Психологиялық минут
Отбасы құндылығы
Бұл материал тренинг-сабақ үлгісі ретінде отбасының адам өміріндегі орны, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, тәрбиенің мәні және ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеу тақырыптарын қамтиды.
Мақсаты
Білімділік
Отбасы құндылығы туралы түсінікті кеңейту, отбасы ұғымын тереңдету және оны қадірлеуге баулу.
Дамытушылық
Ата-ана мен бала арасындағы өзара байланыс пен қарым-қатынасты нығайту; отбасының өмірдің ұйытқысы екені, оның киелі мәні және отбасы тәлімінің маңызы туралы түсінікті тереңдету.
Тәрбиелік
Отбасы тәрбиесінің мән-маңызын ашу, ұлттық салт-дәстүрді түсініп, құрметтеуге үйрету және болашақ өмірге даярлау.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылар мен ата-аналармен амандасып, тренинг-сабаққа келгендеріне алғыс білдіріледі. Қатысушылар үш түрлі стикер арқылы топтарға бөлінеді.
2) «Жылы сөз» жаттығуы
Сын есімнің не екенін және қандай сұрақтарға жауап беретінін еске түсіреміз. Әр қатысушы өз есіміне сын есім қосып, өз бойындағы үш жақсы қасиетті кезекпен атайды.
3) Психологиялық минут
«Бүгінгі сабаққа қандай көңіл күймен келдіңіз?» деген сұраққа табиғаттағы ауа райын сипаттау арқылы жауап береміз. Егер көңіл күйіміз жақсы болса, бір-бірімізге жылы жымиып қараймыз.
4) Ой жинақтау: «Отбасы дегеніміз не?»
Отбасының іргетасы — ер мен әйелдің заңды некеге тұрып, шаңырақ көтеруі. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі — бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы зор.
Отбасы құру — тек ұрпақ әкелу ғана емес. Бұл — жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-баба салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Баланы қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру — ата-ананың ең маңызды міндеті.
Негізгі ой:
Отбасы — тәрбиенің бастауы, ал тәрбие — болашақтың кепілі.
5) Мақал-мәтелдер арқылы ойды бекіту
- Бала тәрбиесі бесіктен.
- Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік.
- Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.
- Бала — көңілдің гүлі, көздің нұры.
- Құс балапаны үшін тозаққа түседі, адам баласы үшін азапқа түседі.
- Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
- Атадан жақсы ұл туса — елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса — елінің малын жейді.
- Жақсы әке — жаман балаға қырық жылдық ризық.
- Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін.
- Әкесін сыйламаған кісіні баласы сыйламайды.
- Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
- Ағайын — алтау, ана — біреу.
- Ағайынның алтын сарайынан ананың жыртық лашығы артық.
- Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызынан құтыла алмайсың.
6) Ойшыл сөзі: тәртіп пен білімнің құны
Түркі ойшылы Жүсіп Баласағұн бала тәрбиесі мен білімнің маңызын ерекше атап өтеді:
Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан ұядан —
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы, жаман болса — бала солардан.
7) Тәрбиелік әңгіме: «Қымбат машина»
Бірде әкесі Аманға жаңа ойыншық сатып әкеліп: «Сындырма, қымбатқа сатып алдым» — дейді. Ойыншық — қара бояуы жалтылдаған әдемі машина еді.
Келесі күні Аман жаңа ойыншығын құшақтап аулаға шықты. Сыртта оны Рахат, Қанат, Мұса қоршап алды. Аман мақтанып: «Қараңдаршы, папам әперді» — деді. Достары: «Көрейікші», «Бере тұршы, жүре ме екен?», «Ойнайық» деп өтінді.
Аман ойыншығын бермеді. Біраздан соң балалар өз беттерімен ойнап кетті. Аман машинаны үйге әкеліп, төсегінің астына қойды да қайта сыртқа шықты. Балалар арық қазып ойнап жүр екен. Аман қызығып: «Мен де ойнайыншы» — деді. Бірақ олар үндемей, ойындарын жалғастыра берді.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Әңгімеден қандай ой түйдіңіз?
- Қателік кімнен кетті деп ойлайсыз?
- Аман кінәлі ме? Неліктен?
- Аманның әкесінің орнында болсаңыз, қандай кеңес берер едіңіз?
8) Пікір алмасу тақырыптары
Отбасы — тәрбие бастауы
Тәрбиенің алғашқы мектебі ретінде отбасының рөлі.
Салт-дәстүр сабақтастығы
Сіздің отбасыңызда қандай дәстүрлер сақталған?
Ұят — адамды бағалайтын сезім
Ізеттілік пен жауапкершілік туралы ой.
Ұл — ұлт болашағы
Ұл тәрбиесі және отбасындағы ер адамның орны.
«Шешесін көріп — қызын ал…»
Отбасылық үлгінің әсері, көрген тәрбие.
Оқу мәдениеті
Отбасындағы кітап, газет-журнал оқу. Білімді сатып алуға бола ма?
Қорытынды
Барлық өнеге отбасынан басталады. Балаларымыздың бойына сіңген ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатігездікке, адалдық арамдыққа ауыспасын. Осы құндылықтарды сақтап, нығайту — ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік әрі қасиетті міндет.