, оқуды тастап кетеді.

Жаратылысынан зерек, пысық бала жастайынан ән мен өлеңге құмар болып, естіген жырларын жаттап өседі. Қазақтың ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен көп үйреніп, өлең шығару және айтыс өнерін шыңдайды.

Сүйінбай Аронұлының өсиеті

«Балам, өз өлеңіңді шығар. Бірақ ол жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын. Өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеретін ғана емес, бүкіл халық сүйіп тыңдайтын жыр болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлесін. Шындықты айт, әділдікті жырла...»

Жамбыл айтыста Сарбас, Досмағамбет, Құлмамбет сияқты ақындарды жеңіп, табанда уытты, мысқыл аралас сөз саптауға машықтанған. Оның жырларынан өз дәуірінің шындығы, халықтық үн анық танылады.

1946 жылы Жамбылдың туғанына 100 жыл толуы республика көлемінде үлкен мереке ретінде аталып өтті. Шығармаларының академиялық жинағы жарық көріп, еңбектері бірнеше рет орыс тіліне аударылып басылды. Ақынның үйі мұражайға айналып, көпшілік оның өмірі мен мұрасымен танысатын рухани орынға айналды.

Дина Нұрпейісова

1861–1955

Күй өнерінің тұлғасы

Дина Нұрпейісова Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы өңірінде дүниеге келген. Тоғыз жасында-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Баламайсан сияқты күйшілердің шығармаларын нақышына келтіріп орындап, «Домбырашы қыз» атанады.

Әйгілі Құрманғазы Динаны арнайы іздеп келіп, батасын берген. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасына дейін, ұзатылғанға дейін Құрманғазының тәлімін көреді. Кейін 90 жасында да Құрманғазы күйлерін шабытпен орындап, тыңдарманды тәнті еткен.

1937 жылы 75 жасында Дина Алматыға алғаш рет келіп, өнерімен бүкіл республика жұртшылығын тәнті етеді. Сол сапарында халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық байқауында бірінші орын алады. 1944 жылы 83 жасында Орта Азия республикалары қатысқан өнер жарысында да жеңімпаз атанады.

Шығармашылығы туралы дерек

Дина туралы С. Бақбергенов «Қайран шешем» (1963) атты роман жазған.

Дина — қазақтың күйшілік өнеріне өшпес із қалдырған біртуар дарын. Оның өнер бастауы Дәулеткерей мен Құрманғазы дәстүрімен сабақтасып, сол екі мектептің өршіл рухы Динаның өзіндік қолтаңбасын айқындаған.

Динаның күйлері

«Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Бозшолақ», «Бұлбұл», «Домалатпай», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Қосалқа», «Тойбастар», «Шынар» және т.б.

Музыка тыңдау және талдау

Сергіту сәті

Даңғыраны ұр қатты,
Дәл қайтала ырғақты.
Дүрсілдетіп даланы,
Поезд кетіп барады,
Ду-ду-ду.

«Бұлбұл» күйін тыңдату (дәптермен жұмыс)

Енді Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйінің шығу тарихына тоқталып, шығарманы тыңдап көрейік.

  • Күйдің тақырыбы не туралы?
  • Құрманғазы күйлерінен қандай ерекшелігі бар?
  • Қандай аспапта орындалады?
  • Екпіні қандай?

Бекіту: «Кім жылдам?» ойыны

Шарты

Тақтада жазылған жылдарға үстел үстінен дұрыс жауаптарды тауып, жанына жылдам орналастыру.

Дина Нұрпейісова

  • Өмір сүрген жылдары 1861–1955
  • Алматыға алғаш келген жылы 1937
  • Орта Азия өнерпаздары сайысына қатысқан жылы 1944
  • С. Бақбергенов романы шыққан жыл 1963

Жамбыл Жабаев

  • Өмір сүрген жылдары 1846–1945

Ойын барысында оқушылар қате нұсқалардан («1861–1953», «1833», «1948», «1960», «1844–1940») дұрыс жауаптарды ажыратады.

Үй тапсырмасы, қорытынды, бағалау

Үй тапсырмасы

  • Тақырыпты оқып келу.
  • Жамбыл мен Дина туралы қосымша мәлімет жинау.

Қорытынды

Сабақта қазақ өнерінің қос алыбы — Жамбылдың жыршылық-айтыскерлік мұрасы мен Динаның күйшілік дәстүрі салыстырылып, олардың халық жүрегіндегі орны айқындалды.

Бағалау

Топтық жұмысқа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі, тыңдалған күйді талдауы және ойын тапсырмаларын орындау жылдамдығы ескеріледі.